12 жыл: махаббат пен машақат

Өмірде: «Махаббат жоқ» дегендер үшін…
«Махаббат» — бір сөз. Оны бөліп жарып қарауға келмейді. Астарында толқыған көңіл, шалқыған сезім бар. 12 жыл бойы қаншама қиыншылық көре отырып, қосылған қос ғашық туралы баяндасам.
Өз елінде емес, өзге елде жүрсе де ұлттық болмысты жоғалтпаған Асқар есімді азаматтың өзге ұлт өкілін сүйіп қалуы отбасы үшін ауыр соққы болды. Егер махаббат әлсіз болса, Асқар сол қызды тастап кетер еді. Бірақ маңдайына жазғаны сол болса, тағдырдан асып қайда барады?!
Екеуінің арасындағы махаббат, сезім, құштарлық, сүйіспеншілік, сыйластық бір төбе. Ал ұлты қытай болса да, қазақ азаматын бір адамдай сыйлап, келіндік міндет атқарып, ата-енесін құдайындай сыйлаған, қазақтың дәстүрімен біте қайнасып кеткен Жайна қыз он екі жыл бойына екі жақтың ата-анасына баталарын бергенше күтті. Күте білді. Күттірген тағы да сол махаббат.
«Шексіз махаббат» естеме-хикаясын оқып отырып, Жайна ханымның махаббат үшін бір ұлттың болмысымен бірігіп кеткенін көрдім. Ол ғана емес, Асқардай күйеуінің артынан еріп Қазақстанға қоныс аудару, әйел баласы үшін Отанын сату емес, махаббат алдындағы үлкен борышы екені тағы көрінді. Өмірде артынан аңыз еретін тұлғалар болады. Сезімдері жайлы дастандар жазылып, естеліктер айтылады. Асқар мен Жайна арасындағы сезімді мен осы кітаптан көре алдым.
Ері әйелін өмірлік жары ретінде, қара шаңырақтың түтінін түтетіп отыратын адам ретінде серік етеді. Жайна ханым дәл осының екеуін де жасаған және жасап отырған адам.
Жалпы кітап туралы көп нәрсе жазуға болар еді. Бірақ оқырман өзі оқысын деп шештім. Себебі кітап сізді шынымен махаббат әлеміне бастайды. Тұнып тұрған шынайы лирика және романтика.
Мен айтып отырған қос ғашық шынайы кейіпкерлер. Асқар мырза қазақтан шыққан миллиардер. Марқұм қысқа ғұмырында «қазақ» деп өткен адам. Ал әйелі Жайна Жәкулина отағасынан қалған байлықты бай-манаптар секілді емес, мейірім жолында пайдаға асырып, әлем балалары үшін пайдаға асырып отырған жан.

Кітаптың аты: «Шексіз Махаббат».
Кітаптың авторы: Жайна Жәкулина.
Кезінде әлеуметтік желіде жүрек тебіренткен «Өсиет хаттың» авторы марқұм Асқар мырзаның жары Жайнаның қазақ әйеліне тән тәрбиеленгенін көріп, оқып сүйсініп қалдым. Махаббат пен өнерге шекара шек бола алмайды екен.

Марғұлан Ақан

(34)