АҚЫРТАС Жамбыл облысындағы туристер көп келетін нысандар қатарында

 Жамбыл облысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қатысуымен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне және Қазақстанның жалпыұлттық маңызы бар киелі жерлерінің тізіміне енген, зерттеу тарихына 130 жылдан астам уақыт кеткен   «Ақыртас» кешені ашылды. Кешеннің ашылуына археологтар, тарихшылар, министрлік өкілдері, мұражай басшылары,  Алматы, Астанадан келген БАҚ өкілдері қатысқан болатын. 

Ақыртас — VIII-IX ғасырларда салынған сарай кешені. Құрылыс материалдары тас және пішімі малға шөп салатын ақырға ұқсас болуына байланысты «Ақыртас» деп аталған. Ол алыстан көрініп тұруы үшін таудың үстіне төртбұрышты жобамен салынған. П. И. Лерх Ақыртас салынып бітпеген будда ғибадатханасы десе, академик В. В. Бартольд несториан ғибадатханасы деген болжам айтқан. Археолог Т.К.Басеновтың жазуына қарағанда Ақыртас салынып бітпей қалған ірі бек сарайының іргесі. 1996 жылғы зерттеулер барысында Қазақстан және Франция ғалымдары Ақыртас 8-11 ғ. жататын Керуен сарайдың орны болуы мүмкін деген тұжырымға келген. Өйткені құрылыс жобасы Ирак пен Сириядағы орта ғасырлық құрылыстарға ұқсас. Ақыртас 8 ғасырдың 2-жартысында, яғни 751 ж. қарлұқтар мен араб әскерлері Атлах маңында Қытай әскерлерін талқандап, екі мемлекет арасында бейбіт қатынас орнаған кезде салына бастауы мүмкін деген пікірлер бар. Археологиялық зерттеу жұмысы барысында сарай кешенінің іргетасы мен қабырғалары және ішкі бөлмелері ашылған. Нәтижесінде Ақыртас сарайының құрылысы аяқталмағаны анықталған.
Арыстанбек Мұхамеди: «Біздің мақсатымыз — Қазақстандағы тарихи жәдігерлерімізді жаңғартып, киелі жерлеріміздің картасын бір арнаға түсіру, көне жәдігерлерді дүниежүзіне паш ету. Ақыртас қалашығының тарихын одан ары қарай жандандыру үшін үш үлкен ұйым меморандумға қол қойып, соны жүзеге асыру керек. Жібек жолы бойындағы үлкен мәдени орталық «Ақыртас» болған. Осыдан бірнеше жыл бұрын тастар топырақтың астында жатқан. Қалыпқа келтіру оңайға түскен жоқ. Бұрын қалашыққа дейін асфальт жол да болған жоқ. Өздеріңіз көргендей, қазір барлығы ретке келтірілген. Келесі бағытымыз ары қарай археологиялық жұмыстарды жүргізу. Ақыртасты кеңінен насихаттау үшін әдеби, көркем шығармаға айналдыру, деректі фильмдер түсіруіміз керек. Түріксібтің кезінде бүгінгі Қазақстан темір жолдарының астына Ақыртастың тастарын апарып салған. Көп тас далада шашылып қалған. Осы тастарды тарихи орнына қайта әкелу керек. Археологиялық, реставрациялық жұмыстар жүргізу керек. Біз Жамбыл облысы әкімдігімен бірге жұмыс жасаймыз. Асқар Исабекұлы бірнеше жыл ОҚО басқарды. Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінің алдында үлкен бір орталық бар. Сол жерде қолөнер орталығы ашылды. Қаншама адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Шығармашылық жағынан шындалуына мүмкіндік жасаған Асқар Исабекұлы».


1938-1939 жылдары аталған жәдігерден 5-ақ шақырым қашықтықта орналасқан жалғыз Ақшолақ стансасында Ақыртастың тастарынан екі қойма мен бірнеше ғимараттардың іргетастары қаланыпты. «Түрксібтің» құрылысына, теміржол өткелдеріне қаланып кеткен Ақыртас тастарын қайтарып алу, ары қарай кешенді дамыту жөнінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Жамбыл облысының әкімдігі мен «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар «Ақыртас» кешенін заман талабына сай, туризм орталығына айналдырған Жамбыл облысы әкімдігі кешеннің қасынан этноауыл салмақ. Демек, кешен одан әрі түрлене түспек. Облыс басшысы ішкі туризмді дамыту жоспарларымен де бөлісті.
Асқар Мырзахметов: «Әлемде туризм арқылы экономикасын арттырып отырған елдерді білеміз. Туризм ─ табыс көзі. Қазіргі уақытта облысымыздағы ішкі туризмді дамытуға қатысты жоспарымызды белгілеп отырмыз. Осыған қатысты арнайы басқарма жақында ғана құрылды. Ең алдымен облыс тарихын оқушыларымыз қаншалықты біледі? Бір ауданның баласы басқа ауданның тарихын қаншалықты меңгерген? Осы мақсатта интернеттің дамыған заманында интерактивті сабақтар арқылы үйретуді қолға алып отырмыз. Екіншіден, нақты туризмге қажет инфрақұрылым. Тарихи кешендердің көп екеніндігін айтып отырмыз. Облыста 3400-ден аса ескерткіш болса, олардың бәрінде инфрақұрылым мәселесі туындайды. Бюджеттің қаржысы барлығына бірдей жете бермейді. Бірінші заманауи талапқа сай нысандарды анықтап жатырмыз».

