Шешеннің батыры, қазақтың ақыны, ол кім?

Ол Қазақстан Жазушылар одағы І.Жансүгіров атындағы сыйлықтың иегері, Чешенстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, “Түркі әлеміне қызметі үшін” халықаралық сыйлығының иегері,  көрнекті ақын Рафаэль (Рәпілбек) Ниязбек екенін бірден айта кетелік. Оның өмір шындығын арқау еткен, уақыт рухымен бедерлі туындылары назар аудартатынын да жеткізе білгеніміз жөн. Осы орайда, «Құлагердің құлыны» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы (Алматы: Қазақпарат, 2008. -404 бет) көлемі мен құрылымдық өзгешеліктерінен өзге тақырып алуандылығымен, қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді адам факторымен сабақтастықта жырлаумен, ең негізгі елдік мұраттарды биік бел-белестерге көтеріп, ақиқат жайттарды уақыт пен кеңістік қатынасын, ақыл-парасат арналарын, замана шындықтарын, өмір-тұрмыс сырларын, тәлім-тәрбие мен сыйластық иірімдерін т.с.с. айқын да анық, екпін мен серпінге толы сипатта жарқырап көрінеді.

Рухым асқақ болмасын неге менің?

Ақын шығармашылығынан:
— Көңіл сәулесі мен жүрек нұрынан нәр алған өлең-жырлар («Темірқазық», «Жалын кешкен», «Жер жанары», «Тамұқ отына жанбаған» т.т.);
— Ел мен жер, ұлт пен ұрпақ қамын арқау еткен туындылар («Отағасы», «Қызыл үй», «Тас құдай» т.т.);
— Танымал тұлғалар туралы толғам-толғаныстар («Қыдыр ғұмыр», «Махамбет майданы», «Қан қасап», «Туған елдің аспаны» т.т.) кеңінен көрініс береді. Бастысы, әрине елдік мұрат-мүдде алдыға шығарылып, тарихтың ақтаңдақ беттеріне үңіледі. Адам әлемі мен өмір-тұрмыстың кереғар, келеңсіз көріністерінің себеп-сырлары ақиқат, шындық безбеніне салынады. Өмір өрнектері өлең-өнердің өзіндік өрімі мен өнегесі маңызды сипат алады. Қазіргі кезеңнің таным өлшемі негізгі назарда тұрады.
Р.Ниязбектің «Құлагердің құлыны» атты өлеңдер мен поэма кітабын қайыра оқып, тағылымды тұстарына жіті ден қойған тұста, сөз жоқ азаттық пен тәуелсіздік сынды қымбат та қасиетті ұғымдардың салмақ-сыры терең таныла түседі (мысалы, «Азаттықтың ақ самалы», «Тәуелсіз ел болғалы», «Ей, Алаштың баласы», «Тамыр» т.т.). Ендеше, ақынның «Азаттықтың ақ самалы» деген өлеңін оқып көрелік:
…Уақыттың көзімде оты өріліп,
Болашаққа келемін төте жүріп.
Рухым асқақ болмасын неге менің,
Рухым көкке тұрғанда көтеріліп.

Атқа жегіп көрмеген жат шананы,
Туған елдің Тыныштық аңсағаны.
Туым неге құласын,
Мәңгі – бақи
Азаттықтың тұрса есіп ақ самалы.
Ақын әлеміне, өлең өрімі мен мазмұндық жүйеге назар аударған тұста, сөз жоқ азаттық пен бостандықтың бағасы еселеп артады. Тарих пен таным тоғысынан, кеше мен бүгіннің сабақтастығынан азаттың жолының бұралаң-бұлтарысы, күйінішті-сүйінішті сәттері терең таныла түседі. Оның бәрі-баршасынан:
– адамзаттың азаттыққа құштарлығы;
– тәуелсіздіктің мәңгілік сипаттары;
– адам мен оның еңбегінің құндылық қырлары бұрынғыдан да бедерлі, айқын да асқақ сипаттарға ие болды.
Жыр жинағына енген — «Бара қалсам ауылға», «Елдің жоғалған ұяты», «Ей, ағайын», «Ақсақалы жоқ елде», «Адамдар», «Біз — алыппыз» т.т. өлең өрімдерінен ұлттың алтын тамырына айналған ауылдың кешегісі мен келешегі, елдегі адамдардың өмірі мен ерен еңбектері, арман-аңсарлары мен сабыр-төзімдері қысқа шегініс, нұсқалы ой орамдары арқылы шындыққа сыйымды қалыпта байыпты беріледі.
Жер бетінен ар-ұят жоғалғалы,
Қыршынынан қиылған көп арманы.
Ауыл жүдеп барады күннен-күнге,
Тіршіліктің арбасын доғарғалы.

