Атырауда Наурыз мейрамы кең көлемде тойланды

Атырау облысында Наурыз мерекесіне орай облыс орталығы мен 7  ауданда 163  киіз үй құрылды.  Оның 63-і Атырау қаласының еншісінде.  Шаһардағы 10 алаңда мәдени-көпшілік шара өтті, –  деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

Мерекелік шаралар  таңертеңгі сағат 10-00де басталды. Мерекенің бас ордасы болған Сұлтан Бейбарыс алаңында екі күн бойы 23  киіз үй тігіліп,  негізгі концерттік бағдарламадан бөлек театрландырылған қойылым көпшілік назарына ұсынылды. Әр киіз үйдің алдында ұлттық ойындар ойналып,  спорттық жарыстарда жүлдегерлер анықталды. Әртістер өнер көрсетті,  жәрмеңкелер өтті. Ақшаңқан ағаш үйлерді өңірдегі шетелдік компаниялар,   мемлекеттік және жеке мекемелер,  қоғамдық ұйымдар да құрды.

Мерекелік шарада облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтау тілегін айтты.

-Наурыз – бабаларымыздан мұра боп қалған мейрам,  бұл күні табиғаттың өзі жанданып,  тіршілік түлейді, адамдардың жүректері мейірім мен жылылыққа толады. Бүгін барлық қазақстандықтар ұлтына, дініне қарамастан,  Наурыз мейрамын тойлайды,- деді Нұрлан Ноғаев. Бүгін-ақ тілектер ақтарылатын күн.  Мемлекет басшысы айтқандай, Қазақстан тәуелсіздік жылдарында қоғамның қай саласында болмасын ірі табыстарға қол жеткізді. Бұл жетістікке әрқайсымыздың қосқан үлесіміз бар,  өйткені бірлігі берік, өз күш-қайратына сенімді жандар ғана өсіп-өркендеген Қазақстанды құруға қабілетті.

Шара барысында ең әдемі киіз үй  анықталды. Бірінші орын жүлдегеріне 300 000 теңге, екінші орынға 200 000, үшінші орынға 100  мың теңге табысталды. «Ең дәмді наурыз көже», «Үздік театрландырылған қойылым»  аталымдары бойынша да байқау жүлдегерлері бағалы сыйлықтарға ие болды.

Киіз үйлерде жылжымалы асүй орнатылды,  халыққа бауырсақ,  палау мен наурыз көже ұсынылды.

Бас алаңнан бөлек қаладағы 10 алаңда бір уақытта Наурыз мерекесі  тойланды. «Сарайшық»  коммуналдық базары маңында «Наурыз-жаңа күн»  атты концерттік бағдарлама, «Олимпиадалық резерв» орталығы ғимараты алдында “Наурыз-береке бастауы”  концерті өтті. «Сарайшық»  коммуналдық базары басшылығы,  тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, қала мектептері Ұлыстың Ұлы күнінің жоғары деңгейде аталып өтуіне үлес қосты. Арнайы орнатылған киіз үйлерде тегін бауырсақтар мен ұлттық тағамдар таратылды. Ұлттық спорттық ойын түрлерінен  жарыстар ұйымдастырылды.

Қалада мереке кешке дейін тойланды. Кешкілікте Сұлтан Бейбарыс алаңында мерекелік концерт қойылды.  Наурыз мейрамына арналған шаралар түнде ғажайып отшашуға ұласты.

                                                          Атырау облыстық коммуникациялар қызметі

                                                               

 

 

(27)