Лицейдің жұртты таң қалдырған заманауи жобалары

Алып шаһарымызда үздік мектеп, гимназиялар мен лицейлер жеткілікті. Алайда солардың ішінде мемлекет қаржысына телмірмей, өздері демеушілер тауып, оқушылардың сапалы білім алуы үшін жағдай жасап отырған білім ошақтары некен-саяқ. Солардың бірі де бірегейі Махатма Ганди атындағы 92 мамандандырылған лицейі.


Таяуда аталмыш лицейде «Қамқоршылық кеңейтілген Кеңес отырысы» болып өтті. Шараға «Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі» министрлігіне қарасты «Аэроғарыш» комитетінің төрағасы Еркін Мұстафаұлы Шаймағамбетов, «ҰҒЗТО» АҚ «В.Г.Фесенков атындағы астрофизика институты» директорының міндетін атқарушы Бибосынов Асылхан Жәнібекұлы, «ҚР әуесқой астрономдар клубы» қоғамдық ұйымының хатшысы Максим Кругов, Алматы қаласы «Радиоәуесқойлар клубының» мүшесі Евгений Грибнов, «Азия Су» компаниясының бас директоры Бектұрсынов Бақтияр Нұрлыұлы, Алматы қаласы спорт басқармасы, спорттық жетістіктер басшысы Базарханов Арман Тоқанұлы, Бостандық ауданы прокурорының орынбасары Құлбаев Ербол Сарсенбекұлы мен халықаралық «Qazaqstan Zamany» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы қатысты.
Үш сағатқа созылған басқосуда лицейдің өзге білім беру ошақтарында жоқ, тың инновациялық жобаларымен қатар, оқушылардың шығармашылық көрмесі кеңінен таныстырылды.

«Көкпар» ұлттық роботтары және…

Атап айтсақ, «Телескоп роботизациясы», «3D графика-модельдеу», «Көкпар» ұлттық роботтары, «Екі осьті автоматтандырылған күн панелі», «Баламалы энергия көзімен жұмыс жасайтын заманауи автотұрақ», «Тартыс» ойыны, «Радиобайланыс және радиопеленгация», «Тұрақты магниттің қасиеттерін зерттеу және магнит өрісінің кескінін алу», «Тірі судың маңызы», «Өсімдіктердің ішкі құрылысын зерттеу», «Алматы қаласы тұрғындарының тұтынатын су сапасын зерттеу», «Алматы қаласы маңындағы бұлақ суларының химиялық құрамын анықтау», «Жылқы сүтінің негізінде крио жолымен балмұздақ алу» сынды тағы да көптеген инновациялық жобалар келген қонақтарды тәнті етті.
Лицей базасында Владимир Сапрыкин мен Самал Нуржанова басқаратын RadioLAB шығармашылық клубы жұмыс істейді. Мұнда оқушылардың радиобайланыс арқылы алыс шетел радиоәуесқойларымен тікелей байланыс орнатып қана қоймай, сонымен қатар ағылшын тілінде еркін сөйлеуіне зор мүмкіндіктер жасалған.
Күні бүгінге дейін лицейдің ұжымдық радиостанциясында арнайы UP25G позывнойымен Европа, Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдерімен 2000-нан астам байланыс орнатылған екен. Яғни: бұл Ресейдің еуропалық бөлігі мен өзге региондары, Испания, Бельгия, Украина, Болгария, Эстония, Латвия, Чехия, Словения, Куба, Сербия, Венгрия, Германия, Франция, Италия, Польша, Ұлыбритания, Солтүстік Африкадагы Того мемлекеті, Қытай Халық Республикасы, Египет, Израиль, Түркия, Кипр аралы, Канар аралдары, Швеция, Скандинавия, Жапонияның Хоккайдо аралы, Швейцария, Греция, Грузия, Венгрия, Австрия, Канада елдерімен шығармашылық жұмыс жасалынған.
Әзірге Алматы қаласы бойынша 45116 байланыс жүргізілген болса, UP28UA префикстіндегі лицей еншісін 6392 байланыс санын құрап отыр.
Лицейдегі тың жобалардың авторлары көбіне 5-6 сынып оқушылары. Олардың тақырыбы «Тірі судың маңыздылығы» мен «Өсімдіктердің ішкі құрылысын зерттеуге» арналған.
Жас ғалым деп айтуға лайық лицей оқушылары бұл жобаны зерттеу кезінде тірі судың өсімдікке деген әсерін зерттеп, плюс иондар кездесетіндігіне куә болғандықтарын айтады. «Оның сілтілік ортасы жоғары болғандықтан, біз тыңайтқышты аз мөлшерде, тіпті салмасақ та болады. Өйткені онда функциоалды компонеттер мөлшері көп. Сол себепті молекулалар жапырақтың қабығына өтіп, өсімдіктің жылдам әрі залалсыз өсуіне әсер етеді»,-дейді олар.
«Біз зерттеу жұмысы барысында Жарық микроскобының көлемі аз, әрі ол күн сәулесін қажет ететіндіктен, көбіне «Азия Су» компаниясының лицейімізге сыйлаған электронды микроскобын пайдаланамыз», — дейді оқушылар.
Бұдан өзге 10-11 сынып оқушыларының тіс пен тері күтіміне қатысты жобалары да көпшіліктің назарына ұсынылды. Қызыл иектің қанауы мен тістің маржандай ақ болуына дәрумендерге толы емдік шөптермен, тері ауруларының соның ішіндегі, беттегі безеулер мен тыртықтарды, қара дақтарды кетіретін ұлу терапиясы мен түрлі маскаларды қалай қолдану керектігін айтып, жиылған жұртшылыққа көрсетіп берді. Бұдан өзге инновациялық жобалардың ішінде, көпшілікті таңғалдырған «Көкпар» ұлттық роботтары болды.
«Соңғы кездері қазақтың ұлттық өнері ұмытылып бара жатқандықтан, «Көкпар» ойынының мини роботтарын ойлап таптық», — дейді 10-сынып оқушысы Арман. «Яғни Көкпаршы роботтардың мақсаты — орталық шеңберде жатқан Көкпарды өз командасының «отауына» жеткізу. Көкпар «отауға» жеткізілгеннен кейін, ойын алаң ортасынан қайта басталады. Белгіленген уақыт ішінде қай команда Көкпарды өз «отауына» көп жеткізсе, сол жеңіске жетеді», — дейді ол.

