Жүрекші (шағын дастан)

Жүрекпен жұмыс істеген адамның жүрегі ауырады, 

Күрекпен жұмыс істеген адамның білегі ауырады. 

Алматы кардиология орталығының бас директоры, медицина ғылымдарының докторы, медицина ғылымдарының кандитаты, “Жүз жаңа есім” жобасының бір кейіпкері Алмат Тұрысбекұлы Қодасбаевқа арналады. 

МАХАББАТ
БАСТАУЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қасынан арулардың құр өтпейсің.
Тамсанып Баян сұлу, Жібек дейсің.
Көргенде албыраған ақ дидарын,
Ерекше соғып кетті жүрек дейсің.

Түскенде көзің жарқын жанарларға ,
Кеудеде діріл қаққан анарларға.
Дарияның жарға соққан толқынындай,
Жүректің соқпасына амал бар ма?

Түскенде көзің әппақ алқымына,
Алқалы алқымының жарқылына.
Жүрегің асау тайдай тулап кетер,
Көнбейді сенің сабыр, ақылыңа.

Қызуқан тұла бойда таралады,
Қандай да батылдыққа бара алады.
Жүрегің тап осыны қалап тұрса,
Кім оған қандай кінә таға алады?

Жүректің көкірек көзі ашылады,
Ашылып, ұшқан болып шашылады.
Осыдан туындайды махаббаттың,
Мәңгілік жырланатын асыл әні.

Ыстық қан ернеуінен тасып әрі,
Айдынға айналуға асығады.
Екінші жүректе оны сезер болса,
Тербеліп кетер лезде ғашық әні.

Адам мен Хауа анада жұмақтағы,
Бір-бірін соншалықты ұнатқаны.
Алланың ескертуін тыңдамастан,
Жемісті жеп қоюды қуаттады.

Десекте шайтанның бұл азғыруы,
Десекте Алланың бұл жазғыруы.
Пейіштен қуылса да екі ғашық.
Бұл дағы жүректердің наз қылығы.

Негізгі махаббаттың осы мәні,
Бұл жолда өмірден кім тосылады?
Табысып ұл менен қыз отау құрып,
Қос жүрек бір жүрек болып қосылады.

Ізгілік әр отауға қона берсін,
Шаттық пен қуанышқа тола берсін.
Ұрпағын жалғастырып адамзаттың,
Жүректер лүпіл қағып соға берсін.

АЛБЫРТ ЖҮРЕК АСҚАРЫ

Күмән жоқ құдіретті жаратқанға,
Адамды тамшы судан жаратты Алла.
Одан соң жан бітіріп, келбет беріп,
Ыстық қан тал бойына таратты Алла.

Жүректі басшы тұлға бекем етті,
Ыстық қан сол жүректі мекен етті.
Тарады тұла бойға тамыр қуып,
Адамға тірлік көзін жетелетті.

От жүрек қанды есептеп бөліп тұрады,
Мөлшерлеп керегінше беріп тұрады.
Жүректің қалай-қалай соғатынын
Бақылап Алла өзі көріп тұрады.

Жүректің бас міндеті — имандылық,
Тұратын ақиқатқа иландырып.
Имансыз өтер болсаң тіршілікте.
Не болар қоңыз болып жиған мүлік?

Яғни, иман деген жүректілік,
Елім мен жерім деген тілектілік.
Айқасып ата жаумен арпалысып,
Көрсетер білектілік, тіректілік.

Түгі бар ондайлардың жүрегінің,
Күші бар ондайлардың білегінің.
Халқына болса өзінің тілегі мың,
Біледі мықты екенін тірегінің.

Ондайлар жүрек жұтқан қас батырлар,
Жауына жеке шыққан жас батырлар.
Халқым деп кескілескен Қамбар батыр,
Алпамыс, Қобыланды — бас батырлар.

Олардың бас қаруы жүрек болды,
Көргені жауларының түнек болды.
Осындай өрендердің арқасында
Бүгінде қазақ елі түлеп, толды.

АУЫРАДЫ ЖҮРЕК

Кеткенде махаббатқа ауып әні,
Жүрек жоқ ауырмайтын, ауырады.
Егерде емін табар адам болса,
Табанда ондай жүрек сауығады.

Кеткенде ішкілікке ауып әні,
Жүрек жоқ ауырмайтын, ауырады.
Егерде емін табар адам болса,
Біртіндеп ондай жүрек сауығады.