Қиындыққа қайыспай төзіп көнген,
Кім ауылда үлкеннің сөзін бөлген.
Құлпытасқа айналып үлгеріпті-ау,
Қарттың бәрі әкемнің көзін көрген.
(«Бара қалсам ауылға»).
Ал кітап атын алған — «Құлагердің құлыны» көлемі шағын болғанымен, көпшілікке айтары да бар, көтерген жүгі де мол. Қалың көпке ұсынар әдеби-рухани олжасы аса ауқымды, жарығы мен жылуы мол өрнекті өлеңдер қатарына жатады.

Ішіңнен шыққан жау жаман!

Өлеңнің алғашқы үш шумағы — ақындық өнер төңірегінде өріс алса, келесі екі шумақ — тарих бедері мен тағдырлар талқысына толы. Ақын мұратынан: «Құлагердің құлыны — өлең еді» деген арман-аңсарлар айқын аңғарылып тұрса да, кешегі тарғыл-тарғыл тарихтың ақтаңдақ беттері келесі қиырдан көзге шалынады.
Ақын мұратынан елдік құндылықтар, мәдени-рухани арналар, танымал тұлғалардың өмір-кезеңдері кеңінен көрініс береді (мысалы, «Өмір майдан», «Қазақ болсақ…», «Қазақ көрсем», «Қазақ атқа қонса», «Қантамыр», «Қанбазардың ішінде», «Қараулық пен адалдық», «Алыс пен жақын», «Мәңгүрт жандар» т.т.). Ол, әсіресе, қоғамда бар, өмірде кең өріс алған кереғар һәм келеңсіз көріністерден жіті танылады. Ақын көңілі асқақ, жүрегі тым нәзік. Әйтсе де қиядағыны көреді, жан-жүрекпен сезінеді. Өлең болып өріледі:
Көгінде жұлдыз аунаған,
Ағындап шуақ саулаған.
Азаттық алған заманда,
Көтеріп тұрған даласын,
Менсінбей келген тау жаман.

Арам шөптей қаулаған,
Мәңгүрттер қанша,
Сайтаннан түрі аумаған.
Оқ атқан туған халқына,
Ішіңнен шыққан жау жаман.

Өзімнің туған жерімде,
Жүрейін неге жақ ашпай.
Мәңгүрт жандар тегінде –
Сап болып қара балтаға,
Орманын шапқан ағаштай.
(«Мәңгүрт жандар»).

Сөз жоқ, ақын көңіл дүрбісін алысқа жібереді. Жүрек сырын ашады. Ақынның лирикалық кейіпкері тарих қойнауына енеді. Кешегі күннің күңгіріне де үңіледі. Қазіргі кезеңнің шындықтарына да ден қояды. Оның бәрі-баршасынан азаттық пен адалдықтың үстем де серпінді, мәңгілік сипаттары танылады. Өмір мұраты мен мазмұны — адам әлемі мен еңбегіне келіп саяды. Ақынның лирикалық кейіпкерінің жан-жүрегі де, сыр-сезімі де осыған қызмет етеді.
Ақын шығармашылығында өлең-өнердің өрісті өлкесін танытатын, жан-жүректің сәулелі сәттерін суреттейтін сырлы жырлар көптеп кездеседі (мысалы, «Ақын-халық үні», «Мен — шындықпын», «Жазған жырым халықтың байлығы еді», «Өлеңім хақында», «Өмірімнің өзені», «Өмірім — ойлы өлеңім», «Өлең — өнер анасы» т.т.). Оқып көрелік:
От құрсанып жыр туса жүрегімнен,
Кісінетіп көңілім күрең мінген.
Жүзі нұрлы кісінің қай кезде де,
Нұрлы көктем көзінде күле білген.

