«Мұны түсінгісі келмегендерді нағыз «халық жауы» дер едім» атты мақалаға ресми орындардан жауаптар келді. Бірақ…

Біздің газетімізде көп жылдар теміржол саласында қызмет еткен білікті маман Келесбек Нұрпейісовтың теміржол қатынасындағы қауіпсіздік мәселесіне арналған «Мұны түсінгісі келмегендерді нағыз «халық жауы» дер едім» атты мақаласы жарияланып, ол Үкімет пен Бас прокуратура назарына ұсынылған еді. Аталған мақаласында автор: «СЦБ электромеханиктері ПТЭ-дегі бекітілген 230 вольт 10 %+5 % мөлшердің сақталуын күндіз-түнін қадағалай алмайды. Ал АҚШ, Жапония сияқты дамыған елдерде адамның қолынан келе бермейтін осындай ауыр жұмыстарды техникаға, яғни робот-құлтемірлерге істетіп қойған. Бұл жайлы ұсынысты мен сонау Кеңес дәуірі кезінде көтеріп, Мәскеудегі «Автоматика, телемеханика и связь» журналында «Отлагательство не терпит» деген мақаламда жазып, аталған мәселені бүкіл КСРО мамандарының талқысына салған болатынмын. Министрлік (ЦШЦ 25\35 02.12) оған 1986 жылы жалтарма жауап берді.