Ластанса ауа райы ауып мәні,
Жүрек жоқ ауырмайтын, ауырады.
Егерде емін табар адам болса,
Біртіндеп онадай жүрек сауығады.

Ластанса арам оймен ауып әні,
Жүрек жоқ ауырмайтын, ауырады.
Келтірер тәубасына ондайларды,
Түзету орындары табылады.

Жегідей жанды жесе қауым әні,
Сезімтал жүрек қатты ауырады.
Қоғаммен бірге ауырған ондай жүрек
Демеймін бірден оңай сауығады.

Ол жүре қоғаммен бір ауырады,
Қоғамның жауларымен жауығады.
Жақсылық жеңіп
шықса жамандықты,
Ол жүрек қоғаммен бір сауығады.

Айналып әділетке қауым әні,
Шырқалсын ауыл әні, бауыр әні.
Адамзат бір атаның баласындай,
Тербесін жүректерді сауық әні.

Аспаннан ақ жұлдыздар ағылады,
Дабылы даналықтың қағылады,
Сол кезде арамыздан Алла сүйген
Шынайы шын жүрекші табылады.

ОЛ КІМ?

Ол — Алмат, ауылда өскен қара бала,
Демейміз өзгелерден дара бала.
Мектепте үздік оқып сабақтарын,
Бастады бірте-бірте даралана.

Ән салып, спортпен де айналысты,
Жыр айтты батырларға байланысты.
Малменен бір болған соң тіршілігі,
Сапырып сары қымыз, айран ішті.

Мектептен шыға малға асығады,
Мойнына құлыншақтың асылады.
Ол-дағы еркелей кеп Алматына,
Сүйкеніп сауырымен қасынады.

Алмат тез қолын тығып қолтығына,
Ой бөлер жүрегінің солқылына.
Тұрған соң жүрек жақсы жұмыс істеп,
Құлынның керемет-ақ жортуы да.

Кей кезде қозы жайсыз маңырайды,
Дейді Алмат: «Мынау неге маңырайды?
Ауырып тұрған жоқ па жүрегі?», — деп,
Жүрегін сипап көріп бақылайды.

Өзінше білгенінше ем береді,
Туралған нәрлі шөптен жем береді.
Алматты болады деп мал маманы,
Қағытып әзілдейді жеңгелері.

Ауылда дәрігер жоқ ең керегі,
Болса да тиіп-қашып ем береді.
Сондықтан бар мақсаты көздеп жүрген
Дәрігер болуды Алмат жөн көреді.

Тұрсынбек әке мұны қоштамады:
«Оқуға мал маманы бас қадамды.
Адамның дәрігері болам десең,
Қараусыз мына малдар бос қалады».

Алматы қайтпады еш алған беттен,
Дәрігер болам деді салған беттен.
Ойланбай Алматыға тартып кетті,
Мединститут есік ашты барған беттен.

ІЗГІЛІК ЖОЛЫ
ІЗДЕНІС

Студент болған күннен асқақ ойды
Білімге жұмсамаймын деп мақсат қойды.
Зерттеп жүректерді түкпілікті,
Оташы болу жолын бастап қойды.

Сабақтан шыға сала бетке ала,
Жүгірді мәйітхана, зертханаға.
Көзімен көріп-біліп байқамақшы
Мәйіттің жүрегінде дерт бола ма?

Күні-түні Алмат содан таппай тыным,
Емдерді жүрек жайлы жаттайтұғын.
Түбі ол жақсы маман болады деп,
Білмеді ол ұстаздардың мақтайтынын.

Оқуды бітіргенмен ойдағыдай,
Көңілі алып-ұшып болмады жай.
Ауылды аңсай берді Алатаулы
Асының жұпар ауа жайлауын-ай!

Ауылы болғанымен жерұйығы,
Жоқ еді дәрігері ең қиыны.
Алғашқы еңбек орным туған жерім,
Барамын ауылыма деп бұйырды.

Үлкенге, балаға да емші болды,
Бәріне жылы сөзбен демші болды.
Қашанда ақыл-кеңес беруменен,
Алматқа Ештай ата көрші болды.

Ауылдың фельдшері сол болатын,
Жинаған тәжірибесі мол болатын.
Болса да қандай ауру емдейтұғын,
Оның қолы «нағыз жеңіл қол» болатын.

Езіліп тұрса-дағы бауыр еті,
Дегенмен ауыл аты ауыл еді.
Жүректі зерттеу үшін тереңірек,
Белгілі емханалар тәуір еді.