Сол секілді:
Өмірім-ойлы өлеңім,
Жайқалған жасыл желегім.
Өлеңім егер болмаса,
Жоқ шығар менің керегім.
Жұлыны үзілген сұм қанша,
Жұлам деп емен, терегін… —
деген жыр («Өмірім — ойлы өлеңім») жолдарынан өлең өнердің мәңгілік мұраттарынан өзге ақын әлемі, талант табиғаты мен тағылымы терең танылады. Өмірдің өрнекті тұстарын, өлеңнің өнегелік қырларын лирикалық кейіпкердің жан-жүрек сырларымен, көңілдің нұрлы сәттерімен үндестік табады. Өлеңде мазмұн байлығы бар. Тереңдік те сезіледі.
Осы жайттарды негізгі назарда ұстасақ, әрине ақын Рафаэль Ниязбектің «Қағанат» атты жыр жинағы (Алматы: Қаз Ақпарат, 2010.- 356 бет) ұлт тәуелсіздігі мен ел дамуындағы іргелі өзгерістерді, замана шындығы мен уақыт тынысын, елдік пен ерлік қасиеттерді, адамшылық жол мен имандылық иірімдерін кең көлемде жырлайды. Әсіресе, ақынның ел-жер жайлы толғамды толғаныстары, еліміздің тәуелсіздігі туралы тебіреністі ойлары жан-жүректен қозғалып, қалам қуаты, шабыт шалқары көркемдік категорияларымен, мәдени-рухани Һәм эстетикалық құндылықтармен табиғи астасып, жаңа арна, өзгеше ағыс құрайды. Өлеңнің тұтас табиғатынан ақын өмірі, жастық кезеңдері, қиын да күрделі уақыт бедері кеше, бүгін байланыстары арқылы көрсетіледі. Ақын кезекті тұста:
Тамырымды қуалап,
Аққан емес салқын қан.
Заман талай айныса да жолынан,
Айнып әсте көргенім жоқ салтымнан.
Алла жарылқап,
Алатау боп кетсем де,
Құдай қолдап,
Қаратау боп кетсем де,
Аласамын халқымнан, — деп қалың көппен бірге екенін, елге қызмет ету — қарыз-парыз, сауапты істер қатарына жататынын бүкпесіз баяндайды. Адамдық істі ардақтап, адамгершілік жолын асқақтатып, имандылық иірімдерін басты ұстаным ететіні танылып тұрады.
Бұдан басқа «Ата қазақ», «Өмір — кітап», «Көкбөрі жыр ішімде жатыр ұлып», «Ел іші» сынды өлеңдер ақын мұратын айқындаумен бірге ұлттық құндылықтарды, ұрпақ қамын, тәлім-тәрбие иірімдерін кеңінен көрсетеді. «Қабырғалы Қазақ болып мақтанам туғаныма»деген асқақ мұрат, перзенттік парыз, асыл сезім де танылады. Отанға, ел-жерге адалдығы айқын аңғарылады.
Жыр кітабындағы «Бір кеменің үстінде» атты топтамаға енген «Арал құрып барады», «Арал мұңы», «Арал қызы», «Теңіз қайда», «Құлаған зымырандар», «Айдын көлдің азасы», «Киіктердің көз жасы», «Ана қасіреті» сынды туындылар Арал қасиеті мен қасіретін, ұлт пен ұрпақ қамын, тарих пен тағдыр тауқыметін жан-жақты ашады.
Арал құрып барады,
Кім кінәлі?
Жауап таппай мен соған жүрмін әлі.
Адамдар-ай,
Аралды қолдан беріп,
Жүрсіңдер ме арқалап мың күнәні?
Күннен күнге барады құрып, семіп…
Енді мәңгі естілмес, мүмкін, әні, — деп Арал тарихы мен тағдырын, кешегісі мен бүгінін қатар көрсетеді.
Кітаптың басым бөлігін — елдік мұрат пен ерлік қасиеттер, тәуелсіздік тұғыры мен жасампаздық жолдың сырлы шежірелері құрайды. Жыр кітабына енген «Қазақ елі», «Қазақ десек», «Тәуелсіздіктің тарысы», «Адамдардың ұяты», «ЖаҺандану», «Қазақ атқа қонса», «Ақиқаттың ескенде ақ самалы», «Біз-алыппыз» сынды өлеңдер тақырыптық ерекшеліктерімен бірге халықтық қасиетімізді, ел-жердің құдіретін, адам қайраты мен еңбегін терең танытады. Мәселен, «Қазақ атқа қонса…» өлеңінде:
Қару кезеп, түсіңді суытқаның —
Өзіңді өзің бөрідей ұлытқаның.
Қазақ атқа қонбайды,
Атқа қонса,
Күнің қараң боларын ұмытпағын, — деп халық пен тарихты, тағдыр мен тауқыметті қатар көрсетеді.
«Ел іші» өлеңі кеше-бүгін байланысын, балалық пен жастықтың сырларын, адамдар арасындағы қарым-қатнасты, адалдық пен арамдық сыр-сипаттарын салыстыру-салғастырулар арқылы нақты, нанымды ашады.
«Ата қазақ» өлеңінде ел өмірі, тарихы мен тағылымы мол. Ұлт мұраты, ұрпақ өнегесі, дәстүр тағылымы көп-ақ. Өлеңнің бастапқы бөлігінде:
Тұла бойы сомдалған қайғы, азаптан,
Қайсарлықты таппадың қай қазақтан.
Бойын намыс қысқанда тайсақтамай,
Мерт боларын білсе де Айға шапқан, — десе, кейінгі кезекте:
Тік көтерген Байрағын көк бөрілі,
Арлы жұрттың қайда да тоқ көңілі.
Ұлан байтақ даласын жаудан қорғап,
Ұлы шайқас үстінде өтті өмірі.
Ал «Қайран, ауыл», «Ауылдың ауыр тұрмысы», «Туған жер» сынды өлеңдер тақырып-мазмұн жағынан ғана үндес емес, сонымен бірге қазіргі кезең шындығын, өмір-тұрмыс сырларын суреттеу сәттерінде де ортақ тұстары бар.