Туризм саласын зерттейтін институттар жоқ

Егер сіз Түркияға түріктің ұшағымен ұшатын болсаңыз, ұшақта сізге міндетті түрде Түркияның туристер көп келетін ең әдемі жерлерінің видеосын көрсетеді. Бұрыш-бұрышта тұрған түрік саудагерлері сізге тауарын алдыртпай жібермейді. Балмұздақ сату дәстүрі қанда й! Мейрамханасынан тамақтансаң, тәттісін тегін береді. Түркия туризмі жайлы ақпаратқа оңай қол жеткізесің. Тіпті Моңғолия елінің әуежайына кірген бетте, ел туризмі жайлы ағылшынша кітаптарға қарық боласыз. Өзіңізге керекті ақпаратқа бірден қол жеткізесіз. Қазіргі уақытта интернетте туризм жайлы ақпарат, видео-контенке көз сүрінеді. Мысалы, Малайзия сапарында қасымызда жүрген гидтің «Ақпарат керек болса, интернеттен оңай табасыздар!» — деп әуежайдан шығарып салғаны есімде қапты. Бейжиңде жүргенде бір ескерткішті көру үшін кезекке тұрдық. Адам көп. Ескерткішті көрген кезде, щалқамыздан түстік. Тасбақа мүсіні. Қытай санасында «қасиетті тасбақа». Басынан сипасаң, ұзақ өмір сүреді екенсің. Сегіз санын бақыт деп тапқан, жеті санын жауындай қас көретін қытайлықтарды туризмге қатысты институттар әбден зерттеген. Бізде ше? Департамент «бізге жылына үш мың мен он мың арасында туристер келді, кетті», — деп бір мәлімет бере салуы мүмкін. Алайда әр туристің нені жақсы көретіндігін, неге қызығатындығын, уақытын қалай өткізгісі келетіндігін білу туризмді дамытудың бірден-бір кепілі екенін жіті түсіне қойған жоқ. Елімізде туризмді дамыту үшін өзге халықтарды не қызықтыратынын арнайы зерттейтін институт жоқ. Мысалы, Еуропада көптеген зерттеу институттары бар. Олар азиялықтарды не қызықтыратынына аса мән береді. Осы жолда ізденістер жасап, зерттеу жүргізеді. Сингапурда арнайы институт бүкіл әлем елдерінің ерекшеліктерін зерттеп, кітаптар жазып, баспадан бірнеше дүркін шығарған. Америка, Түркия, Нидерланды, Жапония т.б. елдер шетелдік туристерді таңғалдыру үшін арнайы зерттеу жүргізеді. Түркияда азиялық туриске бөлек, еуропалық туриске бөлек қызмет көрсетеді. Себебі әр елдің менталитеті әртүрлі. Қарапайым мысал. Жасыл туризм ұғымын осыдан жеті жыл бұрын Түркия маңынан шыққан еріктілер анықтаған. Түркияның оңтүстік аймағында жылына отыз миллион турист келеді екен. «Сол отыз миллионның ең болмағанда бір миллионы неге солтүстік аймаққа келмейді?» — деген сұрақ туындаған. Түркияның солтүстік аймағының ландшафты таулы аймақ, жасыл табиғат, сарқыраған су, бірақ климаты кішкене салқындау. Сөйтіп олар біздің бұл ландшафт кімдерге ұнайды, кімдерге жақын, кімдерде мұндай ландшафт жоқ деп зерттеген. Анталия аймағына келетін туристерді зерттеп, араб түбегінен аз келетінін анықтаған. Содан жасыл туризмді дамытуды мақсат еткен бес азамат Түркияның таулы аймағында орналасқан, ортасында кішігірім көлі бар Йешилкоуды жарнамалауды ұйғарып, мұнда 5 жылда үш миллион турист әкелуді мақсат етеді. Сөйтіп араб түбегіне барып, бір жыл арабтарды зерттеген. Арабтар нені жақсы көреді? Қай аймақта демалғысы келеді? Анталияға неге аз келеді? Сөйтсе, арабтар салқынды, таулы аймақты, жасылды жақсы көреді екен. Өкінішке орай, бізде шетелдік туристерді ғана емес, қазақстандықтардың өзі неге қызығады деген арнайы зерттеу нәтижелері жоқ. Бізде «жабайы туризм». Ал шетелдіктер үшін қазақтар теңіз жағалауын, күнге күйгенді ұнатады. Қазақстандағы туризм көрмелерінде көбіне теңіз жағалауындағы туризм кешендері насихатталады.