Алдымен Өтеген батыр кентіндегі
Садуақас Мұстафаның көркін көрді.
Алматқа ол жол көрсетті білгенінше,
«Тәжірибе өткізе бер, еркің», — деді.

Жүректің қызықтырды қан тамыры,
Қан тамыр — шынында да жан тамыры.
Адамның тоқтамай ма өмірі де,
Жүректің соқпай қалса сәл тамыры.

Осыны ойлап Алмат мың ойланды,
Бақылап жүрек демін шыр айналды.
Тоқтаған жүрек қайта лүпілдесе,
Дидары жас балаша шырайланды.

Сызғанов атындағы орталықты
Аңсады Алмат шындап соншалықты.
Жасатып Алмас ерге алғаш ота,
Орталық алғаш айқын жол танытты.

Жинаған етек-жеңін енді ғана,
Төрт жасар Жаңаөзеннен келді бала.
Жомартқа ота жасау жауапты істі
Алматқа сенім артып берді дара.

Десек те іс бастарда састы мықты,
Алматтың бұл отасы сәтті шықты.
Сол күннен абыройы арта түсіп,
Сол күннен оташының аты шықты.

Оралды Жомарт елге ойнап-күліп,
Бойына бітіп жаңа қайраттылық.
Балам деп еркелетсе Алмат оны,
Алматты әке деді ол да жайнап тұрып.

Сол Жомарт жігіт болды, күйлі болды,
Ағайын, дос-жаранға сыйлы болды.
Бір соққан бір арнада жүректері,
Жар құшып, өткен жылы үйлі болды.

Ал Алмат Жаңаөзенге барып қайтты,
Сол тойдан шексіз ләззат алып қайтты.
Жалғайтын жүректерді жүректерге
Жемісін еңбегінің танып қайтты.

ХАЛҚЫНЫҢ ҚАЛАУЛЫСЫ

Сен жұмыс істемедің күрекпенен,
Сен жұмыс жасадың тек жүрекпенен.
Адамды көрген кезде адамдықпен,
Жан болмас жүрек қаны дір етпеген.

Жүрек тек бойыңдағы жан ғана ма?
Жүрегі жұмсақ болмай, жан бола ма?
Жүрегі селт етпесе, сезінбесе,
Ондай жан қорадағы мал ғана да.

Малдың да жүрегі бар соғып тұрар,
Жүрегі ыстық қанға толып тұрар.
Болмаса бір-біріне жаны ашыр,
Ол жүрек соққанымен нені ұқтырар?

Адамның от жүрегі олай емес,
Басынан өткізеді талай елес.
Біреуге, бір нәрсеге қапаланса,
Жүректің жай соғуы оңай емес.

Жүректің ыстық қаны тасынады,
Жай соғып, бірде қаны басылады.
Тарылып жүректердің қан тамыры,
Ажалдың қақпалары ашылады.

Алматтай мұндай кезде емші керек,
Ажалға арашашы, демші керек.
Келтіріп өз қылпына тамырларды,
Өзіңе өзің берік болшы демек.

Алматтың от жүрегі тоқтамады,
Деміккен жүректерге от қалады.
Тоқтауға жақын қалған жүректердің
Талайын сұм ажалдан ноқталады.

Ұмытып біржолата өз жүрегін,
Ойлады күні-түні ел жүрегін.
Қалпына келген сайын дімкәс жүрек,
Алматтың ет жүрегі елжіреді.

Көмескі көп жүректі дір еткізді,
Мотордай от алдырған гүрр еткізді.
Сенімі сөніп бара жатқан кезде,
Көп жанның тіршілігін түлеткізді.

Қуантып талай апа, аталарды,
Жастан алғыс, үлкеннен бата алды.
Оташы деген атқа қоса енді
Жүрекші деген нағыз атақ алды.

Бойында жалындаған алау күші,
Алматтың жүректі емдеу қалаулы ісі.
Қосылып қатарына жүз есімнің,
Атанды халқының шын қалаулысы.

Алматқа жаратқанның нұры қонды,
Таңдаулы жүз есімнің бірі болды.
Өйткені мүкісі бар жүректерді
Қалпына келтіруде ірі болды.

Тынымсыз шет елдерді аралады,
Тамырын жүректердің саралады.
Алматтың жаңашылдық еңбектерін
Олар да тым жоғары бағалады.

