mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

 Депутатты Тараздың экологиясы неге алаңдатады?

Сенат отырысында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдаған халық қалаулысы Әбдәлі Нұрәлиев: «Тараз қаласындағы кәріз жүйелері суы мен шайынды суларын сүзу алаңдары тазарту қондырғылармен жабдықталмағандықтан, бұл экологиялық апат төндіріп отыр.

2 мың жылдан астам тарихы, 300 мыңнан астам халқы бар Тараз қаласында 1963 жылдан бастап, қарапайым сүзгілеу алаңдары жұмыс істеп келеді. Осы алаңдар тәулігіне 150 мың текше метр шайынды суларды қабылдайды. Яғни кәріз жүйелерінен шыққан лас су мен қаладағы қоғамдық тамақтану, химиялық тазалау, техникалық және басқа да қызмет көрсету орындарынан жіберілетін шайынды сулар биологиялық тазартусыз осы сүзу алаңдарына ағады.

Егер аталған мәселені қазірден қолға алмаса, Тараз экологиялық апат аймағына айналуы мүмкін. Су тазалаушы тұндырғылар мен сүзгілеу алаңдары техникалық жағынан әбден тозығы жеткен. Тіпті, аталған алаңдар қолданыстағы нормативті талаптарға да сай келмейді. Осы лас су облыс аумағындағы елді мекендерге зиянын тигізіп жатыр. Бүгінгі таңда сүзгілеу алаңдарында кернеуінен асқан шайынды су қала іргесіндегі Жамбыл, Қостөбе елді мекендеріне жайыла бастады. Соның салдарынан жер асты сулары, ауыз су ластануда.

Жер асты суларындағы нитрат мөлшері белгіленген шектен 4-5 есе артық. Аталған мәселеге назар аударылмаса, ол бақылаудан шығып кетуі мүмкін.  Осындай келеңсіздік ауыз су арқылы адам азғасына, шайынды су лайлаған жайылымда қоректенген малға кері әсер етуде. Сол мал өнімдерін күнделікті пайдаланып отырған барша тұрғын жаппай індетке ұшырауы мүмкін. Жоғарыда аталған елді мекендердің қосалқы шаруашылықтарындағы малдан алынған ет және сүт өнімдері қала базарларына жетсе, тараздықтарға да қауіп төндірмесіне кім кепіл? Тараз қаласының кәріз жүйелерінен шыққан лас су мен өндірістер және өнеркәсіп қажетіне пайдаланылған шайынды су кез келген уақытта төтенше жағдайға ұшыратуы ғажап емес.

Аталған мәселені шешу үшін дамыған мемлекеттердің тәжірибесін пайдалану қажет. Өркениетті дамыған елдерде кәріз суы мен шайынды су тазартылып, өңделіп, тыңайтқышқа, игілікке жұмсалады. Ендеше, мұндай тәжірибені Тараз қаласына да қолдану қажет деп есептейміз. Жоғарыда аталғандарды қорытындылай келе, Тараз қаласында шайынды суды тазалайтын қазіргі заманғы технология мен жабдықталған қондырғы орнату үшін 2019 жылға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру барысында жергілікті атқарушы органдар болжап отырған 12 млрд теңгені қарастыруға ықпал етуіңізді сұраймыз»,— деді.

(14)