Балаларымды Ардақтың мектебіне бердім, — деп өзге ауыл тұрғынының сөзі үшін, мектеп директорымен арнайы танысты

Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданының тумасы Қырықбай Ардақ Мұқаметжанқызы бала кезінен ұстаз болуды армандайды. М.Горький атындағы орыс орта мектебін алтын медальға бітіріп, 1976 жылы Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтының тарих факультетіне түседі, оны қызыл дипломмен аяқтайды.

1981 жылы Алматы облысы, Шелек ауылындағы С.М.Киров атындағы мектепте еңбек жолын тарих пәнінің мұғалімі болып бастайды. Келесі оқу жылында Абай атындағы орта мектепте директорының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі, кейіннен Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің мектеп директоры, ал 2004 жылы Төле Кенжебаев атындағы орта мектептің директоры болып тағайындалды. Алғашқы күннен бастап өзі басқарып отырған мектепті аудан көлеміндегі үздік білім ошақтарының қатарына қосу жолында аянбай еңбек етті. Білім сапасын арттыру жолдарын тәжірибеден өткізе келе оңтайлысын айналымға енгізіп, біліктілігін, іскерлігін таныта білді.
Бірде Алматыдан Шелекке жолаушылар таситын таксилердің біріне отырғаным бар. Жүргізуші «Винсовхоз» аталатын ауыл тұрғыны екен. Адамға үйірсек, әр нәрседен хабары бар жігіт жастардың білім алуы, мамандық таңдау, ұстаз біліктілігі жайлы сөз өрбітті.
— Балаларымды өз ауылымдағы емес, Шелектегі Төле Кенжебаев атындағы мектепке бердім, — деді сөз арасында.
— Неге? — дедім таңданып.
— Аталмыш мектеп директоры Ардақ Мұқаметжанқызы бақылау тізгінін бір сәтке босаңсытпайтын білікті басшы, іскер маман, Ұстаздардың ұстазы дегеніміз дұрыс шығар. Бұлай дейтінім ата-аналар жиналысына үзбей қатысып тұрамын. Директордың талап қойғыштығын, талабын орындата да білетіндігін оқушыларының үлгерімінен-ақ байқау қиын емес. Оның үстіне, қарындасым осы мектепте мұғалім. Қоян-қолтық араласатын таныстар да, туыстар да бар. Бәрі Ардақ Мұқаметжанқызына дән риза. Қарындасымның айтуынша, директордың жас мұғалімдерге қамқорлығы ерекше. Сабақтарына жиі қатысып, жетістігін де, кемшілігін де атап көрсетіп талдау жасаудан жалыққан емес. «Келесі сабағыңда бұл кемшіліктерді болдырмауың керек», — деп арнайы тапсырма беріп, келесі сабағына міндетті түрде қатысады екен. «Басшы дұрыс талап қоя білгендіктен ұстаздар қауымында білімді де білікті мұғалімдер баршылық», — дейді ата-аналар. Айтса айтқандай-ақ, Ардақ Мұқаметжанқызы жас жеткіншектердің терең білім алып, азамат боп қалыптасуы жолында тер төгіп жүрген халық сеніміне ие болған ұстаз — басшы.
«Мұғалім — өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда, оның мұғалімдігі де жойылады», — деп педагогтардың бірі өте дұрыс айтқан. Партада отырған қаракөздердің білімді қалай меңгеруі ұстаздардың қолында. «Балаларға терең білім беру үшін мұғалімнің өзі терең білімді болу керек» (К.Д.Ушинский). Мұғалім күнделікті білімін толықтырып отырмайынша қазіргі заман талабына жауап беру мүмкін емес.
«Мінезге бай, білімге құштар, ұяты, жауапкершілігі жоғары, мәдениетті адам мұғалім болуы керек деп ойлаймын», — дейді Ардақ Мұқаметжанқызы. Мектеп қабырғасында үздік оқитын оқушыларды ұстаздық мамандыққа тартудың маңызы зор. Бізде жақсы көрсеткішке жетіп жүрген саңлақ шәкірттерді мұғалімдік мамандыққа баулу тәжірибесі бар. Жоғарғы оқу орнын бітіріп келгеннен кейін мектебімізге мұғалім етіп қабылдаймыз. Ұстаздар қатарын толықтырған бұрынғы шәкірттеріміз баршылық. Мәселен, Адиля Сәлімова, Арай Бексұлтанова, Балауса Баршыбекова, Болат Оразалиев т.б.
— Өткен оқу жылында мектебіміз ҰБТ-дан Шелек өңірі бойынша алдыңғы орынға шықты. 17 оқушы жоғары оқу орындарына түсті. Бес оқушы білімдерін шетелде (Ресей, Қытай) жалғастыруда. Республикалық мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыру институтының директорларға арналған 9 айлық курсында оқып, сертификат алдым. Орынбасарларым мен мұғалімдер де арнайы курстардан өтті. Алдымызда деңгейлік оқытуды жүзеге асыру мақсаты тұр. Бұл белестен де сәтті өтетінімізге сеніміміз зор, — дейді Ардақ Мұқаметжанқызы.
2017-2018 оқу жылында Шелек ауылында заманауи үлгіде салынған 600 орындық мектеп ғимараты бой көтерді. Заманға сай қазақ мектебінің ашылуына да Ардақ Мұқаметжанқызы мұрындық болды. Жаңа мектепті басқару іскер басшы Ардақ Мұқаметжанқызына тапсырылды. Қазіргі таңда мектепте 500-ден аса оқушы білім алуда. Жас ұрпаққа айтары бар білікті ұстаздардың педагогикалық ұжымы қалыптасқан.
Ардақ Мұқаметжанқызы әке қаны, ана сүтімен дарыған адами қасиеттерге бай десек артық айтқандық емес. Ардақтың ана тіліне құрметі ерекше ұлтжанды, қарапайым, кішіпейіл. Қазақтың қара домбырасының күмбірлеген ғажайып үнін сүйіп тыңдайды. Ұлтжандылығы Ардақ Мұқаметжанқызын орыс мектебінен қазақ мектебіне ауысуына түрткі болды.
«ҚР Білім беру ісінің үздігі», «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, «Халық ұстазы» төсбелгісінің иегері Қырықбай Ардақ Мұқаметжанқызы іскер басшы ғана емес, отбасында ибалы келін, мейірімді ана, жолдасы Бақыттың сүйікті жары. Бақыт екеуі үш баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырған өнегелі ата-ана. Халық сенімін иеленген еліне елеулі, халқына қалаулы Ардақ Мұқаметжанқызына жас ұрпақты азамат етіп қалыптастыру жолындағы қыруар еңбегі табысты болсын деген тілек білдіреміз.

Тұрсынхан Шәлдибекқызы,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

(20)