МАХАББАТТЫҢ МӘРЕСІ

Әр істің әуел бастан бастауы бар,
Малдың да су ішетін астауы бар.
Қалауы жүректердің жарасымды —
Есігін махаббаттың ашқан ұғар.

Жолдың да кедір-бұдыр соқпағы бар,
Аптығып жүректің де соқпағы бар.
Қосылып екі жүрек жайланатын,
Мәресі махаббаттың — тоқтамы бар.

Жүрекпен байланысты бар тынысым,
Жүрекпен байланысты жарқын ісім.
Жан жарым жалғыз ғана Ғалия емес,
Жүрегім ауырады халқым үшін.

Адамда ауырмайтын жүрек болмас,
Болса да ондай жүрек тірек болмас.
Аталар «тас жүрек» деп айтса болды,
Одан еш жақсылықты тілеп болмас.

Ол жүрек қатып қалған таспен бірдей,
Ой ойлап ауырмайтын баспен бірдей,
Әуелде жаратылған кезінен-ақ
Бір тамшы қатып қалған жаспен бірдей.

Шайтанның ондайларды азғырғаны,
Алдамшы дүниеге мәз қылғаны.
Тас бітеп жүректерін сезбес етіп,
Алланың ондайларды жазғырғаны.

Табиғи кесел шалған жүректер бар,
Алдында көрер қызық, тілектер бар.
Қалпына келтіретін ондайларды
Жүрекші Алмат сынды түлектер бар.

Алланың не жетеді бұйрығына?
Тосыннан бере салған сыйлығына.
Алматтың Ғалияны кезіктірген
Қысқаша баяндайық күйді мына:

Бесінші курста Алмат оқып жүрген,
Жадына бар сабақты тоқып жүрген.
Ерекше анатомия сабағынан
Емтихан тапсыруды тосып жүрген.

Емтихан тапсырарда тұмауратты,
Алматқа жаза бар ма бұдан қатты?
Дегенде «екі» алғандар қатарында,
Алматты төсегінен шын аунатты.

Әуелден студенттерге ой қатты,
Өзінше тым қатыгез болып-ақ тұр,
Профессор Мәриям апай Ілиясова
Сұрақты неше түрлі қойып-ақ тұр.

Бірақ та Алмат одан шошынбады,
Сұрақтың ешбірінен тосылмады.
«Бес» деген үздік баға алып шықты,
Жастардан оза шауып қасындағы.

Көңілі көтеріңкі шығып еді,
Бағытын жатағына бұрып еді.
Асығыс бір қыз кетіп бара жатты,
Көтерген ауыр екен жүгі енді.

Көтерген ауыр екен жүгі енді,
Бірақта тәуір екен түрі енді.
Алматқа Мәриям апай тілек айтып:
«Вокзалға жеткізіп сал мұны», — деді.

Алмат та ару қызға қарай берді,
Жүзінен алаулаған арай көрді.
Керемет қыздың аты Ғалия екен,
Вокзалға білмей қалды қалай келді?

Жүрегі Ғалия деп алып-ұшты,
Көп күтті жалау етіп сағынышты.
Келгенде Ақмешіттен Ғалия қыз,
Жанғандай болды лаулап бағы күшті.

Арада бөгет деген мүлде жоқ-ты,
Қос жүрек содан бастап бірге соқты.
Қалауын қос жүректің қатар соғар,
Ол кезде олар тіпті білген жоқ-ты.

Ойлады олар мұны махаббат деп,
Алладан келген нұр ғой шапағат боп.
Әніне Балуан Шолақ басты Алмат,
Шырқатып бар дауыспен жата ғап кеп:

«Айым да сен, Ғалия, күнім де сен,
Оң қабағым тартады күлімдесең»…
Ғалия Алматпенен үй-жайлы боп,
Екеуі жүріп жатыр бүгінде есен.

Бағының екеуінің ашылғаны —
Екі ұл, екі қыз боп шашылғаны.
Мектепті бітіреді үлкен ұлы
Жүрегі ел деп соққан Асылжаны.

Бұл нағыз махаббатың мәресі еді,
Әу бастан жүректердің дәмесі еді.
Ерлер мен әйелдерді жақындату —
Жасампаз жаратқанның кәдесі еді.

Жүректер тоқтамасын, соға берсін,
Әр отау қуанышқа тола берсін.
Айтылып «Жар-жары» мен беташары,
Тойлары қазағымның бола берсін!

Абдрахман Асылбек,
ақын, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

(30)