«Қызылбас болды батыр, атағы зор»

Сыр сүлейлерінің өлеңдеріне есімі арқау болған билігі мен батырлығы қатар аталатын тұлғалардың бірі Қызылбас Мүсірепұлы. Оның аты Ресей мұрағат құжаттарында сирек болса да кездесіп қалады. Сырдария облысына қараған Перовскі, Қазалы уездерінің ХІХ ғасырдағы мұрағат деректерінде 1852 жылдан бастап көрініс береді. Қоқан, Хиуа бектерімен болған ұрыстарда тіпті қарақалпақ бектерімен орын алған соғыстарда Қызылбас Мүсірепұлы аты Тоғанас Бәйтікұлы, Бұқарбай Естекбайұлы, Қожеке Мырзабаев сияқты батырлармен қатар, Сәдір би Алтыбаев, Бекмырза
Еркінбаев, Елекей Қасымов, Сәдірмек сұлтандармен замандас аралас-құралас болғандығы да мұрағатта көрініс тапқан. Қ.Мүсірепұлы Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы Қызылқұмда туып, осында өскен. Әкесі Мүсіреп бастаған жорықтарға араласып, әркез әкесінің қасынан табылған батыр ұл. Қоқан, Хиуа бектерінің озбырлығынан өз жерлестерін қорғаған. Мүсіреп Жәрімбетұлының бір мезгілде 200-дей жасақ (сарбаз) шығара алатын тұлға еді. Бұл дерек Ресейлік құжаттарда жазылып қалған.

