Н.Назарбаев: Астана бейбітшілік пен келісім қаласына айналады

«Тарихта барлық ел қалаларды жаулап алуда, ал Қазақстан өзі салуда» деген Америкалық журналист Ларри Кингтің сөзін Ел Президенті Астана әкімдігінің ғимаратына арнайы келгенде ризашылықпен еске алды. Қазақ «Сырт көз сыншы» деп бекер айтпаса керек-ті. Сарыарқа төсіндегі әсем қаланың бүгінгі келбетіне сүйсінбеген жан бар ма, тәйірі?
Осы жазда өтетін қаланың 20 жылдық мерейтойына дайындыққа орай келелі кеңес өткізген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мерейлі мерекеге тұспа-тұс келетін жаз айларында бас шаһардың кескін-келбетімен қатар қонақтардың көңілін көтеру алаңдарының сақадай сай болуы керектігін баса атап өтті. Алдымен жиынды ашқан Мемлекет басшысы Сарыарқа төрінде, ерке Есіл бойында сән-салтанаты келіскен елордамыздың тарих үшін қас-қағым сәтте-ақ бой көтергеніне өзі де сене алмайтындығын жасырмады. Әр ғимараттың бой түзеп еңсесін тіктеуіне үлес қосқан құрылысшыларға, қаланың кескін-келбетіне шырайлы әр қосу үшін көше бойларында тынбай еңбектенген жұмысшыларға шынайы ризашылығын білдірді.
«Біз тарих үшін қысқа ғана кезеңде миллион тұрғыны, сәйкесінше инфрақұрылымы бар, назарын өзіне аудартатын маңызды оқиғалар өттетін, әлемге танымал қалаға айналған жаңа елордамыз — Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында жиналып отырмыз. Астана бейбітшілік пен келісім қаласына айналды», — деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Жиында сөз алған шаһар басшысы Әсет Исекешев елорданың құрылған сәтінен бастап қазіргі кезге дейінгі қол жеткізген жетістіктері мен нәтижелері туралы баяндап берді. Қаланың экономикалық ахуалын қысқаша айтсақ, жалпы өңірлік өнім 5 триллион теңгеге жеткен. 2017 жылы инвестиция көлемі 3 пайызға өсіп, 945 млрд. теңгені құраған. Оның ішінде 200 млрд. теңге тікелей шетелдік инвестиция есебінен болып отыр.
«Шағын және орта бизнеске негізделген қала экономикасының өзіндік құрылымы қалыптасты және оның көлемі 4 триллион 300 миллиард теңгені құрады. Қала құрылымындағы шағын және орта бизнестің үлесі 57,4 пайыздан асып, республикада ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Өткен жылы өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны бойынша Астана Қазақстанның бүкіл өңірлері арасында бірінші орынға шықты, тек бүкіл өнеркәсіп саласында Атырау облысынан кейін екінші орында. Жыл ішінде инфляция деңгейі 7,5 пайызға дейін төмендеді», — деді қала басшысы.
Президент 20 жылдық қарсаңында қаланың көркін қашыратын жабайы базарлардың көзін құртуды тапсырды қала әкіміне. Көпқабатты үйлердің лифтілерінің жағдайы көңіл көншітпейтінін де сөз арасында айтып қалды.
Әсіресе көлік тұрағына қатысты қатаң ескерту жасалды қала басшысына. Көше атауларының да көңілге қонбайтыны тілге тиек етілді.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің бас қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін де назардан тыс қалдырмады. ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтен осы мәселеге қатысты есеп беруін сұрады. «Біз 20 өнім түрі бойынша терең сараптама жасадық. 12 түрі бойынша толықтай 100 пайыз қамтамасыз етіп отырмыз. Олар: еттің барлық түрі, құс еті, картоп, қызылша, қияр, қызынақ. 8 түрі бойынша бізде 70 пайыз қамтамасыз етілсе, 30 пайызы бойынша нақты шараларды белгіледік. Бізде Астана төңірегінде суармалы жерлерді ұлғайту керек. Қазір елорданың төңірегінде 2 мың гектар жер дайын, құбырлары жатыр, енді жарақтандыру қажет. Сонымен қатар Нұра, Есіл арнасы маңынан да 2 мың гектар жер табамыз», — деді Өмірзақ Шөкеев. Осы ретте Қазақстан Президенті өзін ауыл шаруашылығы өнімдерімен толықтай қамтамасыз еткен ел нағыз тәуелсіз мемлекет саналатындығын шенділердің есіне салды. «Біз ауыл шаруашылығы еліміз ғой. Біз әлі күнге дейін өнімдердің басым бөлігін сырттан алып отырмыз. Ет өндіреміз, шұжықты сырттан аламыз. Жеміс-жидек, көкөністі де тасымалдаймыз. Бізде не бар, соның барлығын сырттан алып отырмыз. Мүмкін нанды да сырттан алатын шығармыз», — деді Мемлекет басшысы кекесінмен. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Премьер-министрінің орынбасарлары Ерболат Досаев пен Өмірзақ Шөкеевке азық-түлік мәселесіне қатысты барлық түйткілдерді шешуді тапсырды.

Нағашыбай Қабылбек

(14)