Қарттар қайда тонға орап, тоңдырмаған?

Өмір шындығының бір қыры, мың сыры — «Ана қасіреті» өлеңінен көрінеді. Ақын әйел-ана аманаты мен махаббатын, сағынышы мен сүйіспеншілігін, тіпті мұң-шерін де боямасыз, бүкпесіз білдіреді:
Жатырына суырған құм байланып,
Жалғыз мен бе сорлаған тумай қалып.
Қалай туам —
Құлаған зымыраннан
Аспан асты жатқанда уға айналып.

Немесе:
Қасиеті тұрса артып көргенді елдің,
Өмірінің шырағы сөнген бе ердің.
Тумайды деп жазғырма мені, ағайын,
Санын қайтем көбейтіп өлгендердің.
(«Ана қасіреті»).
Ақиқатында, ақынның әйел-ана қасиеті мен қасіретін — қоғамдық құбылыстардан, құлаған зымыраннан, адам әлеміндегі өзгерістерден көреді. Отан мен отбасындағы ортақ қасірет-қоғамда, адамдар арасында орын алғанына өкініш білдіреді.
Жыр жинағындағы «Адамдар», «Ақсақалы жоқ елде» атты өлеңдер қоғамдық құбылыстар мен өмір мұратын, адам әлемі мен еңбегін, сыр-сипаттарын кең көлемде ашады. Алғашқы өлеңде:
Жазық дала болса егер атырабы,
Мертігеді неге елдің арғымағы?!
Адамдарда мейірім болса егерде,
Қалтырай ма жанымның жапырағы, —
Келесі өлеңде:
Тағдыр кімнің алдына тор құрмаған,
Қарттар қайда тонға орап, тоңдырмаған?
Ақсақалы жоқ елдің кеудесінде
Дариясы ақылдың толқымаған, — деп адамдар арасындағы артық-кем тұстар көрсетіліп, қарт-ақсақалдың орын-үлесі айқындалады.
Кітапқа енген «Қазақ елі», «Қазақ десек» сынды өлеңдер тарих пен танымды, халық пен нарықты, ел мен ерді қатар көрсетіп, оны қазіргі кезең шындықтармен байланыс-сабақтастықта жырлайды.
Ақынның өлең-жырлары арасында елдік мүддеге, ерлік рухқа адалдық айқын. Ар-намысты ту ету мұраты жіті танылады. Өмірге құштарлық, өнерге сүйіспеншілік сезімі де жоғары екендігі сәт сайын сезіліп тұрады:
Ізгілікті көп көрген ізетті елде,
Қаңтарылып тұра ма кісі өткелде.
Отанымның кім бұзсын тыныштығын,
Менің сардар жүрегім күзеткенде…

