Екі алпауыттың «сауда соғысы» немен аяқталмақ?

Соңғы күндері әлемде орын алған ірі оқиғалардың бірінен саналатын АҚШ пен Қытай арасындағы «сауда соғысы» енді саябырлай бастады. Наурыздың 23 күні  АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан жеткізілетін кей тауар түрлеріне баж салығы мен шектеулер енгізетін құжатқа қол қойған болатын. Бұл мәселе өткен жылы Трамптың сайлау алды бағдарламасында да айтылған еді. АҚШ пен Қытай арасындағы теңсіз сауда-саттықтан АҚШ-тықтардың зиян тартып келе жатқанын ашық айтқан Дональд Трамп бұл қарым-қатынасты «Қытайға зорлану» деп сипаттағаны бар. Сол айтылған сөзді жүзеге асыру мақсатында аталмыш жарлыққа қол қойған АҚШ президенті жыл сайын АҚШ-қа әкелінетін 60 миллиард долларлық құнға ие тауарлардың кей түріне баж салығын енгізудегі басты себебі ретінде Қытай кәсіпорындарының АҚШ-на тиесілі патенттерді ұрлап өндірумен қоса, оны арзан бағамен сатып, «сауданың құтын қашырып» отырғандығын алға тартты. 

 

Биліктің жауабын қытайлықтар өздері әжуалады

Ресми Бейжің де АҚШ-қа қарымта жауабын қайтарып үлгерді. Қытайлар АҚШ-тан келетін шарап, жеміс-жидек, шошқа еті, алюминий және болат материалдары секілді жалпы құны 50 миллиард долларға жуықтайтын АҚШ тауарларына қарата кедендік бажды жоғарылатындығын айтты. Мұнымен қоса баспасөз беттерінде «салмақты сөздерін» де іріккен жоқ. Әлемдік сарапшылардың «екі алпауыт арасындағы экономикалық теке-тірестің жер-жаһанға ықпал ететіндігіне алаңдап отырғандығын» айтқан Қытай билігі бұл «соғыстың» АҚШ-қа тиімсіз болатындығын дәлелдеуге кірісті. «Қытай елі бұл мәселенің ушығып кетуінен алаңдайды, сонымен қоса кез келген жағдайдан қаймықпайтындығын, соңына дейін тіресуге дайын екендігін» айтты. Сондай-ақ олар АҚШ-тың әрекетін «қолына ұстаған тасы, өз аяғын жаншиды», «АҚШ жар басына таяп қалды», «Олар аттың басын тартса игі еді, бұл ең соңында АҚШ-тың мүддесіне тиімсіз болмақ» деп мәлімдеді. Биліктің мұндай дипломатиялық жауабы ең алдымен Қытайдағы ғаламтор желісінде күлкіге айналып кетті. «АҚШ-тың қолына ұстаған тасы өз аяғын жаншитын болса» оған бола шыр-пыр болудың қажеті қанша? Ақыры «жар басына таяп қалған екен» ептеп ары қарай сырғытып жіберсе нетер еді? «Атыңның басын тарт» деген сөз оларға жанашырлық танытудан гөрі жалынуға ұқсайды екен, «қарсыластың мүддесі үшін алаңдау — жалпақшешейлік қой» — деген мысқылдар да қардай борап айтылып жатты.

