Мемлекеттік бағдарламалар көмегімен кәсіпкерлер легі артты

Атырау облысында шағын және орта бизнесті қолдаудың республикалық, аймақтық бағдарламалары арқасында кәсіпкерлер қатары артып келеді.

2012  жылы кәсіпкер Өтеміс Жұмағалиев “Бизнестің жол картасы-2020”  мемлекеттік бағдарламасы аясында жылыжай құрылысына 14  пайыздық мөлшерлемемен субсидиялау түріндегі қолдауға ие болған. Бағдарлама аясында мемлекет субсидияның 7  пайызын төлейді. Биыл көктемде 2  гектар жылыжайдан 30  тоннаға жуық көкөніс жиналды. Оған қоса шаруалар тыңайтқыштар сатып алуға субсидия алады. Қазір кәсіпкердің жылыжайының алаңы екі гектар,  онда 30 адам жұмыс істейді. 2014 жылдан бері  мұнда 200  тонна қызанақ,  100  тонна  қияр,  3  тонна тәтті болгар бұрышы өсіріліп, халық дастарханына жөнетілді.

2017 жылы Атырау облысында “Бизнестің жол картасы-2020”  бағдарламасы бойынша 1 543,5  млн теңге бөлінді. 312 жоба қаржыландырылып,  1210 жұмыс орны құрылды.

Аталған бағдарлама бойынша тағы бір табысты жоба  ашылды. 711  мың теңге көлемінде қайтарымсыз несие алған кәсіпкер Махамбет ауданы Алмалы ауылынан отбасылық дәрігерлік амбулатория ашты. Бір жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келеді.  “Start up-Академия” жобасы аясында “Даму”  қорының Атырау облысындағы бөлімшесі Райхан Хайруллинаға бизнес жоба жасап, байқауда қорғауға көмектесті. Соның нәтижесінде кәсіпкер  ісін дамытуға аймақтағы кәсіпкерлерден 150  мың теңге  қолдау алған.

-Балаларды да, үлкендерді де  қабылдаймын. Күніне үш-төрт адам келеді. Мақсатым емдік массажды барынша тиімді ету. Мысалы,  массаж қалада 4000  теңге болса, менде 1000, 1500 теңге. Алға қарай кеңейтіп, жер алып, үлкен ғимарат салғым келеді. Мемлекеттің қолдауы бар жерде бұл ойымның жүзеге асарына сенемін,-дейді Райхан Хайруллина.

Айта кету керек,  мемлекеттік бағдарламалармен бірге Атырау облысында кәсіпкерлікті қолдаудың өңірлік бағдарламасы да бар. Мысалы  2017  жылы “Бизнес Аймақ”  бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен 350  млн теңге бөлінді. Сол арқылы 67  бизнес жоба жүзеге асып,  123  жұмыс орны құрылды. “Алтын кеме”  бағдарламасы бойынша 304 млн теңгенің 13 жобасы мақұлданып, 25  жұмыс орны ашылды.

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан шағын және орта бизнесті дамытуға, экономиканы диверсификациялауға барлық жағдай жасалып жатыр.  Аймақ  кәсіпкерлерімен кездесуде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында  Атырау облысында мемлекеттік органдар бизнес климатты жақсартуға жұмыстанып жатқанын айтты. Бұл ретте шағын несиелеу арқылы кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік,  өңірлік бағдарламалары қолданысқа ие.

                                                                                  Атырау облысының

                                                                                  өңірлік коммуникациялар қызметі

(4)