«ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРЛЕРІ» форумы Атырау өңірін наурыз мейрамы думанына бөледі

Биылғы жылдың наурыз айы атыраулықтар үшін ерекше оқиғаларымен есте ұзақ сақталары анық. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламасы аясында халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлерін заманға лайық жандандыру арқылы қоғамдық сананы жаңғырту мақсатында Атырауда 14-15 наурыз күндері «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» Халықаралық форумы болып өтті. Форумның ұйымдастырушысы Атырау облыс әкімдігі Наурыз мейрамына мазмұнды дайындықпен келді. Ауқымды шараны ұйымдастырудағы мақсат — ұлттық дәсүрлерді кеңінен насихаттау арқылы қоғамдық санаға сілкініс жасау, жаңғырту. Халқымыздың салт-дәстүр қазынасын халықаралық деңгейге көтеріп, жалпақ жұртқа таныстыру. Форумда өнер көрсетуге бес елден 700-ден астам әртіс, 30 өнер ұжым Ресей, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келді. Мұндай халықтық таным қазынасын ұлттар достығымен байланыстырып насихаттаудағы ауқымды мәдени  шара облыста тұңғыш рет кең көлемде атқарылды. 

«Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып…»

Форумның алғашқы күні облыс орталығындағы Исатай-Махамбет алаңында «Жаңа жасыңмен, Ұлы далам!» деп аталған әдеби көркем театрландырылған фестивальмен ашылды. Халқымыздың «Көрісу» салты дәріптелді. Алаң тамашаға жиналған қонақтар мен халыққа лық толды. Мұнда көрермендерге жағдай жасалып, отырғыштар қойылды. Тәртіп пен қызмет көрсетулер өз деңгейінде атқарылды.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өзінің құттықтау сөзінде «Көрісуді» мерекелеудің республика аумағында тұратын барлық халықты жақындастыратын дәстүрдің бірі ретіндегі қазақ халқы үшін маңыздылығын атап өтті:


— Біз бірлікке, тұрақтылыққа, татулыққа Елбасының саясатының арқасында келіп отырмыз. Негізгі себептердің, факторлардың бірегейі — бұл ұлттық рухымыздың биіктігі, дәстүрімізге, мәдениетімізге беріктігіміз. Ұлы Абай айтқандай «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» дегендей, бұл тойымызға алыс-жақын шетелдерден, еліміздің әр облыстарынан қонақтар келіп, қатысып, бір-бірімен құшақтасып көрісуде. Мемлекет басшысы, Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз сөздерінде бұл өмірде өз орнын табу үшін әрбір ұлт біртұтас, бәсекеге қабілетті болуы қажет деп бірнеше рет атап көрсетті. Бүгін біздің елімізде өмір сүріп жатқан барлық ұлттардың бірлік пен келісімде өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған. Қазақстанның әлемдік қауымдастықта алатын орны ерекше. Елбасы бастамаларын бірқатар елдердің басшылары үлгі етуде. Бірінші кезекте бұл қоғамдық келісімнің, саяси тұрақтылықтың, бейбітшілік пен тыныштықтың белгісі, — деді аймақ басшысы.
Форумға Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері белсене қатысты. Әр ұлт өздерінің құндылықтары мен ұлттық тағамдарын жайып, әшекейленген үйшіктерін құрды. «Навруз» әзербайжан, «Татулық» татар-башқұрт, «Иверия» грузин, «Тхоньил» кәріс, «Таврос» армян, «Былина» орыс, «Светоч» славян, «Довира» украин этномәдени бірлестіктерінің өкілдері мереке қонақтарын салт-дәстүрлерімен таныстырды. Осы ретте биылғы жылы осы күннен бастап «Ынтымақ» өзбек этномәдени бірлестігі де алдағы уақытта өз қоғамдық ұйымын құруды жоспарлап, өздерінің ұлттық тағамдарын жайып, халыққа өз қол өнерлерін паш етті.
Алаңда ұлттық спорт түрлерінен сайыстар да өткізілді. Оған қатысуға әркімнің мүмкіндігі болды. Жеңімпаздар сый-сияпатқа бөленді. Қызықтауға келген мыңдаған көрермен тамаша көріністердің куәсі болып, рухани демалғанын, осы оқиғаларды әсерлі бөліскенін айтуымыз керек. Кешкісін жергілікті әртістер мен «Ringo» тобы, қазақстандық эстрада жұлдыздары алаңда үлкен қонцерт қойды.

