Асан қайғы Жәнібек ханның тұсында өмір сүрген емес!

«Қазақ әдебиетінің» мыжымасынан соң…

Өмір өзгереді. Бала киімі үнемі шақ бола бермейді. Өзіміздің немқұрайлылық пен жайбасарлығымыздан ақиқаттың ажарына ақау түсіріп, аңыздан арыла алмай келе жатқанымызға кім кінәлі? Өткен ғасырдың ортасында шыққан 9-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығы әлі сол баз баяғы күйінде 25 рет басылым көріпті. (?) Сегізінші сыныпқа арналған оқулықта мынандай берілген анықтама кездеседі: «Ауыз әдебиетіндегі әңгіменің бір алуан саласы — аңыз. Аңыз негізінде әңгіме түрінде болады. Кейде өлең, жыр түрінде болуы да мүмкін. Аңыз белгілі бір адамның атына, іс-әрекетіне байланысты туады. Кейде аңыз әңгімеде де шындық оқиға мен қиял-ғажайып оқиға араласып келіп отырады. Бұл жағынан алғанда аңыз бен ертегі екеуінің арасы жақын. Негізгі айырмасы аңыз әңгіме көбінесе болған адамның басына құрылады. Әуелде тарихта шын болған, кейін сондай адам болыпты-мыс деп, ел аузында лақапқа айналған адам әңгіме етіледі». Неткен мыжыма! Бұл тұжырым айнақатесіз 9-сыныпқа арналған оқулықта да жүр. 8-9 сыныптарға арналған Қазақ әдебиетінде: «Аңыз әңгімелерге қиял элементі қаншама көп араласса да, әлгі аңызға айналған адамның өзі кәдімгі қарапайым адамның қатарында қала береді. Қазақ аңыздарындағы Асан қайғы, Жиренше шешен, Қорқыт, т.б. бәрі де шындықтағыдай, жай (жәй) адамдар ретінде суреттеледі», — деп қайта-қайта қайталайды. Біз әдебиеттен қандай тәрбие-өнеге беріп келеміз. Бүйтіп жоғарғы сыныптарға арналған жойдасыз қайталана берген соң, оқушылардың зықысы шығып, мезі болмай қайтеді?

Асан қайғы мен Жиренше кездескен бе?

Аңыз бен ақиқаттың Асанқайғы мен Жиренше айналасында толып жатқанында дау жоқ. Әсілі, ақиқат ақ жүзінің беті ашылғаны керек-дүр.
Асанның тауып моласын,
Соған тәуәп етейін.
Моласына түнейтін,
Ақ батасын күтейін,
«Жолымды қу» десе болғаны,
Басқа жолды не етейін?
Әз Жәнібек сендер бол,
Мен Асан боп өтейін! — деп Мағжан Жұмабаев «Еділде» толғауында не үшін жер-көктің шартарабын оймен шарлап, зар илеп өтті? Жалпы Асан өмірде болған адам ба? Қалайша есіміне Қайғыны жамап алған? Зерттеушілердің біразы оны Қазақ хандығының ұраншысы етіп, Жиреншеге қосақтап, екеуін кездестіруге неге құмар? Олар әр дәуірде өмір сүрген жоқ па?


Мемлекеттік сыйлықтың иегері жазушы Ә.Сарай («Ноғайлы», «Арыс», 2009ж., 103-бет) М.Мағауиннің   қателігін айнытпай қайталап, жаттандылыққа ұрынады: «Аңыздар қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек хан мен Асан қайғының бірде ащы, бірде тәтті қарым-қатынаста болған тұстас, тұрғылас  ретінде суреттейді. Ал Асан қайғының өлеңдеріне қарағанда, ол біршама уақыт Жәнібекке ілесіп, қазақ хандығының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған сынайлы». Әлкей Марғұлан да сипақтап «Аңыз, жырлар» жинағында Сыпыра жыраудың тек Темір Әмірдің заманында өмір сүргеніне сілтей кетеді. Олары несі? Сонда кімге сену ләзім?


