«Елге қайтыңдар, қандастар!» деп Қазақстан жастары үндеу қабылдады

30 наурыз күні Дәурен Бабамұратовтың «Болашақ» жастар қозғалысының ұйымдастыруымен өткен «Елге шақыру» атты конференцияға қатыстық. Конференцияға еліміздің патриот жастарынан өзге шетелден оралған, көзі ашық, көкірегі ояу талай жастары келіпті. Атап айтсам: Қытайдан оралған Серікжан Біләшұлы, Германия азаматы, көп жылдар бойы Қазақстанмен іскерлік байланыста жүрген Саламат Әли, Қарақалпақстаннан келіп, жоғары білікті информациялық технология (айти) маманына айналған Нұрлан Жанаев, «Қазақ жастары» қоғамының жетекшісі Бекнұр Жәкей және т.б. белсенді жастар қатысты.

Конференцияны «Болашақ» жастар қозғалысының президенті, қазіргі қазақ жастарының жігітағасы Дәурен Бабамұрат ашты:
— Соңғы уақытта Атамекенге сырттан келетін қандастардың легі саябырси бастаған секілді. Оны статистикада дәлелдейді. Қоғам да, ел де, билік те бұл процестің баяулауын қалыпты қабылдап, «солай болу керек» деп санауға жақын. Кейбір ресми деректерге сүйенсек, сырттағы қазақтың тек 15-18 % ғана елге оралып үлгерген. Ал біздің мақсатымыз бар қазақты Қазақстанда жинау еді. Оның үстіне көрші елдерде саяси һәм әлеуметтік жағдайлар өзгеріп, әртүрлі себептермен қандастардың жаппай көшуіне кедергілер артуда. Ол қиындықтар Қазақстан тарапынан талқылауды сөзсіз қажет етеді. Бүгін осы мақсатта жиналып отырмыз, — деді ол өз сөзінде.
Осыдан кейін сөз алған қоғам қайраткері Дос Көшім:
— Бүгінгі жиналып отырған дөңгелек үстелдің мақсаты барша қазақ халқына маңызы зор үндеу жариялау. Бүгінгі үндеу қазақтың үндеуі болмақ. Ал бұған дейін Елбасымыз шеттегі қазақтарды елге шақыру мақсатында 1991 жылы үндеу жариялаған болатын. Одан кейін бұл тақырыпта үндеу жарияланған жоқ. Ал бүгінгі бас қосу шетелдегі қазақтардың жағдайынан туындап отырған мәселе. Кез келген мемлекетте ұлттық мәселені шешудің үш түрлі жолдары болады: біріншісі, басқарушы мемлекет қарамағындағы ұлтқа автономиялық құқық береді; екіншісі, өз елдеріне сіңіріп алады. Қарапайым мысал ретінде Өзбекстанды келтіруге болады; үшіншісі, өткен ғасырдың 80 жылдарынан пайда болған «таңдау құқығы». Яғни, әрбір ұлт туған жеріне қайта ма немесе өзге елде өмір сүре ме — құқық өзінде. Қазір жаһандануға байланысты әрбір мемлекет өздерінің ұлттық құндылықтарын алға қойып, өз идеологиясын жүргізуге тырысып бағуда. Мұндай жағдай қазақтар көбірек орналасқан Қытай, Өзбекстан, Ресей мемлекеттерінде жүріп жатыр. Сондықтан біз сол елдердегі жағдайларды ескере отырып, шет елдердегі қазақтарға үндеу жариялауды қолдаймын. Оны басқа емес, жастардың, яғни Республикалық «Болашақ» қозғалысының бастамасымен көтерілуі тегі жақсы, — деді.
Келесі сөйлеген философ, қоғам қайраткері Әбдірашит Бәкірұлы:
— Қазақ халқы өкілдері әлемнің түпкір-түпкірінде тұрып жатыр. Оның ұзын саны 5 милионнан асады екен. Сондықтан тәуелсіз Қазақстан аман-есен тұрғанда отандастарымыздың оралу көші ешқашан тоқтамақ емес. Бұл көш ғасырларға созыла беретін құбылыс. Әрине, олар әр елдерде тұратындықтан, өз тарихи Отанында тоғысқан кезде олардың менталитеттері, әдет-ғұрпы, дүниеге көзқарасы әртүрлі болып келеді. Ендеше, олар елге келгенде оларды сіңдіріп алатын, жан дүниесін қазақтандыруға бұратын өзіміздің «қазақстандық ұлттық бірегейлік» (ұлттық болмыс тұтастығы) болуы тиіс. Яғни, Қазақстандағы мемлекет құраушы қазақ халқы өз қандастарымызды ғана емес, Қазақстанға келген кез келген өзге ұлттарды ассимилияциялап алатындай қуатқа жетуі керек, ол — дәстүр тұрақтылығы мен бірлігінен, тіл үстемдігінен, соған сай қоғамда мәдени доминантқа