Менің халыққа үндеуім далада қалды. Көптің талқысынан кейін менің схемам релелік емес, электрондық үлгіде болады және сәйкесінше аумағы кішігірім, ыңғайлы құлтемір-робот болады деген үмітім ақталмады. Министрлік бұл өзекті мәселені оң шешу үшін қосалқы авторларды тартпады. ЦЖИ № 668-И 02.02. 2004 жылғы жауап та жалтарма болды. Құзырлы органдар маған 207-187 вольт аралығындағы сапасыз кернеуді тіркейтін құрал өндіріске енгізілді деп жауап бергенімен, №045-2-28\ЖТ-Н-857-И 17. 20. 2018 жылғы жауапта сапасыз кернеу туралы ақпарат байланыс және пойыз диспетчеріне қалай жеткізілетіні туралы жазылмаған. Осы жауапта бұған келіспеген жағдайда сотқа жүгінуге құқылысыз деген. Алайда сот Н.Қалымжанованың 218 жылдың 13-і ақпан күні берген ұйғаруынан көріп отырғанымыздай, менің талап арызым сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды екен. Сонда бұл қалай? Пойыздар жүрісінің қауіпсіздігіне бір мезетте төрт бірдей қауіп төндіретін сапасыз кернеуді қадағалауды 1986 жылы және 2004 жылы темір жол басшылары қажет деп табады да, ал, енді қазір жылдамдығы 140 км\сағ «Тальго» жүрдек пойыздары көптеп жүргізіле бастағанда, кернеудің сапасына қойылатын талап төмендеп қалғаны ма? Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашақ» бағдарламасымен жастарды шетелдерде оқытып, білімдерін тереңдетуге жағдай жасауды ұсынып отырғанда, сол білімді жастарымыз адамдардың қолынан келмейтін жұмыстарды дәл осылай техникаға, яғни құлтемір-роботтарға істету туралы ұсыныстар жасап жатса, осындай бір-біріне сілтеген жалтарма жауаптар жастардың жігерін құм етпей ме? Мен сол ұсынысым үшін иә ақша, иә атақ сұрап отырған жоқпын ғой», — деп өзінің жанайқайын жеткізген еді.
Автордың сол жанайқайына қайтарған жауаптарында құзырлы орган қызметкерлері мынадай деректерді алға тартқан. Мәселен, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің вице-министрі Қ.Өскенбаев: «Алынған хат негізінде министрлік К.Нұрпейісовтың рационализаторлық ұсынысына баға беру туралы «Қазақстан темір жолы» АҚ сұрату жіберді. «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ-ы ұсынған сұрауға сәйкес, қазіргі таңда орташа есеппен алғанда бүкіл автоматты өтпе бұғаттау бағдаршамдарының 30 пайыздан астамы магистральдық желінің қисық учаскелерінде орнатылған. Бағдаршамдардың көріну қабілетін қамтамасыз ету мақсатында бұл бағдаршамдарда ЖС типті қыздыру лампалары бар линзалы комплектілер жарықдиодты модульдарға ауыстырылған. Кернеудің 187 вольтқа дейін кемуі жарық диодты модульдармен жабдықталған бағдаршамдардың көріну қабілетіне әсер етпейді. 1988 жылдан бастап қоректендірудің жаңа панельдері қолданысқа енгізіле бастады, олардың құрамында РНП типті жартылай өткізгішті кернеу релесі бар. Ал 2010 жылдан бастап электрлік орталықтандыру құрылғыларының кернеу деңгейін 187 вольттан 207 вольтқа дейін бақылауға арналған РНМ1, РНМЗ, РНМЗ-У типті микроэлектрондық кернеу релелерінің панельдері пайдаланылуда. Бұдан басқа стансаларда электрлік орталықтандырудың орнына микропроцессорлық орталықтандыру (МПЦ) жүйелері енгізілуде, оларда қоректендіруші кернеу деңгейінің төмендеуі бағдарламалық деңгейде бақыланады. Бұл құрылғылар қоректендіруші кернеу шамасын бақылау мәселесін толығымен шешеді. Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, хатта жазылған қоректендіруші кернеу деңгейінің төмендеуін бақылау мәселесі магистральдық желі үшін «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ көкейкесті мәселе емес», — деп есептейді.
Алайда К.Нұрпейісов пойыз қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі рационализаторлық ұсыныстарын, схемаларын және сызбаларын Қазақ Көлік және коммуникация академиясының «Автоматтандыру және басқару» кафедрасына және тәжірибе сынақты өткізу және қорытынды беретін темір жол көлігіндегі проблемалық зерттеулермен айналысатын мекемелерге жолдауға құқылы. Сондай-ақ 2007 жылғы 12 қаңтардағы №221 «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-і бабына сәйкес, осы жауапқа келіспеген жағдайда, жоғары тұрған органға немесе сотқа шағымдануға құқылы», — деп жауап берген.
Ал «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ-ның «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының директоры Ж.Ізғұлов: «Автор К.Нұрпейісовтың «Qazaqstan zamany» газетінде жарияланған пойыздардың қауіпсіздігін қамтасмасыз етуге алаңдаушылық білдірген мақаласына орай, келесіні хабарлайды: «Автор қазіргі уақытта темір жол саласында жұмыс істемейді, сондықтан нақты жағдайды білмейді. Қазіргі кезде бағдаршамның көрінуін қамтамасыз ету мақсатында ЖС үлгісіндегі қыздыру шамдары бар линзалық жинақтар жарықдиодты модульдерге ауыстырылған. Бұл ретте 187 В-қа дейін керенуді төмендету олардың көрінуіне әсер етпейді. 1988 жылдан бастап құрамында жартылай өткізгішті РНП үлгісіндегі кернеу релесі бар жаңа қоректендіру панельдері, ал 2010 жылдан бастап РНМ, РНМЗ, РНМЗ-У үлгісіндегі микроэлектронды кернеу релесі енгізілген. Стансаларда микропроцессорлық орталықтандыру жүйесі енгізілген, онда қоректендіру кернеуін төмендету деңгейі бағдарламалық деңгейде бақыланады. Бұл құрылғылар арқылы қоректтендіру кернеуінің шамасын бақылау мәселесі толықтай шешілген. Жоғарыда баяндалғандарға сүйене отырып, мақалада баяндалған алаңдаушылық қазіргі уақытта магистральдық желі үшін аса өзекті мәселе емес деп санаймыз. Бұған қоса, бұрын К.Нұрпейісовтың бірқатар ұсыныстары автордың қатысумен «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының сигнализация және байланыс департаментінің мамандарымен техникалық кеңесте бірнеше рет қаралды. Автордың қатысумен ұсынылған ұсыныстарға пайдалану кезіндегі сынақтар өткізілді, сол сынақтардың нәтижелері бойынша ұсыныстар «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ үшін мақсатқа сай емес және қолдануға жарамсыз деген шешім қабылданды. Бүгінгі күні автор өзінің ұсыныстарын өткізілген сынақтардың теріс нәтижелеріне қарамай-ақ қолданысқа дереу енгізуді талап етуді жалғастыруда. Автор барлық мемлекеттік органдарға хат жолдап, «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ-ның әр түрлі құрылымдары қызметкерлеріне өздерінің міндеттерін атқаруға кедергі жасайды», — деген түсінік берген. Байқап отырғандарыңыздай, қос органның жауаптары егіздің сыңарындай, бір-бірін қайталаудан аспаған. Бәлкім, құзырлы орган басшылары осындай авторлардың көп болғанына қуанып, оларды кінәлағанша, темір жол қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірген саналы, жауапкершілікті сезінетін патриот азаматтарға қолдан келгенше қолдау, көмек көрсеткені абзал болар еді ғой дегіміз келеді.

Мәтінді дайындаған —
Ермек Сахариев

(31)