Бейжіңде «адамзат ұрығы» қоймасы бар…

Бейжің университетіне қарасты №3 емхананың «адамзат ұрығы қоймасы» сәуірдің 4 күні емхана сайтына ұрық донорларын қабылдау туралы жарнама жариялаған. Алайда донор болғысы келетін еріктілерге қойылатын басты талаптары жұрттың күлкісін келтірді. Яғни спермасын тапсыратын еркектердің саяси көзқарасы анық болуы керек екен.
«Социялистік отанды қызу сүю, коммунистік партияның басшылығына бойсұнып, партияның істеріне өмір бойы адал болу» дейтін басты талапты, ғаламтор қолданушылар сан-саққа жүгіртіп жатыр. Журналистердің алды емхана қызметкерлерімен де хабарласып үлгірген. Олардың кейбіреулері сперма донорларына қойылатын саяси талапты «маңызды шарт емес» деп қараса, екіншілері «бұл талаптарды емхананың баспасөз, үгіт қызметіне жауапты адамдардың шығарып отырғаны» деп түсінік беріпті.

Саясатты барлығынан маңызды орынға қоюды барынша дәріптеп, қоғамның барлық тыныс-тіршілігін айналдырып әкеліп коммунистік партия мен оның «көсемі» Си Цзиньпинның көреген басшылығымен байланыстырып қарау қазіргі таңда Қытай елінде дағдыға айналып бара жатыр. Қайнаған өмірдің арасындағы осы шағын мысалдың өзі көп нарсені аңғартатын секілді. «Адамзат ұрығы қоймасын» толықтыру үшін бейжіңдіктерге айтылып жатқан сауынның шарттар бойынша «жасы 20-дан төмен, Бейжің қаласында кем дегенде бір жылдан бері тұрақты тұрып жатқан, партия басшылығына құрмет ететін, ешқандай саяси проблемасы жоқ» адамдар ғана аталмыш емхананың ұрық қоймасын өздерінің «мәни суларымен» толықтыруға лайықты болмақ. «Жұқпалы аурулардан ада, шаштары түспейтін…» деп жалғасып кете беретін өзге талаптары ақылға қонымды дегенмен, еріктілердің саяси көзқарасы туралы шарты жұртқа ерсі сезілген.
Осы өлшемдерге лайықты жігіттер 2018 жылдың 23 мамырына дейін емханаға келіп құжаттарын тапсырып, медициналық сараптамадан өтулері тиіс. «Партияны шын сүйетін азаматтардың» денсаулықтары жарамды болса, 10 ретке дейін сперма тапсыруларына болады. Еріктілердің көрсеткен қызметтері үшін 5500 юань (мөлшермен 850 АҚШ доллары) сыйақы қарастырылған. Бұл хабар тарала салысымен ғаламтор қолданушылардың қызу талқысына мұрындық болды. Гонконгтің тәуелсіз басылымдары бірден емханамен байланысқа шығыпты. Журналистің «Гонконг азаматтары донор бола ала ма?» деген сұрағына жауап берген «Ұрық қоймасының» қызметкері «кешіріңіз» деп тұтқаны тастай салған. Ал Франция басылымдары болса, «Қытайдың сперма банкі компартия басшылығына табанды болу талабын қойып жатыр» деген тақырыпта мақала жариялап «коммунистік партияның идеологиясын, әйелдердің жатырына дейін тықпалап» жатқан науқаншылдыққа «жағаларын ұстапты».
«Адам сапасын жақсарту үшін сперма донорлары қосынын бекемдей түсуді» көздеген Қытайлық мамандар осындай саяси талаптарды қою арқылы «қызыл сперма» жинап алуды ойластырып жатқаны байқалады. Арғы жағы Маркс, Энгелстен берісі «күн көсем» Маодан нәр алған, компартияның басшылығы арқасында өмірге келіп, қызыл үкіметтің саясында ержеткен «таптық көзқарасы айқын» жігіттерден ғана жиналатын «асыл тұқымдар» соңғы кезде Қытайда белең алып бара жатқан бедеулік пен белсіздік мәселесін шешіп, нәресте сүюді армандаған отбасыларға қуаныш сыйламақ. Яғни адам геніндегі тұқым қуалаушылықтың арасында, «саяси тұқым қуалаушылықтың» да болатындығын дәлелдегісі келетін сияқты. Оны да болашақ көрсетеді. Ал «қызыл сперма» жинауды мақсат еткен жарнама 6 сәуір күні барлық сайттардан өшіріліп тасталғанымен, күллі дүние күлкілерін тия алмай жатыр.

Ерқазы Сейтқали

(589)