Кәріс түбегіндегі жылымық

Соңғы кездері әлем жұртшылығының назары Корея түбегіндегі қос кәріс мемлекетіне ауып, АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның кездесу мүмкіндігі туралы жорамал жаппай талқыланып жатыр. Осыдан біраз уақыт бұрын Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Пхеньянда Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин жіберген делегациямен кездесті. Солтүстік Корея мемлекеттік ақпарат құралдарының хабарлауынша, төрт сағатқа созылған кешкі ас кезінде КХДР басшысы «ұлттық бірігудің жаңа тарихын жазу» ниеті барын білдірді. Жылы шырайлы кездесудің нәтижесінде тараптар сәуір айында қос Кореяның саммитін өткізуге уағдаласты. Сеул мен Пхеньян арасында ықыласты келіссөз Пхенчханда өткен қысқы Олимпиада ойындарына Солтүстік Кореяны қатыстыруға келіскен соң басталған болатын. Оңтүстік Кореяға КХДР делегациясын Ким Чен Ынның қарындасы, насихат бөлімі басшысының орынбасары Ким Ё Чжон ханымның бастап келуі де бұл оқиғаның тарихи маңызын арттыра түсті. Өйткені ол – 65 жылдан кейін Оңтүстік Кореяға ат басын бұрған алғашқы солтүстіккореялық лауазымды тұлға-тын. Президент Мун Джэ Ин Ким ханымды өз резиденциясында ерекше ілтипатпен күтті. Жарты ғасырдан астам уақытқа созылған арадағы салқындықтан кейін бірден ашылып сөйлесе қоймаса да, тараптар бұл екі Корея арасына көпір салатын жүздесу болатынына сенім білдірді. Сол кездесуде Ким Ё Чжон Оңтүстік Корея басшысына КХДР-ға ресми шақыру табыстаған.

Ким Чен Ын жауласуды доғаруға шақырды
Шақыртуды қабыл алған Мун мырза көп ұзамай Пхеньянға өз делегациясын аттандырды. Делегация құрамына Оңтүстік Кореяның 10 жоғары лауазымды шенеунігі енді. Олардың арасында барлау қызметінің жетекшілері де бар. Делегацияны Оңтүстік Корея президенті жанындағы ұлттық қауіпсіздік басқармасының бастығы Чон Ый Ён бастап келді. 2011 жылы Ким Чен Ирдің өлімінен кейін солтүсттіккореялық режім тізгінін ұстаған оның ұлы Ким Чен Ын Оңтүстік Кореяның ресми өкілдерімен кездескен емес. Оның үстіне, ол шетелдік қонақтарды сирек қабылдайды. Сондықтан Пхеньяндағы кездесуге Сеул ерекше жауапкершілікпен дайындалды. Тарихи келіссөз барысында Солтүстік Корея басшысы зымыран-ядролық бағдарламасын тоқтатуға, Сеулмен жауласуды доғаруға сөз берді. Ким Чен Ын, тіпті, АҚШ-пен келіссөз үстеліне отыруға да дайын екенін жеткізіп, бірақ Пхеньянның бір ғана шарты барын: яғни Солтүстік Кореяның сыртқы қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілуі керек екендігін алға тартты. Бұдан бөлек, кездесуде тараптар екі елдің арасын жақындата түсу мақсатында сәуір айында халықаралық саммит өткізуге уағдаласты. Ресми кездесуден кейін Ким Чен Ын оңтүстіккореялық қонақтарын салтанатты кешкі асқа шақырды. Ақ дастарқан басына әйелі Ли Соль Чжумен бірге келген КХДР басшысы меймандарға төрт сағат уақытын арнады. Солтүстік Кореяның мемлекеттік телеарнасы: «Кешкі ас отандастарға деген ықыласқа толы жылы шырайда өтті», — деп хабарлады. Арна сайтында жарияланған суреттерден кешкі аста Ким Чен Ынның қарындасы Ким Ё Чжонның да болғанын байқауға болады. Пхеньяндағы бұл кездесуді халықаралық БАҚ жарты ғасырдан астам уақыт бойы бір-біріне түс жылытпай келе жатқан қос Кореяны біріктіру жолындағы маңызды қадам деп бағалады. Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея 1945 жылы екіге бөлінген еді. 70 жылдан астам уақыт бойы екі бөлек мемлекет болып өмір сүріп келе жатқан Солтүстік және Оңтүстік Кореяның екеуі де бірігу жолында күресіп келеді. Алайда әрқайсысы өз туының астында біріккенді қалайды. Оңтүстік Кореяда Бірігу министрлігі деп аталатын ведомствоның жұмыс істеп келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды, сондай-ақ, осы мәселемен айналысатын қаншама ғылыми институттар мен орталықтар бар. Оңтүстіккореялық елшілердің Вашингтонға аттанбақ ойлары бар. Ондағы мақсат — АҚШ әкімшілігін Ким Чен Ынмен болған келіссөз нәтижесі туралы құлақтандырып, Трампты онымен кездесу өкізуге үгіттеу. Әзірге Ақ үй Оңтүстік және Солтүстік Кореяның арасындағы барыс-келістерді салқынқандылықпен қабылдап, әліптің артын бағуда. Бірақ АҚ үй билігі бір нәрсені анық ұқтырды: ол — КХДР ядролық бағдарламасынан бас тартпайынша, АҚШ-тың Солтүстіккореямен келіссөз үстеліне отырмайтындығы. Оңтүстік Кореяның бір топ делегациясы құрамымен кездесуі барысында «коммунист» кәрістер «капталист» әрептестеріне өз көсемдері Ким Чен Ынның АҚШ президентімен жолыққысы келетінін жеткізген. Бұл ақпарат әп-сәтте Трамптың құлағына жетті. Басында Солтүстік Коряға қарсы қысымды күрт күшейткен Ақ үй басшысы қисайып баққанмен, бара-бара кездесудің мүмкін екендігін айтқан.

