Бұл әріптестіктің тарихи мәні зор

Қазақстан мен Өзбекстанның аграрлық жоғары оқу орындары әріптестік байланыстарын нығайтуда

Ағымдағы жылдың 30-31 наурыз күндері аралығында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов бастаған делегация Ташкент ирригация және ауылшаруашылығын механизациялау институты басшылығының шақыртуымен Өзбекстанда арнайы жұмыс сапарымен болды.

Жұмыс сапары аясында өткен кездесуде Қазақ ұлттық аграрлық университеті, ҚазҰАУ жанындағы Агротехнологиялық хаб (AgriTech Hub), Ташкент ирригация және ауылшаруашылығын механизациялау институты, Ташкент мемлекеттік аграрлық университеті бірігіп төртжақты Меморандумға қол қойды. Тараптар арасындағы білім, ғылым, өндіріс интеграциясын дамытуға бағытталған Меморандумға аграрлық жоғары оқу орындарының ректорлары Т.И.Есполов (ҚазҰАУ), У.П.Умурзаков. (ТИАМИ), Б.А.Сулаймонов (ТМАУ) және AgriTech Hub директоры М.К.Бексұлтанов қол қойып, әріптестік байланыстарды жаңа деңгейге шығару жөнінде келісімге келді.
Ынтымақтастықтың басты міндеті — екі мемлекетке де тиімді бірлескен инновациялық жобаларды іске асырып, аграрлық білім, ғылым саласындағы өзара байланысты нығайту үшін AgriTech Hub Uzbekistan орталығын құру. Бұл әріптестік байланыстар Азия Даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылатын болады.
Қазақ ұлттық аграрлық университеті жанындағы Агротехнологиялық Хаб 2015 жылдан бері жұмыс істейді. Оның қызметі — шетелдегі озық технологиялар мен білімді тарту және оны қазақстандық жағдайға бейімдеу, ғылыми-зерттеулер нәтижелерін өндіріске енгізу, мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің құралдарын тәжірибеде қолдану, агроөнеркәісіптік кешеннің басымды бағыттарын дамыту.
Хабтың құрамына Қазақстан-Жапон, Қазақстан-Корея, Агроинженерлік мәселелер мен энергия үнемдеу, Тұрақты егін шаруашылығы, Азықтық өнімдердің технологиясы мен сапасы, Су инновациялық орталықтары, Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық орталығы, Инновациялық жылыжай, Оқу-өндірістік шаруашылығы және тағы басқа ғылыми-зерттеу зертханалары кіреді.
Бүгінгі күні ҚазҰАУ базасындағы Агротехнологиялық хабта отандық агроөнеркәсіптік кешенге цифрлы технологияларды енгізуге ықпал жасайтын Ситуациялық орталық жұмыс істейді. Бұл орталық сандық технологияларды игерген әлемдік деңгейдегі білікті мамандарды тартуға, тың идеялар мен жаңа коомуникациялық-ақпараттық технологияларды енгізуге, озық инновациялық тәжірибелерді алмасуға жол ашады. Бүгінгі күні осы орталықта білімді жастарымыз өздерінің жаңа идеялары мен ғылыми жобаларын іске асыруға мүмкіндік алып отыр.
2017 жылы университетте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Азия Даму банкі, АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ислам банкі және ЮНЕСКО қолдауымен Қазақстандағы және Орталық Азия аумағында су мәселелерін шешумен, құрғақшылық, су деңгейінің төмендеуі, топырақтың тұздануы сынды экологиялық проблемалар мен өзге де төтенше жағдайларда жедел әрекет етіп, су ресурстарын интеграциялық басқару мәселелерін зерттейтін Су хабы құрылды.
Осы орайда Қазақстан мен Өзбекстанның аграрлық оқу орындары арасындағы әріптестік Меморандумға қол қойылуы — халықаралық байланыстардың жаңа көкжиегіне жол ашып отырған тарихи мәні бар оқиға.
Жұмыс сапары барысында Халықаралық семинар өтіп, онда ҚазҰАУ ректоры, академик Т.Есполов «Қазақ ұлттық аграрлық университетінің инновациялық жетістіктері» тақырыбында кең көлемді баяндама жасады. Семинар жұмысына екі елдің аграрлық жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, ғылыми қызметкерлері, биыл оқу бітіретін магистранттары мен студенттері қатысты.
Университет басшысы, академик Тілектес Исабайұлы өзбекстандық әріптестерге оқу орнының бүгінгі жетістіктері мен алдағы мақсаттары туралы, университеттің ғылыми-білім беру базасында іске асырылып жатқан ғылыми жобалар туралы баяндады.
Семинарда сондай-ақ, ҚазҰАУ жанындағы AgriTech Hub Kazakhstan директоры Марат Бексұлтанов баяндама жасап Агрохабтың қызметі туралы ақпарат берді.
Кездесу барысында тараптар өзара тәжірибелерімен бөлісіп, бірлескен жобаларды іске асыру бойынша ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, аграрлық бағыттағы жоғары оқу орындары мен агробизнес құрылымдары арасындағы байланыстарды жандандырып, профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттер алмасу, жазғы, қысқы мектептерге, семинар, конференцияларға қатысу мәселелерін талқылады.
Бұл байланыстар екі елідің ауылшаруашылық саласындағы жоғары оқу орындарының әріптестік бацйланыстарын күшейтіп, агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.

Алмат ИСӘДІЛ,
ҚазҰАУ Қоғаммен байланыс басқармасы

(9)