БАС ЖҮЛДЕ ЕКІ АҚЫНҒА ТЕҢ БӨЛІНДІ

Атыраудағы аламан айтысқа қатысуға еліміздің әр өңірінен 20 ақын келді. Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өткен республикалық айтыс «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып…» — деп аталды. Ақындардың қай-қайсысы да жақсы дайындықпен келгендерін байқатқан сөз өнері сайысы көрермендер көңілінен шықты. Зал толы халық әлсін-әлсін дүр ете түсіп, қолпаштап, қол соғып, айтыскерлердің шешендігін қошеметтеп отырды. Алдымен сахнаға атыраулық ақын Жәнібек Садыров пен алматылық Болатбек Оразбаев шығып, жұртты бір желпінтіп тастады. Мұнан соң бірінен-бірі өткен айтыскерлер сөз сарасын қиыстырып, көрерменін желпінтіп, әрқайсысы өз шабысын, талантын танытып жатты. Жалпы ортақ тақырып аясы сақталғанымен халықтың тұрмыс-тіршілігі мен әлеуметтік мәселелер де тілге тиек болып, әсерлі жеткізілді.


Сөз маржанын түйдектеткендер, суырып салмалығын танытқандар, сөзге шешендігін жеткізе білгендер арасынан жүйрікті анықтау әділқазылар алқасына да оңай соқпады. Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР Халық әртісі А.Әшімов, әнші- композитор А.Қоразбаев, ақындар: Е.Раушанов, С.Нұржанов, Б.Халиолла, жазушы М.Құлкенов, «Айқын» республикалық газетінің бас редакторы Н.Жүсіп, ардагер ақындар: Қ.Жылқышиев, Ж.Қарасаева, Ә.Бекенова қазылық еткен республикалық айтыс додасында айтыскер ақындар екі күн бойы сөз жауһарын төгілтті. Әділқазылар «Ұлы даланың ұлттық дəстүрлері» форумы аясында өткен республикалық ақындар айтысын қорытындылай келе бас бəйгені атыраулық ақын Айзада Даулекенова мен қарағандылық ақын Тілеген Əділовке (3 миллион теңгені) теңдей бөліп беруді жөн санады. Сегіз ақынға «Шабыттандыру» (200 мың теңгеден) сыйлығы тапсырылды. Бес ақын «Арнайы сыйлық» (400 мың теңгеден) номинациясын иеленді. 3-ші орын Мұхтар Ниязов, Айбол Жолмағамбетов жəне Дидар Қамиевтардың (әрқайсысына 500 мың теңгеден) қанжығаларына байланды. Оралдық ақын Талғат Мықи мен Қызылордалық ақын Бекжан Əміров (әрқайсысына 750 мың теңгеден) 2-ші орынға ие болды.
— Бұл айтысқа мен барымды салып дайындалған болатынмын. Осындай республикалық ақындар айтысы өңірімізде болып жатқаны біздер үшін үлкен мəртебе деп есептеймін. Алда әлі де талай шыңдарды бағындырамын, — деді жеңімпаз, айтыскер ақын Айзада Даулекенова.