Компанияға жүктелген міндет те, жауапкершілік те жоғары

Бір жыл бұрын елімізде «Қазақ туризм» ұлттық туризм компаниясы құрылған еді. Саясаткерлер мен блогерлердің басын қосып, Алакөлге апарғаны есімізде қалыпты. Сол кезде Анталияға алып кетпей, Алакөлге апарғанына шүкір еткенбіз. Заты ұлттық компания болғандықтан, оған жүктелген міндет те, жауапкершілік те жоғары.
Бірнеше жыл бұрын Малайзияның Алматыдағы консулы бірнеше журналисті Малайзияға саяхаттауға апарды. Жалғыз біз емес, 19 елден журналистер шақырған екен. Әсіресе Германия, Қытай, Үндістан елдерінен келген журналистер өте көп болды. 10 күнге созылған саяхатымыз Туризм және Мәдениет министрлерінің қатысқан ресми есеп беру және Малайзия елі, малай ұлтының, Малайзияда мекен еткен этностардың ұлттық ерекшеліктерін таныту мақсатында ұйымдастырылған үлкен концертпен ашылды. Тіпті, жергілікті «MUD» театрының Малайзияның астанасы Куала-Лумпурдың қалай пайда болғанын, астана боп қалыптасқанынан толықтай ақпарат беретін ағылшын тіліндегі мюзиклы көрсетілді. Ғажап. Бір-ақ күннің ішінде малай ұлты туралы түсінігіміз қалыптасты. Журналистер үшін жасаған дайындықтың жоғары деңгейде болғанын бірден байқайсыз. Саяхаттан оралған соң Малайзия туралы сериалы бірнеше мақала жарияладық, консул қызметкерлері бақылап отырды. Байқағанымыздай, Малайзия елінің Алматы консулында арнайы туризммен айналысатын бөлімі бар. Жалпы мұндай бөлімдер барлық елшіліктерде бар. Қазақстанның шетелдердегі елшіліктерінде ше? Туризммен айналысатын бөлімдері болған жағдайда, Мәдениет және спорт министрлігі, Туризм департаменті қаншалықты тығыз қарым-қатынаста істер атқарып жатыр? Бүгінге дейін шетелден журналистер келіп, Қазақстан туризмі жайлы кеңінен жазып, шетел басылымдарында жарияланды дегенді кездестірдіңіздер ме? Бар болған күннің өзінде өте аз. «Қазақ туризм» ұлттық туризм компаниясы немен айналысады? Бір жылдың ішінде нендей қызметтер атқарды? Бүгінде көшпенді халық ұрпағының «Nomad» туризмге көңіл бөлмеуі де қызық. Баспасөз конференциясында компания басшыларына құлаққағыс еттік. Қазақстанда неміс әйелі осы туризм түрімен айналысады екен. Бір аймақты жалға алып, киіз үйлер құрып, еуропалық туристерге көшпенділердің салт-дәстүрін көрсете отырып қызықтырады. Еуропалықтар Шығысқа ғашық. Әсіресе таңғажайып салт-дәстүрімізді көріп, ән-күйімізді тыңдап, ұлы даламызды, ежелгі қалаларымызды тамашалап, бай дастарханымыздан дәм татқанда, аузын ашып, көздерін жұмады. Інжу-маржандарымызды, асылдарымызды тиісті дәрежеде көрсетіп, насихаттай алмай жүрміз. Өзгеріске ұшырамай табиғи қалпын сақтаған аймақтарға жасалатын саяхат түрілері ─ жасыл туризм, ландшафтық туризм, балаларға арналған экотуризм. Мұның шығу негізі табиғат аясын тазалау мақсатымен басталған. Ерікті адамдарды жинап, табиғатты ластықтан тазарту көзделген. Кейіннен кең таралып, табиғи аймақтарды тазалаудың соңы туризмге, коммерцияға айналған. Қазақстанның әсем табиғаты экотуризм түрлерін емін-еркін дамытуға өте қолайлы. Тек «Қазақ туризм» ұлттық туризм компаниясында құлшыныс болса болғаны.

Бауыржан Карипов
Суреттер автордікі
Алматы ─ Тараз ─ Алматы

(12)