Елтаңбаны мазақ етуге жол берген кімдер?

Елорда төрінде орналасқан журналистер үйінде «Мемлекеттік Елтаңбамызды қорғайық!» тақырыбында баспасөз конференциясы болып өтті. Көтерілген мәселе — елдігімізді көрсететін, рухымызды асқақтататын рәміздерді қолжаулық ететін плагиаттарға қарсылық ретінде танылды. Жиынның өтуіне ҚР Мәдениет және спорт министрлігі сараптамалық кеңесінің геральдист-сарапшысы, алаштанушы Айдын Ырысбекұлы мұрындық болды. Ол өз сөзінде: «Біздің бүгінгі бас қосуымызға себепкер болып отырған, Семей қаласындағы Елтаңбаның қолданылу ережесіне жауапты ішкі саясат бөлімі оны қорғамақ түгілі керісінше, төрт жыл бойы пайдаланып, Елтаңбаны қорлауға жол берген. Осы мәселе жөнінде қала әкімдігіне хабарланып, тиісті орталық және облыстық құзырлы мекемелерге хат та жазылғаныменен, әлі күнге дейін еш шара қолданылмады. Бүгін Семейде болған келеңсіз жағдайдың ертең басқа өңірлерде де орын алмасына кім кепіл?! Осыған орай, аталмыш мәселеге қатысты заңгерлер мен зиялы қауым өкілдерін шақырып отырмыз», — деді.


Конференция барысында түсінгеніміз, мемлекеттік Елтаңбаны өзгеріске түсірген «Жастар орталығы» төрт жыл бойы (2013-2017) оны эмблема етіп пайдаланған. Бұл жөнінде ШҚО әкімі мен Семей қаласының әкіміне хабарландыру жіберілген. Бірақ жауап болмаған. Керек десеңіз бұл іс бойынша ҚР Бас прокурорына, ҚР Ішкі істер министрлігіне, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, «Нұр Отан» партиясына, тіпті ҚР Президенті мен ҚР Үкіметіне де, «Туған қалам – Семейім» қоғамдық қорының атынан ресми хаттар жолданған. Бірақ еш нәтиже болмаған. Осыдан кейін белсенді қауым, елтаңбаны ойыншық еткендерге қарсы Астана төрінде баспасөз мәслихатын өткізуді хош көріпті.

Мазақ еткендерге тоқтам бола ма?

Ерлан Шаяхметұлы, Семей қалалық мәдениет сарайының қоюшы–суретшісі, дизайнер: — Семей қаласының ішкі саясат бөлімі жанында (2013 жылы құрылған) «жастар орталығы» деген бар. Солардың эмблемасынан мен плагиат таптым. Олар мемлекеттік елтаңбаны алып, одан шаңырақ пен уықтарды, жұлдызды алып тастап, олардың орнына Семейдегі «ажалдан да күшті» деген ескерткішті қойыпты. (Бұл өзі үрей шақыратын сурет!). Ол аз десеңіз, астындағы Қазақстан деген жазу өшіріліп, орнына Семей қаласы деген атау беріліпті. Негізі шаңырақ – елтаңбаның жүрегі саналады. Егер жүрек алынса, кез келген ағза өз жұмысын тоқтатады. Осы жағдай мені Астанаға келуге итермеледі. Бүгін плагиат Семейде орын алды, оған біз көз жұма қарадық дейік. Ертең басқа өңірден де бұл қара көрсетпесіне кім кепіл? Ата заңымызда (34 бапта) Қазақстан республикасының әр азаматы өз қасиетті рәміздерін қорғауға міндетті делінген. Осы орайда айтарым: мен өз міндетімді орындап отырмын. Мен бұл қадамға бармас бұрын қалалық әкімшілікке де шықтым, «Бұл қалай?» деген сұрақпен. Олар енжарлық танытқандай кейіпке салды. Егер мені қолдаса сол күні алып тастар еді ғой. Өйтпеді. Кейін ықпалды адамдардың араласуымен әрең алынды. Біз өзі көп жерлерге хат жаздық. Бірде Мәдениет және спорт министрлігінен рәсімдерге жауапты мекемесінен жауап та келді. Олардың жауабы мынаған саяды. Бұның нормативтік құқысы жоқ, эмблема жоба ретінде ғана қаралған. Кейін алып тасталынған.
Мұны қалай түсінуге болады? Мен арнайы зерттеу жүргіздім. 2013 жылы жастар одағы болып құрылады. 2016 жылдың шілде айына дейін жұмыс жасайды. Кейін атауы өзгереді, Жастар ресурстық орталығы болып. Бұл кезде ресурстық екінші таңба шығады. Міне, осы кезде өңірдегі елтаңбаға жауапты қызметкерлер қайда қарап отырды деген сауал туындайды. Өйткені олар осы қарсаңда арнайы семинар өткізген болатын. Енді қараңыздар, 2013 жылы «Жастар орталығы» құрылса, 2013, 2014, 2015, 2016, 2017 жылдар бойы мен көргенше тұра береді. Мен байқамасам, олар әлі де жұмыс жасай бермек пе еді? Иә, айқай-шудан кейін аватордан алып тастады. Дұрыс. Мен кейін олардың парақшаларына кірем ғой, онда самсаған суреттер тұр. Онда баяғы плагиат елтаңба бар. Егер ниет түзу болса, олар бәрін жойған болар еді. Сосын менің ашуымды келтірген нәрсе, жоғарыдағы «ешнәрсе анықталмады» деген мекеменің жауабы. Егер шынымен ештеңе анықталмаса, мен жала жапқан болып шықпаймын ба? Осы себептен арнайы Семейден келіп отырмын.