АЙБЕК «ТҮЙЕ БАЛУАН» АТАНДЫ

«Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» халықаралық форумының атыраулықтар үшін қызықты өткен жарыстарының бірі — қазақша күрестен ашық республикалық турнир болды. Қазақ күресіне қатысуға абсолюттік салмақ дәрежесіндегі 18 балуан еліміздің әр облыстарынан арнайы келді. Сондай-ақ Грузия мемлекетінен де шақырылған балуандар қатысты.
Сайыс ережесіне орай жұптасу жеребе салынып атқарылды. Кілем үстіндегі белдесулер көрермендерге талай қызықты әдіс-тәсілдер қолданып, таза жеңісті танытқан әдемі сәттерді сыйлады. «Күш атасын танымас» дегендей бірін-бірі алып ұрып, жауырындарын жерге жапсыруға тырысқан олардың қай-қайсы да мұнда жеңісті мақсат тұтып келгені анық болатын. Сондықтан да балуандардың ашық турнирі көпшіліктің қызу тамашалап, делебелерін қоздырған жарыстардың ең бір есте қаларлық оқиғасы болды.
— Қазіргі уақытта Атырау облысында ұлттық спорт түрлері белсенді қарқынмен дамуда, солардың бірі қазақша күрес. Жарысқа «Қазақстан барысы» және «Әлем барысы» турнирлерінің жеңімпаздары қатысты. Іс-шара жоғары деңгейде өтті, — деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет.
Осылайша өткен қара күш иелері белдесуінің нәтижесі Шығыс Қазақстан облысының балуаны Айбек Нұғымаровтың жеңімпаз атанып, бас жүлдені жеңіп алуымен қорытындыланды. Ол турнирдің шешуші сәтінде Алматы балуаны Дәурен Нуралиновты есептік көрсеткішпен жеңді. Сөйтіп Бас жүлде — 2 миллион теңгенің иегері, «Түйе балуан» атанды.
Турнирдің жалпы жүлде қоры 4 миллион теңге болатын. Екінші орынды Дәурен Нуралинов еншіледі, ол 1 миллион теңгені қанжығасына байлады. Үшінші орындар үшін белдескен қарағандылық Ержан Шынкеев пен алматылық Руслан Абдразақов жеңіс тұғырына көтеріліп, әрқайсысы 500 мың теңгеден жүлдемен марапатталды.

КҮЙ САЙЫСЫ БАҚЫТ ҚАРАБАЛИНАҒА АРНАЛДЫ

Екі күнге созылған халықаралық форум талай тамаша шараларымен Мұнайлы астананы той-думанға бөледі. Солардың бірі домбырашы қыз-келіншектердің елімізде тұңғыш өткен Қазақстанның халық әртісі Бақыт Қарабалина атындағы республикалық сайысы. Бұл күн күй сүйер қауымға ерекше демалыс сыйлады.
Домбыра десе Құрманғазы мен Дина елі Атырау алдымен ауызға алынады. Халық шығармашылығының асыл мұрасы күй тыңдауды жанына серік еткен қазақ қашанда көненің көзі домбыраны киелі аспап санайды. Ұлы домбырашылардың туындыларымен халықты сусындатып, орындау шеберліктерін ілгері жалғастырған, әлемге күй құдіретін паш еткен дәулескер күйшілердің қатарында Қазақстанның халық әртісі, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының профессоры Бақыт Қарабалинаның есімі де бүгінде құрметпен аталады. Дарынды күйшіге арналған республикалық сайыс Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония залында өтті.
Бақыт Қарабалинаның шығармашылығын өсіп келе жатқан жас ұрпаққа аманаттау, қанат қақтыру мақсатындағы сайысқа Алматы, Қызылорда, Маңғыстау, Ақмола, Атырау облыстарынан 15 күйші қатысты. Әділқазылар алқасын Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі, бас дирижері, композитор, профессор Айтқали Жайымов басқарды. Дүлдүлдер сайысы екі кезеңге бөлінді. Біріншісінде халық композиторлары Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Махамбет, Қазанғап, Түркеш, Сейтек күйлерінен өз қалауымен шығарма орындаса, екінші кезеңде әлемдік композиторлар И.Чайковский, Ф.Лист, Ф.Шопен, В.Моцарт, И.Штраус, өзге де ұлы музыканттардың туындыларын орындады.
Орындаушылардың шеберліктері бірінен-бірі өткен, күмбірлеген күй әуені жаныңды тербеткен керемет екі күн де өте шықты. Жүзден жүйрік танылған атыраулық Назерке Базарбаева жеңіс сатысының биігіне көтеріліп, бас жүлдені жеңіп алды. Жүлделі бірінші орын Астанадан келген күйші Айымгүл Бекбаеваға бұйырды. Барлық аталым иелері «Алғыс хат» және «Дипломдармен» марапатталды.

