mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Аралды құтқару жобасының екінші кезеңі

Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен Арал ауданында өткен жиын барысында: «Биыл Қызылорда облысында «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасының алғашқы 4 бөлігі іске асырылады. Жобаның бірінші кезеңін іске асыру теңіз бен Арал қаласының арасын 100 шақырымнан 17 шақырымға дейін қысқартуға, бұрын жоғалып кеткен балықтың 22 түрінің теңізге қайта оралуына мүмкіндік берді.

Биыл «САРАТС» жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру жұмысы басталады. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл республикалық бюджет есебінен «САРАТС-2» жобасының 4 бөлігін жүзеге асыруды бастадық. Олар – Қызылорда су торабына кешенді жөндеу жүргізу, қорғаныс бөгеттерін нығайту, өзен арнасын түзету және Қазалы ауданы Бірлік елді мекенінің тұсынан көпір салу. Мен Елбасының тапсырмасын уақтылы орындау мақсатында жобаның қалған 4 бөлігін іске асыруды жеделдетуді ұсынамын»,— деді.

Елбасының бастамасы бойынша 1993 жылы 26 наурызда құрылған Халықаралық Аралды құтқару қоры 2018 жылы өзінің 25 жылдығын атап өтуде. Қордың құрылған күні — 26 наурызды — «Арал теңізі» күні деп атап өту туралы шешім қабылданды. Мемлекет басшысының бастамаларын жалғастыру мақсатында өткен жылы Қызылордада тұрақты даму халықаралық форумы өтті. Форумда 26 наурыз – «Арал теңізі» күні болып жарияланды. Бірнеше күн бұрын облыста теңізді құтқару ісіне өзіндік үлесін қосқан эколог-ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен мерекелік шаралар өтті.

Елбасының халық арасында «ғасыр жобасы» аталған САРАТС жобасын жүзеге асыру туралы дер кезінде қабылдаған тарихи шешімінің нәтижесінде Арал теңізінің солтүстік бөлігі сақталып, жергілікті халықтың өмірі жақсарды. 2003 жылы теңіз бен қаланың аралығы 70 шақырым болса, қазір бұл қашықтық 17 шақырымға дейін азайды. 15 жылда Арал ауданында балық аулау көлемі 83 есеге артты, егер 2003 жылы 83 тонна балық ауланса, 2017 жылы 6 934 тонна су маржаны ауланды.

Бұрын 7 ғана балық түрі болса, өткен жылы олардың саны 22-ге көбейді. Қазіргі кезде облыста 8 жұмыс істеп тұр, оның 4-уі соңғы 5 жылда салынған. Аралдың жандануы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізді. Өнеркәсіптік кәсіпорын саны үшеуден жетіге көбейді. 2003 жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 874 болса, 2017 жылы олардың қатары 3266 бірлікке артты. 2003-2017 жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлер саны 2 есеге (9,1 мың ш.метрден 19,2 ш.метрге) өсті. Әлеуметтік нысандар — мектеп, ауруханалардың саны да артты. 15 жылда Арал ауданында 29 медициналық мекеме және 31 мектеп салынған. 2003 жылы 7 балабақша болса, қазір 52 бөбекжай жұмыс істейді.

Қазіргі кезде Арал ауданында 78 мың адам тұрып жатыр»,— деген мәліметтерді алға тартты. Қызылорда облысына іс-сапармен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бастап келген үкіметтік делегация облыс активі және кәсіпкерлері, сонымен бірге әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесті. «Қараөзек» газкомпрессорлы стансасында болып, Арал ауданындағы «Аралтұз» АҚ және балық өңдеу зауыттарының жұмысымен танысты.

Осында қоғам өкілдерімен кездесу өтіп, Солтүстік Арал жобасын іске асыру, суармалы жерлер және ҚР Президентінің 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру аясында шағын несие беруге байланысты сауалдарды талқылады. Сонымен қатар, Байқоңыр қаласы және ғарыш кешенінің жұмысымен танысады.

                    

(23)