“Сұмырай келсе, су құриды”

Ойыл өзенінің жағасында қара киімді адам екі қолын ербеңдетіп кетіп бара жатты. Күбірлеп сөйлейді: «сусыз піскен ас көрдім, қайнап жатқан тас көрдім», — депті аңызда. Айтқыштар Ойыл өзені өртеніп, күйген балыққа тойынғаным есімнен кетпейді депті, сол Ойыл өзені бүгін де үзіліп-үзіліп біржола кебуге таяп қалған. Аудандағы ондаған көлдер кеуіп біткелі қашан, ол көлдерге саламенен жыл сайын су құятын өзен тартылғасын не шара. Қара киімді осылай күйініп тұрып, көкірегі күмбірледі:

Ойылым
менің, Ойылым,
Байлық толы
еді-ау қойының,
Сұмырай келіп, су құрып,
Үзіліп тұр жұлының.

Бұл кезде құлқын жүйрік,
Бейімделген сылқым билік.
Ойылым менің, Ойылым,
Су тартылды жойқын күйік.

«Отын олжа, су мұра» — депті,
Ескермесе тірлікті, болар бұлыңғыр.
Кім бар дейсің билікте,
Ойланатын есте сақтап сыныңды.

Қара киімді Ойыл айтқышы Майлапесті есіне түсірді: Арынды Ойыл өзені кезінде жолшыбай көлдерді толтырып, Қызылқоға ауданының елді мекендерін басып өтіп, Жайық өзеніне құятын еді. Өзен жағалай Шығанақ Берсиевтің ақтарышылары әлемдік рекорд жасап, Ойыл өзенінің байлығын жұмыр жерге танытып еді. Бүгінде Майлапес айтқан баянды байлық көзі Ойыл өзені Жайыққа құймақ түгілі, Тасшағыл кеңшарының іргесіне зорға жетеді. Өзегі талмайтын өзен жағалағандардың бүгінде қайғы-мұңы судың тасымай қалуы десек, ақын айтқан бір қайғыны қозғасаң, мың қайғыны қозғайды болып шығады. Қара киімді Майлапес: «судың да үні бар, судың да тілі бар, бастауы қайдан алады? Шығанақ Берсиевтің тарышылары үшін деп салған көпірге көз тастады, сексен жыл бойы міз бақпай тұр», қара киімді толғанды: «Ердің жолын сұм бөгер, судың жолын құм бөгер», — деп билік көзі кіреукеленбей, өзеннің құмын тазартпаймын ба? Айтпақшы, осы өзеннің бастауы қайдан?
Айталық, Уфа қаласының іргесіндегі Орал тауынан жыл сайын қара өзен, ақ өзен, Қызыл өзен арқылы тасқын су Ресейдің елді мекендерімен қатар, Ор қаласына тиіп тұрған Қызылтауға келіп тоқтайды. Осы өзеннен бір салалары Ақтөбе облысының Мұғалжар тауындағы бұлаққа қосылып, Ойыл өзенін бұрын тасытып жататын, қазір Орға (Орскке) келген тасқынды суды су мамандары тоғандар мен өздерінің көлдеріне, су қоймаларына жіберіп тынады. Осындай оқиғаны өзен-көлдің жағдайын Ойыл ауданына әкімнің бірі келіп, бірі кетіп жатса да, көңіл аударып, зерттеген жоқ. Облыста жыл сайынғы табиғат апаттарына сәйкес жүз тоқсан миллиондай қаржы бөлінеді. Республикамызға іскерлігімен танымал әкім Сапарбаев облыстағы өзен-көлдердің жағдайымен танысып, зерттеп, қашан «Отын-олжа, су-мұра» деген бабалар сөзін игілікке жаратар екен.
Жыл сайын төтенше жағдайларға бөлініп жататын қаржы қалта қағарларға кетпей, өзен-көлдерді жаңартып, халықтың игілігіне жаратылса, байлық-мұрат болар еді. Ел айтқыштары да «Сұмырай келсе, су құриды», деп күңкілдеп жүрмес еді. Ертеде ауыл айтқышы Майлапеске бір өкіл: «Социализмге Маркстың, Лениннің, Сталиннің көзімен қарау керек», — дегенде, Майлапес: «Көсемдердің көзі басыма сыя қоямас, менің екі көзім ауыл жағдайымен қараса, коммунизмге бірден жетер едік», — депті деседі. Сол айтқандай, бүгінде ел мен жерді жаңарту игілікке айналдыруда кейбір биліктегілер ақшаның көзімен қарамай, халықтың игілігі үшін шаруа тындырса, ұрпақ алдындағы кісілік борышы ақталар еді. Кейде адамдардың қайғы-қасіретінен де олжа тапқысы келетіндер кездесіп қалады, ондай сұм-сұрқиялар өскелең өмірге бөгет болудан басқа несі жақсы дейсің.
Қара киімді құйын желге мұң-шерін жазды:
Өзенім, менің өзенім,
Өртеніп тұр өзегім,
Сылқым биліктен,
Түк шықпасын сеземін.
Құрғап қалса өзенім,
Ай далаға беземін.

***
Айтпақшы, Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шүкеев республикамыздағы өзен-көлдердің жағдайын зерттеп, түрлі жұмыстарды атқармаса, талай өзен-көлден айырылып қалатын қауіп белгілі болып тұр.

Табыл Құлыяс

(50)