Асан қайғы — тарихи тұлға. Құрбанғали Халиды (Аягөззи) 1910 жылғы қазандағы «Өркен» наширятінде басылған «Тауарих хамса» атты кітабында шамамен құдіретті қаһан Шыңғысханның кезінде өмір сүрген тәрізді. (Темірші) Ол бір құжатта 1155 жылы, ал басқа бір деректе 1160 жылы дүниеге келеді. Майқы бидің алтыншы ұрпағы десе, өзге талапкерлер аққу-шортан оқиғасындағыдай бір бәтуа мәмілеге келе алмай әр тарапқа тартады. Не дегенмен ол бізге аңызбен қатар жеткен адам. Шоқан Шыңғысұлы Уәли Хан — лауазым. Атасының азан шақырып қойған ныспысына өзі қосып алғандай. (1771 жылы Абылайхан қайтыс болғанша осы есіммен жүрді емес пе?), М.Әуезов, Ә.Марғұлан және басқалардың еңбектерінде ол солай кейіптеледі. Алтынорданың соңғы хандарының бірі Жәнібек тұсында ғұмыр кешкен күрделі кісі. Ақылман, Ақын, Абыз, Аталы сөздің алтын қайнары. Батыс қиялшылдары Т. Кампанелло (1568-1630 ж. Италия), «Күн қаласы», «Қиял» туындыларын қалдырған Т.Моррдан (1477-1535 ж. Англия) ең кемі бір жарым ғасыр бұрын адам баласына «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» заманды аңсап, сол ауыр жылда халық қамы үшін уәйім мен қайғы жеп, қойы жиі қоздап, адамы жүзден аса жасайтын жаннат боларлықтай жерұйықты шарық ұра іздеп, мамыр мекенжайды армандайды. Ол кісәпірлігі үшін құдай қаһарына ұшырап, өмірбақи кезбелікке кесілген «Мәңгі жөйіт» Агасфер де емес. Оның жерұйығы Рерихтер Алтай, Бұланай мен Тибеттен тапқысы келген Шамбалаға да жатпайды. Асан қайғы ұлы даланың әр пұшпағында болып, әр жерді ыңғайына қарай суреттеп, сипаттама береді. Оларды данышпанның аузымен айтылды қылып, халықтың өз қиялынан туғызуы да ықтимал.
«Адасқанның алды жөн, арты-соқпақ». М.Мағауин айтады: «Алтынорда әміршілерінің бірі Ұлуғ Мұхаммед XV ғасырдың 20 жылдарында сарайдан қуылып, Витовті паналағанда, кейінірек Қазанға хандық құрған. Біздің назар аударатынымыз Асан өмірінің біраз уағы осы Ұлуғ Мұхамметханның төңірегінде өтеді. Асан қайғы алдымен Сарайда, кейінірек Қазанда ханның оң тізесін (сол тізесі емес) басқан ықпалды бектерінің бірі болғандығы айтылады.
Бұдан соңғы жерде Асанды Қазақ хандығында, Жәнібек ханның маңынан көреміз. Асанның нақты қай жылы, қай жерде өлгені белгісіз.