Бұған сарапшылар пікірі қандай?
Десе де: «ол кездесу қайда, қандай сипатта өтеді, онда басты әңгіме тақырыбы не болуы мүмкін?»— деген сауалға білікті мамандар мен кәнігі сарапшылар тап басып жауап бере алмай, тек болжам жасаумен шектелуде. Сарапшылардың пікірі: «Ким Чен Ын бұл қадамға амалдың жоқтығынан барып отыр. Өйткені, АҚШ пен оның одақтастарының Солтүстік Кореяға қарсы салған санкциялары ел экономикасын тұралатып кетті. Халықтың тұрмыс жағдайы өте қиын. Тұрмыстың аса ауырлығынан Оңтүстік Кореяға қашып жатқан кәрістер саны соңғы жылдары тіпті көбейіп кетті. Ядролық қаруды сынақтан өткізуге ұлттық қордың барлық қаржысын сарқып біткен Ынның енді сыртқа қол жаюдан басқа амалы жоқ. Оның үстіне БҰҰ Қауіпсіздік Комитеті әлем мемлекеттеріне бұл елге мұнай өнімдерін қоюға тыйым салып, соның салдарынан Пхеньян танктері жемсіз қазыққа байланған аттай ошарылып тұр. Олардың бәрін қазір соғыс тағдырын шешетін қуатты қару-жарақ емес, темір-терсектің жиынтығы десе болады. Аталған санкцияларынан кейін Пхеньянды сырттай болса да қолдап келген Қытай мен Ресей де амалсыздан халықаралық ұйымның шешімін қолдады. Ақ үй басшысы ресми Пхеньянға Қытай арқылы да ықпал етіп, ақыры өз дегеніне жетті. Өйткені әлемдік нарықта Солтүстік Кореяның сауда қатынасының 50-60 пайызы Қытаймен дамып отыр. Солтүстіктегі кәрістер тұрмыстағы тұтыну мен азық-түлік тауарларын негізінен Қытайдан алады. Былтыр АҚШ-та өткен кездесуде Дональд Трамп «аспанасты елінің басшысы бұл саяси ойында үлкен рөл атқара алады» деп, Цзиньпинге сенім білдірген. Бұл жайт Дональд Трамп пен Цзиньпинмен арасындағы телефон арқылы сөйлескен әңгімеде тағы да сөз болып, екеуі де Солтүстік Кореяға қысым жасап, санкция салуды жалғастыра беруге келіскен. Өйткені, қос көсем де алдағы болуы мүмкін кездесудің үлкен нәтиже беретініне сенімді. Осы орайда жуықта Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен қысқы олимпиада ойындары қос кәріс мемлекеттерінің арасын жақындастыруға дәнекер болған айтулы шара болды. Аталған олимпиадада екі елдің спортшылары бір тудың астында өнер көрсетіп, қос мемлекет арасындағы қарым-қатынаста сәл болса да жылымық орнады. Осыны пайдаланып қалғысы келген «коммунист» Ын бұрынғы райынан қайтып: «Өз елімнің жарқын болашағы үшін алдағы уақытта бейбітшілік пен тұрақтылық жолын таңдаймын. Тіпті ел мүддесіне тиімді болса, ядролық қарудан бас тартуға дайынмын», — деген мәлімдеме жасады. ЕуроОдақ дипломатиясының өкілі Федерики Могерини – Майя Косьянчич: «Трамптың кездесуге ыстық ықылас танытып отыруы әлем елдері үшін тосын сый емес, қайта жағдайды ушықтырмай, жедел шешуге жасалған оң әрі жағымды әрекет. Кездесудің қай жерде өтетіні маңызды емес, басты мәселе — мәмілеге келу», — деген пікірді алға тартады. Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров болса: «Ең қуанарлығы — екіжақты кездесуге батыл қадам жасалып отырғандығы. Бұл әңгіме күйінде қалмауы керек. Корей жарты түбегіндегі жағдайды тұрақтандыруға Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея ғана емес, Ресей, жалпы халықаралық қауымдастық та мүдделі. Бастысы — кездесудің нәтижелі болатынына үміттенейік», – деп отыр. Расында да АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея көсемі Ким Чен Ынның кездесуі өтетін болса, бұл күллі әлем жұртшылығы мойындарына бұршақ салып сұраған ең жағымды саяси нәтижеге апаратын күрделі де аса қажетті оң прогресс болары кәміл.

Ермек Сахариев

(17)