mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Тексеру жазалау емес, көмек көрсету үшін жүргізілуі тиіс

Көкшетау қаласындағы бірқатар сауда-ойын-сауық орталықтарын аралап, ондағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайымен танысып қайтқан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова осылай дейді. Халық қалаулысы алдымен «РИО» сауда-ойын сауық кешенінде болды.

Халық қалаулысы мұндағы жағдайды көріп, білген соң қарапайым адамдардың өрт қаупі төнген кезіндегі әрекетіне назар аудару аса қажет екенін айтты. Адамдардың көбі өрт оқиғасы кезінде от ошағынан қалай шығудың қарапайым ережелерін білмей жататыны жасырын емес.

Осыны алға тартқан депутат: «Соңғы кездегі өрт оқиғаларының денінде адамдар түтінге тұншығып, зардап шегетіні анықталып отыр. Сондықтан түтін сорғыш құрылғыларды орнатуға баса назар аудару керек»,— деді. Бұдан әрі ол облыс орталығындағы «Oго-го» балалардың ойын-сауық орталығында болып, жаңадан ашылған кешеннің өрт қауіпсіздігін сақтау жөніндегі жағдайына қанықты. Ойын-сауық ошағы басшылары бұл бағытта көп жұмыстар істеуге тура келетінін айтты. Расында, мұнда қалалық су құбырына қосылған өрт сөндіру гидранттары бар болғанымен, басқалай адамдардың өрт бола қалғанда далаға шығу жолдары кедергісіз болуы керектігін ұмытпаған жөн. «Ендігі жерде төтенше жағдайлар мекемелері мұндай кешендерді тексеру кезінде жазалауға емес, нұсқау беру арқылы көмектесуге баса назар аударылуы тиіс», — деді сапар соңында халық қалаулысы.

Облыста 60-тан аса ірі сауда орталығы тіркелген. Өрт сөндіру қызметі мамандары тексеру барысында 750 өрт сөндіру гидранттарының 344-і ғана жұмыс істейтіндігін анықтаған.

(10)