Қарт-қазына, құдірет Һәм қасиет екендігі – «Әулие қарттар барында» өлеңінің күретамыры десе де болады. Ақын оны да жырға қосады:
Бұрынғы кезде,шынында,
Әулие қарттар көп болған.
Ақ сәуле ойнап шыңында,
Қайғысы жұрттың жоқ болған.

Қасиеті сіңген даланың,
Әулие қарттар барында.
Тақымы бекіп баланың
Ойнаған аттың жалында.
Ал «Өмірімнің көз жасы» өлеңі ақын автопортреті. Өмір мен өнердің өрнекті өлкесі. Сыр мен сезімнің тұтастығы. Ақын мұраты мен өлең-өнердің табиғаты мен тағылымын танытатын көркемдік мұраттар, эстетикалық өрнектер, реалистік сипаттар жүйесі мол-ақ. Оқып көрелік:
Бұлқындырған намыстан екпін алып,
Осы күнге жүрегім жетті налып.
Өлең жазбақ болғанда қаламымнан
Жалғыз тамшы көк сия кетті тамып.

Жетегіне кеттім бе көне күннің,
Өрісінен табылмай өрелі үннің.
Ақ қағаздың үстіне тамып кеткен
Көк сия емес,
Көз жасы Өлеңімнің.
(338 бет ).
Өмірдегі өрнек, өлеңдегі өнеге — ақындық өнер мен адам мұратын асқақтатып, қалам мен қағаздың құдірет-киесін, көз жасы мен көк сияның сыр-сипаттарын бар қырынан жарқыратып көрсетеді.
Кітаптың біраз бөлігін арнау өлеңдер («Астанадағы Бауыржан ескерткіші», «Туған елдің төріндесің», «Мұқағалидың рухы сөйлегенде», «Аламанға ат қостым», «Талғар таудың сыйласаң бір биігін», «Замананың шыңғырған бір биігі», «Ақ сәуленің ішінен сені көрем»), келесі тұсын ұлттық рухқа толы жырлар құрайды («Абай жаққан бір сәуле», «Қазақ рухы», «Хан Кененің мылтығы», «Әулие қарттар барында», «Көк бөрі жыры», «Шындық», «Қара жерге халық ие», «Ерлер барда…»)
Көрнекті қаламгер, Чешен Республикасының ең жо-ғары «Ұлт намысы» орденінің иегері, Чешенстан Мемлекеттік және І.Жансүгіров атындағы сыйлықтардың лауреаты Рафаэль Ниязбектің ақындық өнерінен: елшіл-қоғамшыл қасиеттер, азаматтық-қайраткерлік көзқарастар, ұлттық мұрат-мүддеге негізделген азатшыл жүректің, тәуелсіздік мұраттарының, айқын қолтаңба мен берік ұстанымның бедерлі белгілері, көркемдік таным арналарының сыр-сезімдері терең танылады.
Жинақтап айтқанда, ақын Р.Ниязбек шығар-машылығы, әсіресе, «Құлагердің құлыны», «Қағанат» атты жыр кітаптары елдік мүдде мен ерлік рухтың шежіресін жан-жақты жырлағандықтан, қалың көптің қымбат қазынасы, рухани олжасы болары хақ.

Рақымжан Тұрысбек, филология ғылымдарының докторы, профессор

(35)