Оқушылардың бие сүтінен балмұздағы

Кеңес отырысына жиналғандарды сүйсінткен лицей оқушыларының «Жылқы сүтінің негізінде крио жолымен балмұздақ алу» жобасы екендігін айта кеткеніміз жөн. Себебі көп адамның ойында жүргенімен, әлі күнге дейін кей кәсіпкерлердің жүзеге асыра алмай келе жатқан, әрі шетелдік сұранысқа ие жобасын 5-сынып оқушылары ұсынғанда, «бие сүтінен жасалған қоспасыз балмұздақ жобасын қолдауға боларлық ұсыныс екен!» — деп төрағаны да таңғалдырып, әрі ойландырып тастағандығына куә болдық.
Шындығында адам азотты ауадан емес, қоспасыз, таза өнім соның ішінде бие сүтінен алады. «Нәруызсыз тіршілік жоқ, азотсыз нәруыз жоқ!» дегенді ескерер болсақ, бұл адамның көңіл-күйін көтеріп қана қоймай, ұйқы режимін реттейді. Әрі ағзаға қажетті А,В,Г,Д,Е витаминдері мен темір, магний, калий, натрий, фосфор сынды минералдық заттар көп. Сондықтан ол шөліңізді ғана емес, стрессіңізді де басады, адам тамағын суыққа шынықтандырады. «Бие сүтінің ашытылмаған түрінен жасалған бұл балмұздақты жеген де, жемеген де арманда!» деп тамсанып, дәмін көрген қонақтар.
Бұдан өзге ағзаға зияны бар ма, жоқ па деп күнделікті біз тұтынатын танымал 3 компанияның ауызсулары сынаққа алынып, сараптама жасалды. Нәтижесінде кейбір судың құбыр суынан айырмашылығы болмай, калий карбонатын қосқанда, ерітінді қызғылт түске айналып, хлордың мөлшері анықталды.
Лицей оқушыларының қазірден-ақ, кәнігі жас ғалымдардай арнайы лабаратория кабинетінде, ақ халат киіп, зерттеу жұмысын жасап жатқандарымен көптің алдында көрсеткен жобаларының нәтижелеріне қарап еріксіз сүйсінесің.
Әрине қаламыздағы ең үздік лицейдің тың, әрі заманауи жобалары мұнымен тоқтап қалмайды. Жоба таныстырылымынан кейін, лицей директоры Ерулан Жиенбаевтың баяндамасы арқылы лицейдің алдағы жоспарда тұрған жұмыстары ұсынылды. Оның барлығы қыруар қаражатты қажет етеді.
Дегенмен бір орында тұрып қалмай, оқушылардың мектеп табалдырығынан заманауи-техникалық бағытта ой-өрісін дамытуға бағытталған лицейде алдағы уақытта демеушілер тауып, «Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі» министрлігіне қарасты «Аэроғарыш» комитетінің төрағасы Еркін Мұстафаұлы Шаймағамбетов қолдан келер көмекті аямайтындығын тілге тиек етті.
Алқалы жиында сөз алған халықаралық «Qazaqstan-Zamany» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы: «Бағаналы бері оқушылардың, олардың техникалық жобаларына ақыл-кеңесін айтқан ұстаздардың еңбегін көріп, ерекше әсер алдым. Бұл әрине біріншіден, бәріне бірдей жағдай жасап берген мектеп басшылығының маңдай тері деп білемін. Ерулан Жиенбаевтың аталмыш лицейге басшылық қызметке келгеніне 4 жылдай уақыт болса да, Алматы қаласындағы өзге мектептеріне үлгі-өнеге болатын тың дүниелеріңіз бен жобаларыңызды, оқушылардың 3 тілде еркін сайрап тұрғандарына қарап, қатты риза болдым. Нағыз инновациялық жаңашыл лицей екендіктеріңізге куә болдым. Өсе беріңіздер!» — деп ақ жарма тілегін айтып, ризашылығын білдірді. Кеш соңына қарай Кеңес мүшелері естелік суретке түсті.

Бетті дайындаған — Жұлдыз Әбіл

(13)