ие болудан туындайды. Әзірге мемлекет құрушы қазақ ұлты оған әлі жете алмай жатыр: бірі — орыс тілді, орыс мінезді, екіншісі — батысқа еліктегіш, ағылшын тілді, үшіншісі — таза қазақ тілді. Сондықтан біздің менталитетіміз бен діни көзқарастарымызда да қайшылықты жағдай көптеп орын алуды. Мен қазақ ұлтының өз мемлекетінде «ұлттық тұтастық жағдайға» қашан жетерін дөп басып айта алмаймын. Бәлкім, бүгінгі «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген ұран толығымен маңызын жойған күні жетерміз. Бірақ шеттен келетін отандастардың энтузиазмы ол күнді жақындата түсетініне мен сенімдімін, — деді.
Қарақалпақстаннан оралған патриот Нұрлан Жанай шетелдегі қазақтар арасында қызығушылық туғызатын мынадай ұсыныстарын айтты: «Маған Өзбекстаннан келген қазақтардың ішінде қоғамдық істерге белсенді қатысып жүрген азамат ретінде hәм интернет, IT, білім саласында еңбек етіп жүрген маман ретінде бұл шараға қатысу мен үшін парыз. Өйткені бұндай бастамаларға жастар атынан біз қатыспағанда кім қатысады?! Мен «елге оралу көшін» жандандыру мақсатында мынадай 3 ұсыныс айтам:
1. Қазақстанға түрлі елден көшіп келетін қазақ абитуриенттерге Білім және ғылым министрлігі тарапынан грант санын көбейту. Өйткені өз басым және мен сияқты мыңдаған қандас алдымен оқуға грантпен түсіп, кейін ата-анасын, отбасын көшіріп алып келеді. Осының пиары мен насиxатын көбейтіп, грант арқылы қанша мың қазақты Атамекенге тартуға болады.
2. Азаматтық алу барысында бюрократиялық кедергілер көптеп кездеседі, қағаздың көптігі соншалықты миың ашып, айлап, жылдап жүріп қалатын жағдайларға жиі ұшыраймыз. Бұны шешудің оңтайлы жолы азаматтық алу процесін барынша автоматтандырып, электрондық үкімет арқылы оңай шешімін жасау. 2018-2022 жылдары жүзеге асатын «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қандас бауырларға да азаматтық алуды жеңілдетуді Үндеуге қосуды ұсындым.
3. Шетте қалып қойған қазақтарға мотивация ретінде ел алдында жүрген беделді азаматтардың қандастарға арналған лебізін 30-60 секундтық видеоларға түсіріп тарату. Мысалға, сол жақтан көшіп келіп, елге беделді болған азаматтар өзі көшіп келген елдің қазақтарына видеоларды таратса, жақсы пиар әрі қолдау болар еді. Әйтпесе, жай мәтін көп эффект бермеуі мүмкін», — деді.
Үндеу конференциядағы айтылған барлық ұсыныстарды ескере отырып, біршама уақыттан кейін республикалық БАҚ-тарда жарияланатын болды. Сонымен қатар оны қазақтар орналасқан мемлекеттердің мемлекеттік тілдеріне де аударып, сол елдердегі баспасөз құралдарына шығару керек сияқты. Сондықтан біз бұл тақырыпқа қайта оралатын боламыз. Сол кезде біз Үндеумен бірге, бүгінгі көтерілген — еліміздің көші-қон заңнамасындағы олқылықтарға, көші-қон комитеті атына, көші-қон полициясы жұмысына және т.б. айтылған өткір сыни пікірлерге арнайы тоқталатын боламыз. Сонымен қатар конференция еліміздегі жемқорлықтың салдарынан оралмандардың да зардап шегіп жатқанын көріп отырғанымызды ескеріп, болашақта келеңсіз құбылыстарды жою жұмыстарын жалғастыру қажет деп шешті. Ол үшін келесі отырыстарда көші-қон полициясымен дөңгелек үстел өткізу, оған депутаттарды шақыру, Көші-қон қауымдастығының есебін тыңдау сияқты және т.б. іс-шаралар өткізу жоспарланды.
Ал бүгінгі мақаланы: «Бұл Үндеу шеттегі қандас-тарымызға олардың тарихи Отанының, әсіресе, болашақ-тың иесі — қазақ жастарының оларға деген ниеттері түзу екендігін білдіру, шеттегі ағайынға қазақ жұртының таза ниетін сездіру, үмітін үздірмеу үшін жарияланады», — деген жоғарғы пафостағы оймен аяқтаймын.

Әбдірашит Бәкірұлы,
философ-публицист

(46)