Геральдика мәдениеті бізде қалыптаспаған

Ақылбай Серік Байсейтұлы, РҚБ «Қазақстанның Заңгерлер Одағы» төрағасы: — Біз рәміздерді құрметтеп өсуге балаларымызды мектеп жасынан тәрбиелеуге тиіспіз. Рәміздер — ұрпақты патриоттық санада жетілдіретін күш. Ата заңымыздың 34 бабында: әркім республиканың рәміздерін құрметтеуге міндетті делінген. Қорғау демейді, құрметтеу дейді. Демек, шетелдік болса да құрметтеуге тиіс. Сондықтан немқұрайлы қарауға ешкімнің қақысы жоқ. Бір жылдай болды қылмыстық кодекске тиісті бап кіргізілген.
Ол — мемлекеттік рәміздерді қорғау.
Бұл – авторлық құқықты бұзу. Плагиат. Авторлық құқықтың бұзылғанын орнына келтіруге болады.
Моральдық немесе материалдық шығынды сот арқылы шешуге заң қарсы емес. Үш-төрт жылдай пайдалану, оның әкімшіліктің ішінде болып жатуы әрине дұрыс бағыт емес. Бұл мәселені арыз болса заң орындары қарауы керек. Шынын айтуымыз керек бізде геральдика мәселесі әлі дамымаған. Геральдика мәдениеті біздің мемлекетте мүлде жоқтың қасы деуге болады. Сондықтан әкімшілікте істеп жатқандардың, яғни, осы қадамға барғандардың жаман ойлары болмаған шығар. Олар өздерінше отандық патриоттық сезіммен жасаған шығар. Бірақ бұл істері қате. Бұны түзеу үшін тек қана геральдика туралы заңды, конституциямызды, басқа да заңдарды насихаттап мектептен оқыта бастау керек.

Елтаңбаға атом бомбасын салу — бассыздық!

Жандарбек Мәлібеков, елтаңба авторы: — Рәміздер мемлекет меншігіне өткендіктен оны мемлекет қорғауы керек деп ойлаймын. Біздің рәміздерімізді 1992 жылы Парламент қабылдағаннан кейін, оны Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы қолдағаннан соң қабылданды. Одан кейін рәміздер конституциямен бекітілді. Демек оларды қорлауға, жәбірлеуге ешкімнің қақысы жоқ деген сөз.
Ал бүгінгі плагиатта Қазақстан Елтаңбасының ішіне атом бомбасының жарылған суретін әкеліп қою бассыздық емей немене? Меніңше, мемлекеттік рәміз, мемлекеттік символ, мемлекеттік гербтің ішіне атом бомбасының суретін қою сол адамдардың мемлекетке деген көзқарасын білдіруі де мүмкін ғой. Сондықтан менің айтарым: мұны мемлекеттік деңгейде көтеріп аяғына дейін жеткізу керек.
Мына мәселені айтайын: Рәміздерді қорғайтын арнайы комиссия бар. Сол комиссияда әр облысты талқылаған кезде, Елтаңбаның ескіруі, тудың түсінің өзгеруі, әнұранның бұзылуы жиі сөз болады. Сол кездің өзінде жүздеген ескертпелер келеді. Прокуратуралар соның отыз-қырықына әкімшілік жазалар береді. Осыдан менің түйгенім: мұндайларға қатты жаза қолданбасақ, олар әр өңірде қайталай беретіні белгілі.

Нағашыбай Қабылбек

(234)