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚШЫЛАР РИЗА КӨҢІЛМЕН АТТАНДЫ

Атырау қаласындағы теннис орталығында түркі халықтарының төл тума ойыны «Тоғызқұмалақтан» халықаралық турнир өтті. Форум аясында өткен бұл жарысқа Түркия, Қытай, Ауғанстан, Түрікменстан, Ресей мемлекеттерінен және Қазақстанның бес облысынан ерлер мен әйел ойыншылар қатысты. Барлығы 11 ер және 9 әйел тоғызқұмалақ мықтылары өз ойлау шапшаңдықтарын анықтады. Өте нәтижелі өткен ойынның жүлдесі де айтарлықтай қомақты болатын. Халықаралық турнирге қатысушылар бір миллион жарым теңгені ұтысқа салды. Терең ой мен тапқыштықты, тез шешімді талап ететін зияткерлік ой спорты сайысы ойлау өнерінің жеңімпаздарын көпшілікке танытты. Турнирдің қорытындысы бойынша ерлер арасында бірінші орынды қызылордалық Бексұлтан Бостандықов, 2-орынды елордалық ойыншы Ғалымжан Темірбаев, 3-орынды ақтөбелік Нұрбек Қабиев иеленді.
Әйелдер арасында 1-орынды Алмагүл Такишева, 2-орынды Ақтөбеден келген Диана Кенина иеленсе, 3-орын ОҚО-ның ойыншысы Лина Каримоваға бұйырды. Бірінші орын иелеріне 1000 доллар көлемінде, 2-орынға 700 доллар және 3-орынға 500 доллар көлемінде ақшалай сыйлықтар берілді.
— Мен Қазақстанға, атап айтқанда осы турнир өткен Атырау қаласына ризашылығымды білдіремін. Өзім жеңіске жете алмасам да, бұл жарыс маған жақсы тәжірибе болды, — деді Ауғанстаннан келген ойыншы Демирал Саид Мурсалин.

ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДЕ РУХАНИ БАЙЛЫҚ БАР

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткізілетін ата-баба кәсібінің бірі — ұлттық қолөнерді заманауи технология тілімен үндестіре жалғастырып келе жатқан «Құрмет» орденінің иегері, «Халықтың сүйіктісі» аталымын алған еліміздің танымал қолөнер шебері Ырза Тұрсынзаданың екі күндік шеберлік сабағына қатысуға жарты мыңдай өтініш түскен болатын. Ырза Тұрсынзада өзі негізін қалаған «Алтын Орда» дизайн үйінің бас директоры. Ресей, Франция, Италия, Германия елдеріне шығып, қол шеберлігімен талайды тәнті еткен этнодизайнердің тәжірибесінен сабақ алуға алғашқы күні 200-дей атыраулық шебер қатысты.


