Браконьерлердің жолын кесудің жаңа амалы

«Қарақия-Қаракөл» мемлекеттік зоологиялық табиғи қаумалы бөлігіне қарасты Қаракөл көлінде мекендейтін құстардың нақты санын білуге кіріскен Ақтау қаласы химиялық-биологиялық бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының Ақтаудағы «Жасыл әлем» клубының мүшелері экологиялық туризмді дамыту арқылы, құстарға қырғидай тиетін браконьерлердің жолын кесуге болатынына сенімді. 

Еліміздегі ерекше қорғауға жататын Қаракөл көлінде бүгінде мекендейтін құстар санын санау дарынды оқушылар Дана Есбергенова және Назира Қыдырбаеваға сеніп тапсырылса, оларға жетекшілік еткен Назарбаев зияткерлік мектебі директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары Бақытгүл Жақсылықова және тәуелсіз эколог Әділбек Қозыбақов болатын. Сондай-ақ шараға ерікті-биолог Нұрлыхан Исмаилов, Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының инспекторлары Айберген Сейтназаров пен Жолберген Сардарбеков қатысты.


Дүрбінің көмегімен оқушылар 1 ақсары ителгі, 2 дара сыбырлауық-аққу, 7 сұр көкқұтан, 40-50 бізтұмсық, 55 суқұзғын және 300-350 фламинго құстарын санап шықты. Сонымен қатар шағалалар мен үйректер болды, алайда олар есепке алынған жоқ. Табиғи қорық инспекторларының айтуынша, өткен наурыз айының өзінде мұнда 3000-ға жуық фламинго құстары болған.
«Көктем мезгілінде Қаракөл көлінде фламинго құстары наурыз айында көп болады және олар үйір болып жүреді, яғни оларды санау қиындықтар туғызады. Күш жинаған соң құстар өздерінің ұяларына қарай қайта ұшып кетеді. Ал олардың орнына құстардың басқа түрлері ұшып келеді. Бүгін біз тек бір бөлігінің ғана көріп отырмыз, ал ертең-ақ бұл жердегі құстар саны мыңнан асып түспесе кем түспейді. Фламинго құстары әр кезде әрқалай, бірде саны тым көп болады, бірде ұшып келетіндер өте аз болып жатады», — дейді табиғат жанашыры Айберген Сейітназаров.
Өз кезегінде ерікті-биолог Нұрлыхан Исмаилов қоқиқаз (фламинго) еліміздің қай аймақтарында қыстайтыны туралы айтып берді: «Ақмола облысында Теңіз-Қорғалжын деген атауға ие үлкен көл бар. Онда жоғалуға айналған сирек кездесетін құстар мекендейді. Олардың қатарында осы қызғылт қоқиқаздарды (фламинголар) кездестіруге болады. Жалпы Қорғалжын қорығы Әлемдегі ерекше бақылауды талап ететін Рамсар Конвенциясының «А» тобына кіреді. Бұл сулы-батпақты алқаптың (СБА) халықаралық маңызға ие екендігін айтып өткім келеді. Ал Маңғыстау өңіріне келетін болсақ, Каспий теңізі жағалауының солтүстік-шығыс бағытында орналасқан Қайдақ аумағында осы фламинго құстары ұя салады».


«Қаракөл өзені» сулы-батпақты алқапты сақтау және зерттеу ғылыми жобалары бойынша жұмыстанып жатқан жас ғалымдар тарапынан қойылған барлық сұрақтарға сарапшылар тарапынан тұшымды жауаптар берілді. Мәселен, Қаракөл өзенін қорық инспекторлары қорғайтынына қарамастан, кейде браконьерлер құс атуға шығатындығы туралы оқушылар хабардар болды. Инспекторлардың айтуынша, көл бойына толықтай бақылау жүргізу үшін тәулік бойы демалыссыз кезекшілік ұйымдастырылуы қажет, алайда бұл әзірге мүмкін болмай отыр.
Тәуелсіз эколог Әділбек Қозыбақов өз сөзінде, көлді көруге ниет білдірген туристерге күнделікті осында келіп тұру мүмкіндігі жасалса, браконьерлердің бұл аумақта төбе көрсетулері екіталай екендігіне толықтай сенімдімін деді.
Сарапшылардың пікірінше, Қаракөл өзенін туризмнің экологиялық нысаны ретінде дамыту үшін, ең алдымен ағартушылық сулы-батпақты орталығын құрып, экологиялық соқпақтар төсеу және шолу мұнарасын орнату қажет.
Ал экологиялық шараны қорытындылаған Назарбаев зияткерлік мектебі директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары Бақытгүл Жақсылықова жануарлар әлемін қорғауға қызығушылық танытқан еріктілер мен оқушыларға алғысын жеткізіп, алдағы уақытта мұндай шаралар міндетті түрде жалғасын табатынын айтты.

Кәмшат Ізбасарова,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

(10)