Жәнібек, Керейлермен бірге Шуға келерден бұрын, Ұлуғ Мұхаммедтің құзырының кезінің өзінде ол егде тартып қалған адам. Соған қарағанда Асан қайғының өмір сүрген дәуірі XV ғасырдың іші» (8-том, «Қағанат», 2002 жыл, 24-бет). Олай емес. 1437 жылы Ноғай ордасының беклер бегімен бірлесіп, Көшім Мұхаммед оны тақтан тайдырған соң Еділ бойын жоғары өрлей келіп, Ұлы Мұхаммед Қазан қаласының іргетасын қалап, хандықта билік жасайды. Ақылгөй ретінде Асан қайғы қасында болуы мүмкін.
Филология ғылымының докторы Ханғали Сүйінішәлиев былай дейді: «Қазақ ғылым Академиясының қолжазба қорындағы көптеген аңыздарды салыстырғанда Асанның әкесі — саятшы Сәбит, шешесі — Салиха, ал оның әйелінің аты — Күлжазира сұлу, баласы Абат батыр екені көрінеді.
«Енді бір қолжазба деректе Асан қайғы Орманбет хан өлгеннен кейін сары Ноғай, қара Ноғай болып бөліне көшкенде 120 жаста екен. Ал Орманбет хан 1420 жылы өлген. Ноғайлардың бөлінуі бұдан біраз кейін 1450 жылдар шамасы. Олай болса Асан 1330 жылдары дүниеге келген». Көрнекті ғалымға неге құлақ түруге болмайды? Еңбектің тағы бір тұсында өз ойын нықтап нығыздай түседі: «Шамасы, ол 1330 жылы туып, 1450 жылы өлген», — деп топшылайды («Қазақ әдебиетінің тарихы», «Санат», 2000 ж.).
Араб жиһанкезі Ибн Баттута да қызық бір жайды алға тосады. 1334 жылғы мамыр айының басында Бестау (Пятигорск маңында көктаудаТоқтамысты өлтіріп, мұсыл-мандықты қабылдамаған төрелерді қан қақсатқан Өзбек ханның ордасында болғанын сүйсіне суреттейді: «Орасан шатыр ортасында алтыннан апталып, асыл тастармен безендіріліп жарқыраған хан тағы орнатылыпты. Оның аяқтары нағыз нақыра күмістен жасалғандай. Өзбек хан қақ ортаға жайғасыпты, оң жағында бәйбішесі Титігілі (Тәттігүл болуы да кәдік) мен Кебек, солында Баялун мен Араша қатындар. Тақ алдында Өзбек ханның балалары тұр: оң қанатында сүйіктісі Һәм мұрагері — Тыныбек, ортада — қызы Иткүшік, сол жағында — шейх Ибн Әбі Әл-Хамидтің шәкірті Жәнібек». Орда бұзар отыз жасында 1312 жылы басты қарсыласына қастандық жасатып, төре тұқымына қырғидай тиген Өзбек кемеліне келген қаһарлы хан еді. Жолжазбаға қарағанда ол кезде Тыныбек те, Жәнібек те әлі жасөспірім. Қанша өкініп, бармақ тістегенмен жазбагер бұнда жас Асан туралы тіс жармайды. 1342 жылы ағасы Тыныбек пен інісі Қызырбекті (Қыдырбек) өлтіртіп, тақ иемденген, у төккен Жәнібек әлі де күш-қуаты мен беделі, атағы аспандап тұрған еді. Алтынорданың ықпалды соңғы хандарының бірі болып, астанасын Сарайшыққа көшіріп он бес жылдай ыдырау алдындағы алып қағанатты ырду-дырдусыз жеке дара биледі. Қажытарханды кеңейтіп, Жайық жағасындағы жасанды әуіз-әуітке шекер төктіріп, құс төресі аққуды құла дінге ілдірді.