Ұлттық стильде құрақ тігуден тегін шеберлік сабақтарына қатысқан қыз-келіншектер дизайнер Ырза Тұрсынзададан тігу технологиясын үйренді. Ежелгі ұлттық қолөнерді жандандырып, ата кәсіпті саналарында жаңғыртты. Осылайша түрлі-түсті маталардан құрақ құрауды, неше түрлі үй тұрмысы бұйымдарын жасауды меңгере түсті.
— Атырау облысында мұндай семинар екінші рет өтуде, алғаш рет біз өткен жылы ұйымдастырғанбыз. Мені шеберлік сабақтарынан өткен қыз-келіншектердің көне қолөнерімізді өркендетіп, өз ісін ашқандары қуантады. Біз ұлы ақындарды, ұлт батырларын тәрбиелеп, қоғамның дамуына ықпал еткен қазақ әйелдеріне тән қасиеттерді дамыту мақсатында алда да бірлесе жұмыс жасай беретін боламыз, — деді Ырза Тұрсынзада.
Бұл жолы да шеберлік сабақтарына қатысушылар тұрмыстық заттар мен киімдерді тігу, қалпына келтіру әдістерін үйренді. Шеберлік сабақтары барысында бірегей тігу, сәндеу әдістері көрсетілді.
— Маған қатты ұнады, енді мен үйде отырып ұлттық тұрмыстық заттарды өз қолыммен жасай аламын. Алған тәжірибем маған алға қарай да пайдаға асады, бұған өзімнің барлық бос уақытымды арнағым келеді, – деді үй шаруасындағы әйел Гүлдана Дәулетбаева.
Этноқолөнерден шеберлік сабақтары Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде екі күн бойы жалғасып, көптеген нәзік жандардың қызығушылығын оятты. Әсіресе ұлттық өнерді кәсіпке айналдыра отырып, табыс табумен қатар, халқымыздың мәдениетін, өнерін ұлықтауға болатындығын, ұлттық нақышта қаншама дүниелер шығарылып жатса да өтімділігі шексіз екендігін түсіндіре білген шебердің сабаққа қатысушылардың санасына көп нәрсе құйғаны маңызды болды. Еңбек пен шығармашылық арқылы сапалы әрі заманауи үлгідегі ұлттық бұйымдар шығару да өнер мәдениеті болмақ. Шебер қол сабағына қатысқандарды шабыттандырған да саналарының осыны ұғынып, рухани жаңғырғандары еді.
Үшінші күні Ырза Тұрсынзада өзі үйреткен қыз-келіншектердің екі күн бойы жасаған дүниелерінен көрме өткізіп, алуан түрлі құрақтардан тігілген, көз жауын алатын бұйымдарды көрермендер назарына ұсынды. Шын мәнінде де көрме өнердің адамға шабыт пен серпіліс, жаныңа қуаныш сыйлар ғажайып көрінісімен таңдандырды.

ФОРУМНЫҢ ТАҒЫ ДА БАСҚА АЙШЫҚТАРЫ

«Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» халықаралық форумы бағдарламасындағы Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған республикалық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында болып өтті. Қазақ поэзиясының көрнекті тұлғасы Фариза ақын жырларын насихаттауға арналған шараға әр облыстардан өлең оқу шеберлері жиналды. Олар ақын қыздың патриоттық, отансүйгіштік, туған ел мен жерге арналған өлеңдерінен және өз қалауымен еркін тақырыпта бір-бір өлеңнен оқып, байқау шарттарынан көрінуге бар ынталарын салды.
Бас жүлдені Атыраудан қатысқан Ә.Қабдешева, бірінші орынды Оралдан келген Ә.Шахманова жеңіп алды. Екінші орынға Ақтөбелік Ә.Тәжібай мен атыраулық А.Бөлекбаева көтерілді. Үшінші орынды Ж.Саматқызы мен Ә.Салықова иеленді. Өзге де дипломанттарға сыйлықтар мен байқау Дипломдары табыс етілді.

