«Сенсіз өмір сүре алмаймын»

Жолығуға тиісті адамдар уақыт пен кеңістіктен тыс көзге көрінбес қызыл жіппен бір-біріне матасып тұрады. Жіп тарқатылып кетуі, не шатысуы мүмкін, бірақ ешқашан үзілмейді.

Таңғы асқа да, түстікке де, кешкі асқа да швед дастарханы жайылды. Сондай ыңғайлы. Өзің аралай жүріп, жаның не қаласа, соны таңдап ала бересің. Неше күнгі сүргіннен кейін жаны тыныштықты қалап тұрды. Бірақ қонақүй мәзірінде тыныштық болмай шықты. Конференцияға келген адамның санына жете алмайсыз. Адам өріп жүр. Топыр-топыр. Мейрамханадағы шудан құлақ тұнады. Ұзын-сонар қатарларды айналып өтіп, бұлай ету мейрамхана мәзірінде қарастырылғаны қандай жақсы. Жанна мұрнын шүйіре жүріп тәрелкесіне тамақ салып жүр. Осы сәтте біреу атын атап шақырғандай елең етті. Бұнысы дауыс емес, иіс боп шықты. Сондай бір етене жақын, таныс иіс. Жанна дереу артына бұрылып қарады. Ізінен ілесіп келе жатқан ер адам мұның оқыс қимылынан кері шегінді. Сымбатты кісі, шашы бұйра екен. Жанна оған әдеттегіден ұзағырақ қарап тұрып қалды. Оны бастан-аяқ сканерлеп шықты. Ер кісі мойынорағыш орап алыпты. Түйінін тура менікіндей байлапты деген ой сап ете қалды. Оның тәрелкесінде де тура Жаннаның таңдаған тамақтары салыныпты. Ер кісі оқыс қимылдан бірінші болып ес жинап, басын ізетті түрде изеп, қасынан өте берді. Ал Жанна, құдды жерге қағылған қазықтай, сол орнынан тапжылмай тұрып қалды.
«Сонымен? Неге тұрмыз? Сен қиялға беріліп тұрғанда мына жұрт тәттінің бәрін талап кететін болды ғой» — деп бұрқылдады жанындағы Әзиза. Құрбылар қатар-қатар боп тізілген үстелдердің бойын жағалай жүрді. «Осы Түркияны қысы-жазы үзілмейтін көк-сөгі үшін керемет жақсы көрем» — деп айтып жатыр өзіне тамақ таңдап жүрген Әзиза. Екеуі әрменірек, терезенің тұсына барып жайғасты. Жанна көзімен манағы бейтаныс жанды іздеді. Әзиза мұнысын қалт жібермей бағып отыр екен, дереу сұрақтың астына алды. «Қане, шыныңды айт, кімді іздеп отырсың?» Жанна жаңа болған ыңғайсыздық туралы айтпақшы болып оқтала беріп еді, бірақ сөзін бұлардың жанына жетіп келген Асқар бөліп жіберді. «Неге сонша алысқа отырып алғансыңдар? Оңаша қалғыларың келді ме? — деді масаттанған кейіпте, бастықтың қырағы көзінен қашып құтыла алмайсыңдар!» Ыңғайланып отырған соң: «Байқаймын, түріктер ЭКСПО-ға мықты дайындалыпты, бірақ қазақтар 2017-де бәрінен асып түсетін болады» — деді. Бастығының сөзуарлығын білетін Жанна айтарын кейінгі қалдырды да, тәрелкесіне үңілді.
Әбден кеш батқанда барып қонақүйдің нөмірінде Әзиза Жаннаға бағанағы сұрақты қайта қойып, «әлгінде көзің кімге түсті?» деп мазалай бастады. Құрбысына соқтығысып қалған жағдайды баян етуге тура келді. Әзиза күлкіге қарық болды. «Иісімен шақырды ма? Бейтаныс түрік? Мойынорағышы да сенікіндей байланып па? Тәрелкесіндегі тамағы да дәл сенікіндей ме? Онда тұрған не бар, ал? Жай ғана сәйкестік!
Саған дауа жоқ екен, Жанночка, сен барып тұрған романтиксің! Оянсаңшы! Сәл де болса, өмірге тура көзбен қарап, алтын басыңды болмашымен толтыра бермесеңші. Әне, анау, Асқарға қарасаң етті. Қандай тамаша жігіт! Үйленген болса, неғылады екен? Есесіне, ол бай. Байланыстары көп. Үлде мен бүлдеге оранып, не ішем, не жеймін демейсің. Оның өзіңе ынтық екенін білесің ғой. Саған әлі қызыңды аяққа тұрғызу керек. Өзің де қыз емессің, менің ақылымды алсаң, жаман болмайсың».
Ақыры құрбылар ренжісіп тынды. Екеуі екі қабырғаға қарап ұйықтап қалды.
Конференцияның соңғы күні еді. Халықта есеп жоқ. Даурығысқан дауыстар. Біреу ән салды, біреу естелікке суретке түсіп әлек. Жанна көзімен кешегі бейтанысты іздеп әуре. Әрең дегенде тапты-ау. Иығына асып алған фотоаппараты бар ол бір топқа барып суретке түсіріп, келесісіне ұзап барады. Бір кезде фотоаппарт бұл тұрған жаққа да шырт еткендей болды. Ол көпшілікті танитыны, оны да біраз ел-жұрт жақсы білетіні байқалып тұр. Бір сәтте Жанна әлгі бейтаныспен тағы да тоқайласып қалды, тағы да иісінен таныды. Оның иісі әбігерге салды, қобалжытты. Жаннаға бұл иіс өзге біреуді еске салатындай көрінді. Бірақ кімді?
Әзиза дереу жанынан табыла кетті. Құрбысын шынтағымен түртіп жіберіп, «мынау ма?» деп сұрады. Құрбысы аяқ астынан жоқ боп кетті. Сол күні кешке таман ұшақтағы қол жүкті қоятын жәшікке сөмкесін салып болған соң Әзиза мұның жанына топ етіп отыра қалды. Көзін қысып: «Аты Эмре, архитектор, Ыстамбұлда тұрады екен. Басқа ақпарат таба алмадым» — деген жаңалықты айтты. Жанна құрбысын бас салды. Бетіне бетін тигізіп, ілтипатын сездірді. Өзіне өзі риза болған Әзиза: «жарайды, қойшы», — деді.
Сосын қыс келді. Алматыны қалай жақсы көрмеуге болады?! Алайда сүйектен өтетін дымқыл, ұзаққа созылатын ылғал қыс жаныңа қаяу түсіреді. Асқардың тырнақ астынан кір іздеуі, алда келе жатқан ЭКСПО-ға қатысу науқандарына қатысты жұмыстағы дүрмек, тіршілік түйткілдері Жаннаның жүйкесін жұқартты. Осындай ауыр кездері қызы күшік сияқты анасын қатты құшақтап, анасына бірдеңе болғанын сезгендей «Мам, а, мам» деп қыңсылай бастайтын. «Бәрі жақсы, ботам, бәрі дұрыс» деп Жанна қызын бауырына басатын.
Жаны қатты қиналған кездері Жанна Эмрені еске алатын. Екеуі жолыққан сол бір кездесуді қайта-қайта көз алдына елестететін. Қазір Жанна оның кімді еске түсіргенін түсінді. Оның қыр мұрыны, қой көзі алғашқы махаббатын еске түсіріпті. Алғашқы мөлдір махаббатын.

(Жалғасы бар)

Маруана Хамзақызы
Аударған Шынар Әбілдә

(55)