Тарих ойыншық емес, сыпыртып жаза беретін

Біздегі көп оқымысты атын жамылып жүргендер хандар, батырлар мен бағыландар туралы туған мен өлген жылдарын шатастырып, өздері білмесе ізденбей сырғыта өте шығуға дағдыланғандай. М.Мағауин да жиі сөйтеді. А.Құнтөлеулы Әл-Құланды «Едіге би және Ноғай ордасы» деген кітабында Доспанбет жырау (1490-1523жж.), Шалгиіз (1468-1560 жж.) уақыт арасын көрсетеді. Мемлекеттік сыйлықтың иегері жазушы Ә.Сарай («Ноғайлы», «Арыс», 2009ж., 103-бет) М.Мағауиннің қателігін айнытпай қайталап, жаттандылыққа ұрынады: «Аңыздар қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек хан мен Асан қайғының бірде ащы, бірде тәтті қарым-қатынаста болған тұстас, тұрғылас ретінде суреттейді. Ал Асан қайғының өлеңдеріне қарағанда, ол біршама уақыт Жәнібекке ілесіп, қазақ хандығының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған сынайлы». Әлкей Марғұлан да сипақтап «Аңыз, жырлар» жинағында Сыпыра жыраудың тек Темір Әмірдің заманында өмір сүргеніне сілтей кетеді. Олары несі? Сонда кімге сену ләзім? Әрине, ұзақ жылдар ЖОО ұстаздық етіп, қазақ әдебиеттануында недәуір із қалдырған ғұлама ғалымның уәжі шарасыз мойын бұрғызады. Өйткені Х.Сүйінішәлиевтің айтқан ғылыми болжамдары жобаға келеді. Сонау итарқасы қияндағы Еділ-Жайық жағасынан ақылманның шау тартқан кезінде келіп, қазақ хандығына кеңесші болып, Жетісудағы Жиренше шешенмен жүздесіп кездесуі екіталай. Жас ғалым, тарих ғылымының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев: «Жұртын Жерұйыққа жеткізем деп өткен бабамыз Асан қайғы Сәбитұлы тұлғасына ден қойғанбыз. Өкінішке қарай, күні бүгінге дейін қазақ әдебиетінде дала данышпанының дара тұлғасына (?) табынатын толымды шығарма жарық көрмепті. Тарихшыларымыз терең зерттемепті, суретшілеріміз Асан ата бейнесін сомдамапты, ел-жұртты елең еткізетін еңселі ескерткіш жоқ екен», — деп бастап, талдай келіп Алтынорда ханы Жәнібектің заманында өмір сүргенін бұлтартпай дәлелдейді («дана», №2 (3), 2013 ж.).
«Ақ орда тарихында Сыр өңірі XIII ғасырдың соңынан бері саяси-әкімшілік, сауда-экономикалық, діни-мәдени орталық болған. Ал Керей мен Жәнібектің Еділ Жайық өңірімен байланысын анықтайтын жазба деректер жоқтың қасы. Сондықтан Асан қайғының аталған өлеңін қазақ ханы Жәнібектің көшіне қарата айтылған жыр ретінде қабылдау кеңес әдебиетінде үстіртіндеу айтылған жорамал деп есептейміз, — дейді ол осы орайда кесіп-пішіп.

Соңғы жылдары Жәнібек пен Асан қайғы тақырыбына аса ынта қойып, ғылыми жағынан зерттеу жұмысына көңіл бөлген, ортағасырлардағы Қазақстан тарихының көрнекті маманы З.Жандарбек осы аңызға егжей-тегжейлі талдау жасап, жыраудың аталмыш толғауды тек Алтынорда ханы Әз-Жәнібекке айтқанын ғылыми тұрғыда дәлелдегендіктен біз ғалым пікірін қайталап, бұл аңызға тоқталуды жөн көрмедік. Демек, Асан қайғы қазақ ханы Жәнібектің заманында өмір сүруі мүмкін емес. Ол көз майын тауысып, нұрлы нысанасын шұқшия зерттеген мақаласын тиянақты тұжырыммен аяқтады: «Сонымен Асан қайғының қай Жәнібектің заманында өмір сүргенін анықтауда зерттеушілердің ортақ пікірге келуі — уақыт күттірмейтін шаншулы мәселе. Қазіргі аяңымызбен жылжи берсек, әлі де жүз жыл таз қалпымызда жүре беретін түріміз бар. Ыждаһаттылық жетіспейді. Мақаламыздың осы бөлігінде данагөй Асан қайғының қай Жәнібектің замандасы екендігі хақындағы өз пайымдамамызды негіздедік». Не алып қосары бар? Біздіңше, алда ірі ғылым Х.Сүйінішәлиевтің парасатқа толы пайымдауына сүйенген З.Жандарбек те, Ж.Жақсығалиев те дұрыс бағытта. Сүйінші сұрататын ізгілікті ізденістер жалғасы күтіп тұр. Жас зерделі зерттеуші марқұм Серікбол Қондыбай да үзілді-кесілді тоқетерін айтқандай: «Сондықтан Асан қайғыны XV ғасырдың екінші жартысында Жәнібек пен Керей Қазақ хандығын орнатқан кезде де өмір сүрді деген шатасуды тоқтату қажет». (4-том, 257 бет).

Аян Нысаналин, ақын,
ҚЖО мүшесі

(27)