Үкіметтің тілі шықты!

Елбасы ел ертеңіне елеңдеп, министрлерді жеке қабылдап жатыр. Оларды президент кабинетіне кірерде, сиқыршы атай «суф!» деп кішкентай бір-екі жасар бала етіп жібереді. Шығарда «Уф!»деп түкіріп, қазіргі министр қалпына келтіре қояды екен.
Елбасы кабинетіне «Жағымпаз» министрі кірді, кішкентай балақай болып. Бірақ өзіне шақ көстім-шалбар киген, мойнында галстугы бар дегендей.
— Балақай министр, қазақша сөйлей аласың ба?
— Шөлеймін.
— Халық деші?
— Ғалық.
— Ха–лық?
— Ға–лық.
— Біз Қазақстанда тұрамыз. Мемлекеттік тіл — қазақ тілі. Үкімет те, парламент те қазақша сөйлеуі керек. Солай ма балақай?
— Шолай, өте дұйыш айтасыз, менің ойым да шолай.
— Мә, қазақша тілің шығып келе жатыр екен, кәмпит жей ғой! — деген Елбасы иіліп, басын шұлғи берген балақай министрге шоколад берді. Келесі «Қазақ креслосы» министрі кабинетке кіре салып, «бип–бип, бум–бум, воооом!» деп кішкентай машинасымен ойнай бастап еді, Елбасы оны көтеріп алды.
— Атың кім сенің?
— Бастық.
— Фамилияң?
— Жастық.
— Қазақша тілің жақсы шығыпты ғой, неге қазақпен қазақша сөйлеспейсің?
— Көз тиіп кетеді ме деп. Кешіріңіз, түкіріп қойыңызшы?
Президент министрге түкіріп, таңдайын көтеріп қойды. Тағы бір балақай министр келді.
— Сенің тілің ағылшынша шыққан дейді. Халің қалай?
— Окей.
— Үкіметте баяндамаңды қазақша жаса, жарай ма?
— Окей.
— Атың кім?
— Окей.
— Окей емес, тілің келмей тұр ғой, Әлкей, Әлкейсің сен. Самса жейсің бе?
— Окей.
Президент самсаны ұсына беріп, қолын тартып қалды.
— Жоқ, сен алдымен қазақша сөйлеуді үйреніп кел, сосын жейсің самсаны.
— Ө–өө, катыным каштыыы, — деп жылады министр.
— Қатыным қашқаны несі? — деп сұрады Президент.
— Самса бейіңізші, катыным каштыыы.
— А, қарным ашты дейсің бе, балақай? Бар, қазақша үйреніп келе ғой! Саған синхронды аударма керек емес, құқың тапталатындай. Қазақтың қара домалақ баласы екенсің.
Министр балақай кабинеттен жылап шықты, «Бұрынғы қалпыма келтіріңізші?» деп сиқыршыдан сұрап шықты. Құдайым-ай, Елбасы айтпай жүр екен де, кейбір министрлер мен депутаттар, сенаторлар қазақша үйрену үшін қазақ балабақшаларына барып жүрді. Жаса, Қазақ тілі! Ура, Үкіметтің тілі шықты!

Мұхтар ШЕРІМ

(11)