Алжыған мақтаншақұлының «мемуарының» кіріспесі

«Мен бұл мемуарды жазу үшін көп ойландым. Өткен өмірім күреске толы болмаса да, тіреске толы болыпты. Әжептәуір қызметтің тұтқасын ұстағаным рас. Ұраншыл болдым, ұлт пен тілді мансұқ еттім кеңестік саясаттың жолына. Балаларымды орысша тәрбиеледім, орысша оқыттым. Кім ұлтшыл болса соның соңына шырақ алып түстім. Оңдырмадым. Қараладым, жала жаптым, ақыр аяғында үнін өшіріп тындым. Мұндайлардың ішінде алашордашылар да бар еді. Бірақ заман өзгере сала мен жалт бұрылдым. Қайтемін енді, бәрін сұрқия саясатқа жаба салдым. Кім біліп жатыр. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтіп үйірін тапқан соң» демекші, алаш қайраткерлерінің қым-қиғаш тағдыры мен Тәшеновтей тарланның қиын-қыстау кезеңі менің сүйікті тақырыбыма айналды бүгінде. Күн көрісіме де жарап тұр. Мемуарда тұлғаларға арналған жеке-жеке тарауда бәрі қамтылады.
Кешегі атеистік заманнан қалған бір мінез — дінге деген салқындық қана. Ақыретті ойлайын десем де жиын-тойға барғанда тамағым жыбырлап қоя береді. Жетім баланың кебіне түсіп маңайыма жалтақтап қарай беретінім содан. Бұл қылығымды біреулер түсінеді, біреулер түсінбейді. Сосын жөтелді де басатын «дәрім» осы.
Кеңес дәуірінде арыз жазып жүріп қаламым біраз төселгені бұл мемуарды жазуға үлкен септігін тигізгенін қадап айтқым келеді. Біз не көрмедік? Хрушевтің ұрдажық саясатына, Брежневтің шөпілдетіп сүйетін әдетіне, Горбачевтың бәрін шашып қайта құрамын деген әрекетіне куәміз. Оларға имандай сенген көптің ішінде мен де болдым. Тәуелсіздік алғанда, «Енді күніміз не болады, кеңес үкіметінен ажырасақ өлеміз, орыс тілі де қазақ тілімен қатар мемлекеттік тіл болсын!» деп ызаға булыққан, көзі жасаурап қарсылық көрсеткен, құлаш-құлаш қарсы мақала жазған, алайда кейін елге ақыл айтып, қадірменді қария саналып жүрген тұлғалардың біріненмін.
Сонымен зейнет жасына шыққалы қолым бос. Еріккен шал не істемейді? Жазып жатырмын, өткеннің былық-шылығын қазып жатырмын. Өзімнің кеңес дәуірінде тасқа басылған дүниелерімнен бас тартып, қашып жатырмын. Шежіре мен дастандарды қатар жазып, классиктерден асып жатырмын.
Айтпақшы, жазбасам отыра алмайтын ауруға ұшырадым. Жастық шақта келмеген шабыт шіркін қартайғанда мазамды алғаны біреулерге күлкілі көрінер. Басында өзім де таңырқағам. Сөйтсем, қолдан келетін іске ерте кіріспей, «қолымды кеш сермегеніме» қатты өкінемін. Сонымен оқырманым, айтқым келгені: мен жазушымын. Мына шал қартайғанда жорға шықты-ау деп сөгетіндер — күншілдер. Жазғанымды түкке алғысыз қылатындар — міншілдер. Оларға сөзімді шығындамаймын. Том-том кітабым кірпіштей қаланып сөреде тұр, әнекей. Әкім-қараларға, туыс-туғандарға, ет жақын ағайындарға таратылып мал тауып жүр, тәубә оған да.
Менің алдымда жалғыз ғана мақсат бар! Ол — атақ-абырой жинау. Өмір жолымды кейінгі жастарға үлгі ету!
Николай Островский деген жазушы «Құрыш қалай шынықты» деген кітап жазса, Мен «Болат қалай шыңдалды» деген мемуар жазып тастадым. Николай пақыр шығармасын екі көзі тас қараңғы, аяқ-қолынан жан кетіп, күрескерлік өмірін ой елегінен өткізіп қиналып жазса, менің одан айырмашылығым тұла-бойым дін аман, ойнап күліп жазып тастаппын. Шынымды айтайын, денсаулығым тастай, көзім шырағдандай жанып тұр. Әлі күнге қыз-келіншек көрсем «температурам» көтеріліп кетеді. Келмеске кетті деген сезімдердің қан-тамырды аралап ойнақ салатынын қайтерсің құтырып. Ондай да дәрі-дәрмектің көмегіне жүгінемін. Бұқаның өзі қартайса да, тұмсығы қартаймайды деген рас екен-ау.
Бірді айтып, бірге кете бердім-ау, Николай Алексейұлы небәрі 32 жыл ғұмыр кешсе, мен тфә-тфә екінші қырықтың желкесіне мініп барамын. Өзімді жаздай бос жүрген құр аттай сезінемін. Қаламым — қаруым қолымда әлі. Тұғырдан түскен жоқпын.
Кейінгі жастар біле жүргені дұрыс, біз Островский екеуіміз екі дәуірдің жазушы — драматургтеріміз. Екеуміз де астан-кестен заманның тұсында шыңдалған тұлғалармыз. Ол революция жолбарысы болса, мен тәуелсіздіктің қиын кезеңінде танылған қабыланмын. Ол кеңес үкіметін құру жолында мүгедек болса, мен оның орнатқан үкіметінің рахатын көріп, кейін тас-талқан еткен жау жүрекпін. Николайдан тағы бір биіктігім — ақындығым!
Тағы айтамын: «Алексейұлын «Құрыш қалай шынықты» романы қалай танымал етсе, мені «Болат қалай шыңдалды» мемуарым шыңға шығарады деп сенемін. Шағын кіріспеде айтқым келгені осы еді. Кітапты оқып, бағасын өздеріңіз бере жатарсыздар».

Нағашыбай Қабылбек

(29)