****
«Sultan Palace» қонақүйінің конференция залында «Наурыз — адамзаттың материалды емес мәдени құндылығы ретінде» деген тақырыптағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысы Еуропа, Таяу Шығыс, ТМД елдері және Қазақстанның танымал ғалымдарының басын қосты. Конференция жұмысын ұйымдастыруға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университет ұжымы белсене араласты. Халықаралық ғылыми конференцияға облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Лұқпанов қатысып, аймақ басшысының құттықтау сөзін жеткізді. Ғылыми жиынға «Түріксой» халықаралық түркі мәдениеті ұйымының бас хатшысы Д.Қасейінов, Венгрия еліндегі қазақтар қауымдастығының төрайымы О.Мандоки, Түркияның Гази университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Х.К.Ченгел, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары М.Сқақов, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университет профессоры, ғалым Т.Жұртбай, Азербайжан республикасының ақыны И.Хаджиев, ҚР Ұлттық музейінің қызметкері, ғалым З.Сұрағанова қатысып, сөз сөйледі, тақырыптық баяндамалар жасады. Конференцияда ой-пікірлер айтылып, ұсыныстар қабылданды.


***
Астана, Алматы, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарынан және Грузия, Түркия, Қырғыз елдерінен келген дәстүрлі әншілер мен күйшілер өнер көрсеткен «Мәңгілік сарын» халықаралық дәстүрлі өнер фестивалі Жастар мәдениет сарайына өз көрермендерін жинады. Мұнда «Сармат» фольклорлық-этнографиялық ансамблі «Көшпенділер рухы» деп аталған әдеби-сазды сахналық қойылыммен өнер шеруін бастады. Жан-жақтан жиналған өнерпаздар сахна төрінде әннен шашу шашып, музыка дауысы Ақ Жайық аспанында әуеледі. Концертті «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Б.Жүсіпов жүргізді. Еліміздің танымал өнер иесі А.Алматов, Қырғыз елінің әншісі Р.Аманова, Түркиялық И.Гюрдаль ән шырқады. Сондай-ақ әр облыстардан келген отызға тарта өнерпаздар зал толы көрермендерді ән-күймен сусындатып, таланттарымен тәнті етті. Концерттік бағдарлама аяқтала келе олардың бәріне облыс әкімінің орынбасары Н.Сайлауованың «Алғыс хаты» және естелік сыйлықтар тапсырылды.

***
Екі күн бойы Атырау аспанында ән қалықтап, даласы күймен жаңғырды. Мазмұны мен маңызы терең мәдени, әдеби, тарихи шаралар легі бір толас таппай адамдар санасына бабалар мұрасынан қалған руханият қазынасын еселеп сіңіріп жатқандай әсерде болдық.
Назарбаев зияткерлік мектебіндегі «Рухани Жаңғыру» кіші жобалық кеңсесімен танысу, «Спикер#7» зяткерлік конференциясы, «Ұлы дала ұлағаты» кітабының тұсаукесері, «Рухани жаңғыру» республикалық жобалық кеңсе өкілдерімен дөңгелек үстел, «Домбыра Party» жастар акциясы, өзге де кесекті іс-шаралар бір жылға азық болардай маңыздылығымен ерекшеленді.
Қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы кең көлемде ұлықталған осындай форумның жабылу салтанаты «Атырау» спорт кешенінде жүргізілді. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сөз сөйлеп, мерекелі бағдарламаны абыроймен атқарып шыққан ұжымдарға алғыс айтты. Өткізілген шаралар бойынша үздік танылған байқау жеңімпаздарына марапаттар тапсырылды. «Тұғырлы тұлға» сыйлығымен «Түрксой» халықаралық түркі мәдениеті ұйымының бас хатшысы, ғалым, профессор Дүйсен Қасейінов марапатталды. «Аманат» ұлттық қоғамдық сыйлығы қоғам қайраткері Қ.Ищановқа, ақын Қ.Жылқышиевке, кәсіпкер Ә.Бекқожиеваға, ардагер-адвокат А.Омароваға тапсырылды.
«Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» форумы Тәуелсіз еліміздің абыройын асқақтатып, ұлттық болмысымызды әлемге таныту жолында биік санаға ұмтылған халқымыздың жас ұрпақты заманға сай болуға баулыған тәрбиелік мәні зор рухани, мәдени, көпшілік, ақпараттық игілігі мол іс-шара болды.

Бетті дайындаған —

Светлана Муньянова

(79)