«Аралтұз» әлемді жарылқайды, ал жұмысшыларын ше?

Өткен жылы Аралда бұрын соңды болмаған ыстық, жаз ортасында ауа 480-500 температураны көрсетті. Әрине көнбіс қазақ жаратушыға да, қоғамға да өкпе арта алмай, өмірдегі бар тіршілігін, куаныш-ренішін өз мойнына алған. Қыңқ етпейді. Қабақ шытқанын көрмейсің. Дегенмен сөйлесе келе ренішін жасырмайды, ақтарылып кетеді. Аралдың іргесінде «Аралтұз» кеніші бар. Күні бойы көргеніміз Жақсықылыштан ас тұзын таситын 20 шақты 60 тонналық вагондар тізбегі. Демек тіршілік қайнап, кеніш тынымсыз жұмыс істеп, елге қажетті ас тұзын өндіруде. Сұрадық, азаматтардан айлығың қанша деп, 30-40 мың теңге көлемінде екен. Күн ұзаққа істеген жұмысына тұрмайды.
Жоғарыда айтқан күннің ыстық қуаты тұзға (ашық аспан астында) шағылысқанда аспан мен жер арасы балқыған дүниеге айналады екен. Сол ауыр тұзды көтерген жастың да, жасамыстың да бүйрегі мен белінің шойырылғаны белгілі болды. Қазақ жерінен шыққан кеніштің рахатын көріп, жергілікті жердің тұрмысын, әл-ауқатын жақсарту үшін мынадай талаптарды естідік:
1)Жалақыны 200-300 мың теңгеге көтеру
2) Демалыс орнын ашу. Сол тұздың өзін емге пайдалану.
3) Ел болған соң, той-тобырын өткізетін салтанат сарайы қажет.
4) Балалар үшін түрлі орындар салынса.
5) Аурухана, емхана ісін жетілдіру керек-ақ.
Мұнайлы өлкеден бірде кем емес қазынаның рахатын осы жердің халқы неге көрмеске. Ел малымен күн көріп, кеніште жұмыс істегеннен гөрі жеке шаруасын күйттегенді дұрыс көреді. Ел тыныш, сыйластық мол, бәріне көнген. Тіпті көрген қорлығын, теперішін айтуға сескенеді. Бұларды қорқытып, сескендірген кім? Оншақты баласы бар ата-ана қалай өмір сүретінін білмей дал. Өзінен көрі пысықтау отбасына жалданып өмір сүруде. Ол да жақсы өмірді аңсайды. «Шіркін, молшылық болса, мен де ірі болсам», — дейді.
Болашақ деген — өзі асырап отырған қоғам, бүгінгі қоғам ертең оларға өтеді. Осы күннің проблемасы келешек ұрпаққа қалары сөзсіз. Ұрпақ үшін жақсы қоғам орнатуға күреспеген адам ұрпағымен мақтана алмайды. Адам жаны, қазақ жаны кемшілікке төзгісі келмейді. Бір-бірінен қалғысы келмей, қарызданып той жасап, кемшіліктерін өз қолымен түзеген болады.
Елде көпбалалы отбасы жетерлік. Оларға ірі комбинат есебінен көмек, кайырымдылық шаралар, колдау қажет. Балаларды мамандыққа оқыту, кентке жұмысқа алу, жағдай жасау кезек күттірмейтін іс. Іргеге келген газды пайдалануда арман екен. Қашан кол жетеді? Сабырмен, төзіммен, қиындықтарға төзген келешегі не болары белгісіз жұртты көрдік. Ел өз өкінішімен, қиындықтарымен өмір сүруде. Ел болып, қоғам болып ойласып кеңесетін, кенттің басшылары, кемел дүниенің жарқын болашағын қазірден түзу жолға салған жөн-ақ еді.
Айтпақшы, кенішке кіре берісте бұрын осы жердің тірегі болған аруақтардың бейіті қарсы алады. Бұрын бір-жар болса, қазір елдің аумағымен пара-пар. Бұл да үлкен сырды айқындап, түсіндіргендей.

PS: Оқырман талабы мен көзқарасы ойлантады. Бізде одан бұрында және өткен күзде «Аралтұзда» болғанбыз. Осыдан бір-екі жыл бұрын кеніш тым сұрқай көрінген. Ескі техника, ескі қоймалар. Адамдары да жүдеу-жадау көрінген. Айнала батпақ. Ал өткен күзде барғанда кеніш 180 градусқа өзгерген. Жайнап тұр. Адамдар да көңілді. Бастықтың көзінше айлықтарын сұрадық. «Жақсы» десті олар, ал «жақсы еместігін» оқырман жеткізіп отыр. Шынында да анадай кемел дүниеден жарытымсыз айлық алу — қорлық.

Құралай Есқұлова

(11)