Баталов жаңа аудандарға батасын берді

Жуырда  Мемлекет басшысы  Н.Назарбаевтың   Алматы облысының  әкімшілік-аумақтық  құрылысындағы өзгерістер туралы Жарлығымен  Райымбек ауданы екіге   бөлінгені мәлім болған еді. Осыған орай  Алматы облысының әкімі Амандық Баталов  жаңадан ашылатын  Кеген және Нарынқол өңіріне жұмыс сапарымен барып, Кеген мен Райымбек аудандарының активтерімен кездесіп, жаңа әкімдерді таныстырды.

Облыс басшысы Нарынқол ауылында Райымбек аудандық мәслихатының сессиясына қатысып, аудан әкімінің лауазымына Жолан Омаровты ұсынды. Облыс басшысының бұл ұсынысы депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Орталықтан шалғай жатқан Нарынқол ауылы ендігі жерде Райымбек ауданының орталығы болмақ. Бұл оңтайлы шешімін тапқан хабар қалың жұртшылықты қатты қуанышқа бөледі.
Осыған орай Амандық Баталов қысқа мерзімде аудандық мекемелер, халыққа қызмет көрсету орындары отыратын ғимараттар анықталып, жөнделіп, ретке келтірілетінін, штат бірліктері беріліп, жас мамандар қызметке алынатынын, ауызсу жүйесі мен газ құбырын тарту да жоспарланып отырғанын айтты. Сонымен қатар жаңадан тағайындалған аудан әкімінің алдына бірқаттар міндеттер қойды.
— Мемлекет басшысының салиқалы шешімі бәрімізді де үлкен қуанышқа бөледі. Жиырма бір жылдан кейін шекаралық аймақта орналасқан Нарынқол ауылы аудан орталығы болып қайта түлейтін болды. Біз өз тарапымыздан барлық қолдауды көрсетеміз. Осы өңірден шыққан қалталы кәсіпкерлер де бұл іске өз үлестерін қосса дұрыс болады. Қазірдің өзінде осы ауданға мал бордақылау алаңдарын салсам, сүт тауарлы ферма ашсам, мектеп салуға жәрдемдессем деп ниеттеніп жатқан кәсіпкерлер бар. «Бүркіт» отын-энергетика компаниясының директоры Л.Ботабекова Нарынқолға кіреберіс арканы салып беремін деп ұсыныс жасап отыр. Осындай елжанды азаматтарды ортақ іске көптеп тарту қажет. Ирригациялық жүйелерді де ретке келтіріп, картоп өндірісін дамытамыз, оған қажетті 2 сервистік-дайындау орталықтарын құрып, тұқым сепкіш, трактор, картоп жинайтын комбайн сияқты қажетті техниканың барлығын алып береміз. Фри картобын дайындайтын голландиялық «Farm Frites» компаниясы инвестиция салып, облыста жұмыс істейтін болады. Оған қоса Алматы қаласының картопқа деген сұранысы жылына 130-140 мың тонна, біздің облыстың тұтыну мөлшері де 150 мың тонна шамасында. Сондықтан картоптың нарықтағы сұранысына сай жұмыс істеу, осындай ауқымды істердің бәріне ұйытқы болып, ұйымдастыруда аудан басшылығына зор міндет жүктеледі, – деді өңір басшысы А. Баталов өз сөзінде. Сонымен қатар осы алқалы жиынға облыстың барлық аудан, қала әкімдерін арнайы шақырғанын, Нарынқол өңірін көркейтуге әрқайсысы өз үлестерін қосатынын жиналғандарға жеткізді.
Осы жаңадан шаңырақ тіккен ауданға Алакөл ауданы спорт алаңы мен сквер, Талдықорған қаласы кроссфит салып бермек, Қаратал ауданы 1 жарым шақырымға заманауи жарықтандыру бағаналарын орнатпақшы. Осылайша, өңірдің барлық аудандары мен қалалары Райымбек ауданының жаңа орталығын абаттандыруға өз үлестерін қоспақшы.
Актив жиынында мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, еңбек ардагері Бақыт Оспанов, аудандық ақсақалдар және ардагерлер алқасының төрағасы Сабыр Досымбеков және басқа да азаматтар сөз алып, ең алдымен Елбасының атына ризашылықтарын жеткізді.
Жаңа шаңырақ тіккен ауданның әкімі Жолан Омаров өзіне жүктелген сенімнен шығатынын жеткізіп, алдағы жоспарларын қысқаша таныстырды. Мәселен, биылғы жылы картопты 100 гектарға сепсе, келесі жылы оның көлемін еселеп өсірмек. 2020 жылға қарай аудан бойынша 130 мың тонна картоп жинау жоспарланып отыр. Бұдан өзге де әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсартуға бағытталған жобалар баршылық.
Сондай-ақ сол күні өңір басшысы жаңадан құрылған Кеген ауданында іссапарын жалғастырып, мәслихат депутаттарының қолдауымен, Президент Әкімшілігінің келісімімен аудан әкіміне тағайындалған Талғат Байеділовті аудан активіне таныстырып, алдағы атқарылар шаруаларға қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Оның ішінде картоп өсіру , шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту және басқа да салалар бар.
— Ауданды екіге бөлу шараларына бюджеттен 2 млрд. теңге қарастырылды. Бірақ мұның сыртында тұрғын үйлер құрылысына, инфрақұрылымдар жүр-гізуге, техникалық жабдықтауға, басқа да осындай маңызды шараларға қосымша қаржы береміз. Қатар жатқан екі ауданды бір-бірінен бөлмей бірдей көмек көрсетеміз. Екі аудан бір-біріне қолдау көрсетіп, жарыса жұмыс істейді деп сенемін. Кеген ауданының туризмді, ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндігі мол. Мұнда Мойнақ ГЭС-і бар. Сондықтан барлық әлеуеттеріңізді тиімді пайдаланып, өлкеден шыққан кәсіпкерлерді де тарта отырып, үлкен істерді тындыруға тиіспіз. Бүгінге дейінгі басталған жобаларды жаңа әкім сәтті жалғастырып, оның жемісін халық көруі тиіс, — деді А. Баталов өз сөзінде.
Жиында ардагерлер де сөз алып, Елбасының оң шешіміне, игі бастамаларға алғыстарын жеткізді. Біраз жылдан бері шешімін күткен «Құмтекей» каналы үшін 50 млн. теңге бөлініп, қалпына келтірілгеніне, картоп өндірісіне қатысты жобалардың басталғанына қуанғандарын айтты. Екі аудан әкімдерінің жұмыстарына табыс тілеп, ақсақалдар баталарын берді.
Анықтама ретінде айта кетсек, жаңа өзгерістерге сәйкес Райымбек ауданына 11 ауылдық округ және 20 елді мекен кіріп, аумағы 711,9 мың гектарды құраса, Кеген ауданы 710,3 мың гектар аумаққа және 12 ауылдық округ, 34 елді мекенге ие болды.

Нұрила Бектемірова

(7)