Қызылбас батыр болған кісі. Ол кісіден тараған ұрпақтарды ауылдастары күні бүгінге дейін «батыр» ұрпақтары деп атап келеді.
Қызылбас батыр хақында Сағымбай Тұрғанбаев шежіре атты өлеңінде:
— Қызылбас болды батыр атағы зор,
Дұшпанға қару жұмсап оқ ататын, — деп оның атақты батырлардың бірі болғанын атап өткен.
Қ.Мүсірепұлының кім болғандығы жазба деректерде былайша жазылады. 1852 жылдың 25 наурызындағы қоқандықтармен болған ұрысты баяндаған құжатты растап қол қойғандар арасында Сарғасқадан шыққан Тоғанас батыр, Қызылбас Мүсірепов бұл оқиға туралы қолдарын қойыпты. Осы құжатқа Тоғанас Бәйтікұлы мөрін басса, Қызылбас таңбасын басқан екен. Осы тұста Қызылдың жиегінде отырған шөмекейлердің әртүрлі руларының ауылдарына қоқандықтардың 1700 жасағы шабуылдап, 55 мың бас қой, 155 ірі қара, 60 түйе мен 150 жылқыны айдап кетеді. Шымқорғанға апарылған малдардың санын көрген адамдардың түсініктері беріліпті. Осы ұрыста қоқандықтардан 55 мың қойдың 33 мыңын, түйе мен жылқыны да қайтарып алып, қоқандықтардың 6-7 адамын Тоғанас пен Қызылбас бастаған жасақтардың өлтіргенін Кете-Шөмекей руларының басқарушысы сұлтан Елекей Қасымовтың әскери-старшина Арыстан Жантөринге жазған мәлімдемесінен оқи аламыз. Ал келесі бір мұрағат құжаттарында (1862-1864 ж.ж.) Қызылбас Мүсіреповтің ресейліктерге сексеуіл дайындап, түйемен көмек береміз деген кісілер арасында баласы Темірқұлдың қол қойған, мөр басқан құжаттарының көшірмесі де кездесті. Мұны орыс шенеуніктері 1864 жылдың 25 қаңтар айындағы құжаттарында Тентектөлде растаған.
Қызылбас батыр сол өңірдің белгілі шонжары Үбістің замандасы әрі қыз алыспас туысы. Бірде үлкен киіз үйдің ортасында сексеуілдің оты лаулап жанып жатқан шақта Үбістің Қызылбасқа қарап: «Осы сені жұрт батыр дейді, сенімен мен қамал мен бекініс бұзғанымыз жоқ, елдің қорғаны ғана болдық, кәне әкелші алақаныңды батырлығыңды білейік», — деп алдында жанып жатқан сексеуіл шоғын алақанына салып жіберіпті. Намыс па, болмаса қас батырлықтың белгісі ме, Қызылбас алақандағы шоқты ысырмапты. Сонда алақандағы шымырланып жатқан шоқты қасындағы үшінші кісі қағып жіберсе керек. Осы оқиға жайлы тағы бір ел аузындағы әңгімеде басқаша айтылып жүр. Бір қаһарланғанда Қызылбас қынабынан қылышын суырып Үбісті шабуға айналғанда айналасындағылар араға түсіп, бұл жанжалды тоқтатса керек. Бұл әңгімелер бүгінде аңыз ретінде ел арасында айтылып қалады.
«Әке балаға сыншы» демекші, Мүсіреп би (батыр) балаларына қарап отырып: «Ақтау, Нұртаудан тараған ұрпағым еңбекқор шаруа болса, Қызылбас ұрпақтары батыр, Ораз балаларынан би шығады, соны сезіп тұрмын», — деген екен. Расында да Мүсіреп бидің болжамы расқа айналғандай.
Ауызша әңгімелер мен жазба деректерді саралап қарағанымызда Қызылбас батырдың Жаңадария мен Қуаңдария өзендерінің бойында өмір сүргені, үлкен қол бастап сарбаздарға қолбасшы болмаса да зұлым Қоқан, Хиуа бектерінің түрлі алым-салықтарына, ретсіз зекет жинауына қарсы тұрып, өз ауыл-аймақтарын қорғаған батырлардың бірі деп тануға тиіспіз. Екіншіден, Ресей шенеуніктері санасқан өз заманының тұлғалы азаматтары, батырлары болғандығында еш шүбәміз жоқ. Патша генералдарының, ояздарының Қызылбас, Қожеке батырлармен санасқанын жазба деректерінде нақтылай түседі.
Жаңадария өзені маңында Қызылбас арығы, Қызылбас мұнарасы болған. Бұл мұнара бүгінде құлаған. Мұнара Жаңадарияның сол жағасында Сары-ишан мешітіне жақын орналасқан. Мұнара қам-кесекпен өрілген. Ол екі бөліктен тұрады.
Мұнара құрылысы Шығыс Арал өңірі аймағындағы ескерткіштерге ұқсас. Төменгісі тік бұрышты, жоғарысы үшкірленген, төрт арқалы. Ішінде баспалдақ тәрізді жоғарыға жол салынған. 1985 жылы Мавзолейді «Казпроектрестоврация» институты зерттеп, паспорттаған.
2018 жылдың басында басы Алпыс Дүйсебаев болып ұрпақтары бұзылған мұнараны қоршап, мәрмәрден ескерткіш белгі орнатты. Алдағы уақытта да басқадай шаралар ұйымдастырылмақ.
Қызылбас Мүсірепұлының ата-тек шежіресін тарқатып көрелік. Қызылбас Жәрімбет бидің немересі. Ал Қызылбас батырдың өзінен Өмірқұл, Темірқұл, Жылқыайдар, Құндызбай, Жұманқұл, Қыздарбике тарайды. Қыздарбике Томпақ кете Піренге тиеді.
Аталық шежірелерде Төремұрат аты атала бермейді. 1914 жылы ақын Шегебай Бектасұлы Төремұрат Темірқұловтың үйіне барғанда оны Айша атты қызы дұрыс қарсы алмай, шай қайнатпай теріс қарапты. Сол жерде ақын Шегебай Айша қызға мына өлеңді шығарады:
Ержеткен бала екенсің тартыпсың мау,
Белгісі мау тартқанның, болады шау.
Көлденең көпшік салып жата кеттің,
Түнімен ұйқы бермей қамап па еді жау, — деп әрі қарай сынай өлең жазады.
Айша қыз ақынның айтқан сөзінен өз кемшілігін түсініп, Шегебай ақынға бір қой сойып мауытыдан шекпен жауып сыйлайды.
Ақын Ш.Бектасұлының осы өлеңінен-ақ Қызылбас батыр шөбересі Төремұраттың да елге белгілі кісі болғаны аңғарылып-ақ тұр.
ХХ ғасырда еңбек еткен №16 ауылға қарасты Жаңаталап колхозының өсіп, өркендеп дамуына үлес қосқандардың біразы ағайынды Махмұтовтар. Іскендір 1934-1935 жылдары шопан, 1941 жылы 192 саулықтан, 302 бас қозы өргізген ақты шопан болса, Ысқақ түйекеш, Сәдуақас партия ұйымының жетекшісі, Дүйсебай колхозшы болып, бүгінгі Жаңаталап ауылының іргетасын қалаған озат еңбеккерлер. Махмұттың келіні Маржан 1956 жылы жүгеріден 45-47 центнерден өнім алып, Мәскеудегі Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесіне қатысып, аудандық кеңестің депутаты болған.
Қызылбас Мүсірепұлы туралы түрлі жинақтар мен кітаптарда аз-кем жазылды. «Кете-Шөмекей» шежіресі (1995ж), «Бәйтерек» (2010 ж), «Жеті тараудағы жеті анық» (2012 ж)«Сыр еліндегі ескерткіштер»(қазақ, орыс тілінде 2014 ж) Кете – Байсары (2018ж) кітаптарда жазылған. Демек Қызылда туып, сонда жерленген Қызылбас Мүсірепұлының өміржолдары әрі қарай зерделене түседі деген сенімдемін.

Тынышбек Дайрабай,
Зерттеуші, этнограф, журналист

(16)