mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Зардап шеккендер көмексіз қалмайды

Үйлерге жол ашылғаннан кейін арнайы комиссия келтірілген зардапты есептеуге кірісетінін айтқан Шығыс Қазақстан облысының əкімі Даниал Ахметов: «Арнайы құрылған комиссия үйлерді бағалайды. Егер үйді қалпына келтіру мүмкін болса, онда қалпына келтіреміз. Егер қалпына келтіру мүмкін болмаса, онда жаңа үй немесе пəтер сатып əпереміз. Шығынның барлығын есептеп, өтейміз»,— деп мәлімдеді.

Аймақтық брифингте су тасқынына қатысты бірқатар ақпаратпен бөліскен өңір басшысы: «Мен Прогресс ауылында болып, тұрғындармен кездестім. Арықтарды су басқан. Оның себебі де күрделі. 30 жылдан астам уақыт мұндай көлемде су тасқыны болып көрген емес. Таудан су келіп жатыр, ал үйлер тау етегінде орналасқан. Жер беті айтарлықтай терең қатып қалған. Ол әлі жіби қоймағандықтан, су оның бетімен ағып жатыр. Белоусовка, Предгорный және Глубокоедағы жағдайлар бір-біріне өте ұқсас. Облыста жауынның нөсерлеуі тоқталар емес. Жауын мөлшері үш айлық нормадан асып кетті. 481 тұрғын үйді су басты, оның ішінде 236 үйден су әлі кетпеген. Оның 175-і — Глубокое ауданында, 42-сі — Шемонаихада, 15-і — Өскеменде. 14 үй құлап қалса, 19 үй құлап қалуы мүмкін жағдайда тұр.

Бұл Аягөз ауданына қатысты мәлімет. Өткен аптада біз ол жақтан 13 үй сатып алдық, қазір әкімдік жұмыс істеп жатыр. Осылайша қысқа мерзім ішінде бұл мәселе шешіледі. Одан бөлек қайрымдылық көмек көрсетіліп жатыр»,— деген ақпарды алға тартты. ШҚО Ақпарат орталығының мəліметінше, облыс басшысы жақында су астында қалған Глубокое ауданына барған. Сапар барысында ол су шайып кеткен көпірді көріп, сол маңдағы тұрғындармен жүздесіп, кездесу барысында жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар беріп, аудан тұрғындарын барлық шығындар өтеледі деп сендіріп: «Тасқыннан баспанасы жарамсыз болған тұрғындарға үй сатып алу үшін 60 млн теңге бөлінетін болады. Бірақ, жағдайды пайдаланып, үйді әдейі бұзу болмасын»,— деді. Қазіргі күні Шығыс Қазақстан облысының бірнеше ауданы су астында қалып отыр. Күні кеше ШҚО-ның Шемонаиха ауданында төтенше жағдай жарияланды.

(5)