Қитыққа тиген жарлық

Трамптың жарлығы жария етілген соң халықаралық күштер шынында да алаңдап қалды. Сарапшылардың көбі шынымен де «сауда соғысы» туылатын болса, оның екі жаққа да тиімсіз екендігін, әрі бұл дүниежүзіне ықпал етпей қоймайтындығын айтып жатыр. Өткен аптаның соңына қарай Нью-Иорк қор биржасында ептеп құлдырау байқалғанымен, наурыздың 26 күнгі нәтиже сәтімен аяқталды. Азиядағы ірі қор биржаларында өсім байқалғанымен, Еуропада аздап шегініс байқалды. АҚШ-тың кедендік салықты ауырлататын тауар тізімі әлі де дайын болған жоқ. Бұған қоса Трамптың бұл шешімге бармас бұрын айтқан «Қытайлықтар АҚШ-кәсіпорындарына тиесілі меншікті табыс құқығын өрескел бұзып отыр» деген сөзі де алдағы уақытта тереңдеп зерттеуді қажет ететіні сөзсіз. Бұл уәжге Қытайлардың қатты қар-сылық білдіре алмасы белгілі. Кез келген шетелдік өнімнің көшірмесін жасап, оны қайтадан өздеріне, шетелдерге арзанға сатып келе жатқан қытайлықтардың «бетсіздігі» бұған дейін де сан мәрте халықаралық дау-шарға тұздық болғаны бар. Осы мәселеге байланысты бұл АҚШ-тың майданын қолдаушылар табылмайды дегенге сену де қиын. Биылғы жылы Қытайға АҚШ тарапынан төнген қысым артып келе жатқаны жасырын емес. Күрделі мәселеге айналып кеткен Оңтүстік Қытай теңізі аумағына жүзіп келген АҚШ әскери кемелері де Қытайды аяғынан тік тұрғызды. Сонымен қоса Дональд Трамптың таяуда ғана Тайван мен АҚШ арасындағы саяхат визасы туралы жарлықты бекітіп жібергені де Қытайдың қитығына тиіп кетті. Саяси жауырыншылар, Си Цзиньпинның Тайванды қарулы күшпен қосып алу ниетінің күн санап асқынып, соғыс ошақтарының Азияның шығыс бөлегінде тұтануы мүмкін екендігіне шүбә келтірмей отырғанда, Трамптың бұл әрекеті отқа май құйғандай болып шықты. Сөйтіп Қытай елі азуы алты қарыс Құрама Штаттардан жан-жақты қысым көре бастады.

Өзара келісімнің ауылы алыс емес-ау…

Жұрттың барлығы алағызып отырған қысылтаяң шақта АҚШ-тың Apple, Google қатарлы алпауыт кәсіпорындарының басшылары Қытайдың Учжэн қаласында өтіп жатқан дүниежүзілік интернет-конференциясына қатысып, өздерінің Қытай нарығында жұмыс істеуге ниетті екендіктерін білдірді. Алайда Қытай билігінің қарымта жауабында аталған тауарлар тізімінде бұл компанияларға қатысты ештеңе айтылмағанымен, былайғы жұрт, Apple-дың ұялы телефондарының басым бөлігі Қытай нарығын жаулап алып жатқандығын биліктің есіне түсіргендей, ғаламтор бетінде қазір болып жарқ етіп шықты. Мұнан соңғы тағы бір жаңалық АҚШ-тың қа-зына министрі Steven Mnuchin мырза ҚХР Премьер министрінің бірінші орынбасары Лю Хы Мен телефон арқылы тілдесіп, шиеленісті жағдайды келіссөздер арқылы шешуді ортаға қойды. Бұл жаңалықты Қытай баспасөзі: «АҚШ-тықтар есікті өздері келіп қақты», — деп жазып жатыр. Ал Англия басылымдары екі басшының «әп-әдемі» әңгімесін Қытайдың күн көсемі атанған Маоның «қағаз жолбарыс» деген сөзімен сипаттай отырып, «сауда соғысының» болмайтындығын түйіндепті. Ақ үйден таралған ақпараттарға қарағанда Steven Mnuchin мен сауда өкілі Robert Lighthizer қытайлық әріптестерімен орын алған жағдайды бірлікте талқылауды ортаға қойған. Сондай-ақ қытайлардың «50 миллиард долларлық құнға ие АҚШ тауарларына салықты көбейту керек» — деген ойын өзгертуге шақырыпты. Мұнымен қоса, Трамп мырза АҚШ-та жасалған көліктердің Қытай нарығына шығуына, билік тарапынан жасалынып жатқан кедергілердің алынып тасталуын талап еткені тағы бір мәрте пысықталса керек. Осылайша дүниенің шығысы мен батысында отырып алып бір-бірлеріне айбар шеккен алпауыттардың арыны бір-бір айқай-шудан кейін басылатын күн алыс емес секілді.

Ерқазы Сейтқали

(51)