Жауын құртын қолдан қалай өсіреміз?

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Startup-Tomiris» атты жас ғалымдардың инновациялық жобалар байқауы өтті, деп хабарлайды оқу орнының Баспасөз орталығы.
Шара «Жастар және ғылым: бүгіні мен болашағы» тақырыбындағы Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында ұйымдастырылып отыр.
Байқаудың мақсаты — жас ғалымдардың жасампаздық әлеуетін дамыту, оларды заманауи ғылымның маңызды мәселелерін шешуге белсенді түрде тарту, университет білім алушыларының шығармашылық қабілетін ашу және инновациялық кәсіпкерлікке тарту.
Байқауға Қыздар Университетінің күндізгі бөлімінің 1, 2, 3-курс студенттері мен 1-курс магистранттарынан барлығы 16 жоба келіп түскен. Соның ішінде Жаратылыстану факультетінің 1-курс студенті А.Садырбекованың «Жабық жабында өсірілген бағалы жемістерді вируссыз тәсіл арқылы өсіру», Жаратылыстану факультетінің 2-курс студенттері Ғ.Нұрпейісқызы, А.Әбдіманаптың «Жауын құртын (Lumbricus terrestris) коммерциялық бағытта қолдан өсіру», Жаратылыстану факультетінің 2-курс студенттері Д.Булханова, Ғ.Тулақ пен Ғ.Нұрпейісқызының «Медициналық сүлікті коммерциялық мақсатта кеңінен пайдалану», Физика-математика факультетінің студенті А.Бердіқожаның «Тұрақты кернеуді түрлендіруге арналған инвентор» және Педагогика-психолоия факультетінің студенттері Ж.Еркеқұл мен Д.Матниязованың «Білім беру жүйесін цифрландыру: «Ұлы ойшылдардың ой-пікірлеріндегі педагогикалық идеялар» атты жобалары байқау комиссиясы тарапынан жоғары баға алды. Жеңімпаздар республикалық «Startup-Bolashak» инновациялық жобалар байқауына университет атынан қатысады және жобалары қазылар алқасы тарапынан үздік деп танылса 200 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйақымен марапатталады. Ал екінші орын иегері 100 мың теңге, үшінші орын иегері 50 мың теңгеге ие болмақ.

Жандар Тұрарұлы АСАН

(8)