Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз елімізде қалай тойланады?

Алматы қаласы 

Жаңа ерекше
форматта өтеді

Алматыда халықаралық Әйелдер күні — 8 наурыз мерекесі аяқталысымен бір ай бойына аталып өтетін «Наурыз-2018» мерекесіне дайындық шаралары басталады. Қайта жасалған көшелерде «Бауырсақ», «Наурыз көже», «Күріш» фестивальдері өтеді. Белсенділер айдың соңына дейін жұмыс істейді.
Негізгі мерекелік шаралар мегаполистің бірнеше алаңдарында 22-25 наурыз аралығында сағат таңғы 10:00-ден кешкі 21:00-ге дейін өтеді.
Мысалы, Астана алаңында жыл сайынғы дәстүрлі үлкен мерекелік концерт, ұлттық ас мәзірі фестивалі өтеді. Жалпы, бұл күндері алаңда 6 киіз үй тігіледі, 14 инсталляция («кереге құрақ», «қос», «абылайша») орнатылады, балалар және спорт орындары, Орта Азияның қолданбалы өнер шеберлерінің шеберлік сыныптары үшін 17 аймақ, сауда шатырлары, фудкорттар, 1200 орынды көрермендер трибунасы ұйымдастырылады. Негізгі мерекелік концертке ТМД-ның 6 елінен және Түркиядан 500-ден астам артистер мен 1500 еріктілер қатысады. Мереке фейерверкке ұласады.
Мереке жаңарған Панфилов және Жібек Жолы көшелерінде 22-25 наурыз күндері сағат таңғы 10:00-ден кешкі 22:00 аралығында өтеді, бұл күндері аталған көшелерге 120 000-нан астам адам шығады деп күтілуде.
Атап өтерлік жайт, 2016 жылы көпұлтты «Наурыз» өтінімі ЮНЕСКО-ның материалды емес мәдени мұрасының репрезентативті тізіміне енген-ді. Бұл бастамаға 12 ел қолдау білдірді, олар: Иран, Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Ирак, Түркменстан және Тәжікстан, бұлардың өкілдері жаңарған Панфилов көшесінде киіз үй тігу, қыш, керамика, киізден, бұйымдар жасау бойынша арнайы шеберлік сыныптарын өткізеді, сонымен қатар алтын жіппен бұйым тігу, ортеке, шырдақ, зергерлік бұйымдар мен шыны жасау шеберліктері де ұсынылады. Бұлардан өзге театрландырылған «Көш керуені» ұйымдастырылады.
22 наурызда Жүргенов академиясы жанындағы сахнада өтетін концерттік бағдарламада ҚҰӨА студенттері өнер көрсетеді, сонымен қатар қаланың жоғары оқу орындары арасында «Ән бәйге» атты авторлық ән конкурсы, «Биле-биле» көңіл көтеретін шара мен «Әз Наурыз Алатау алабында» атты театрландырылған қойылым болады.
24 наурызда Жібек Жолы көшесі бойындағы сахнада «Наурыз-Думан» өтеді, мұнда сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін ҚР Суретшілер Одағы шеберлері мен жас суретшілердің біріккен пленэрі ұйымдастырылады, сағат 19:00-21:00 аралығында — «Open air cinema» өтеді, яғни Ш. Аймановтың ретроспективті кинолары мен Қазақстанның материалды емес мәдени мұрасы болып табылатын «Қыз Жибек», «Ортеке», «Киіз басу», «Қорқыт Ата мұрасы: Эпикалық мәдениет және музыка», «Қазақтың зергерлік бұйымдары», «Кесте», «Асық ату» және басқа фильмдер көрсетіледі.
25 наурызда сағат 11:00-13:00 аралығында алаңда буккроссинг — мәдени мұра мен кітап көрмесі ұйымдастырылады. Сағат 14:00-17:00 аралығында — «Кітап Fest», сағат 19:00-21:00 аралығында — «Open air cinema» өтеді, бұларда «Керамика өнері» (Өзбекстан), «Жібек тоқу» (Өзбекстан), «Аспалы арқанмен жүру» (Өзбекстан), «Көк бөрі» (Қрығызстан), «Салт-дәстүр әндері» (Қырғызстан), «Монғолдың дәстүрлі үстел ойындары» (Монғолия), «Моринхур — монғолдың қыл пернелі аспабы» (Монғолия), «Салт-дәстүр әндері» (Тәжікстан) және басқалары ұйымдастырылады.
22 наурызда Атлеттер ауылында мерекелік бағдарлама болады, онда спорт секциялары мен «Disco стиліндегі Наурыз» концертіне қатысушылар үшін түрлі ұтыстар мен байқаулар өтеді. Белсенділікті аттыру мақсатында қазақ күресінен, джиу-джитсудан, таэквондодан, каратэден, бокстан жарыстар ұйымдастырылып, спортшылар түрлі әдістерді көрсетеді. Аталған сайысқа ниет білдірушілер де қатыса алады. Шахматтан, тоғыз құмалақтан шеберлік сыныптары өтеді, хореография студиялары қара жорға, қамажай және басқа билерді ұсынады, би батлы бойынша флешмоб ұйымдастырылады. Музыкалық студия үзілістер кезінде домбырадан күй шертеді, хоккей академиясы нағыз хоккей матчын өткізеді. Бұлардан өзге топтық жарыстар да өтеді, олар: эстафеталар, стол теннисі, үрленген батут, армреслинг, арқан тарту, обруч, арқанмен секіру, асық ату, аниматорлардың қатысуымен түрлі шаралар, белсенді интерактив: шыңға өрмелеу, садақ ату, боулинг, дартс және басқалары. Суретке түсуге мүмкіндік беретін зоопарк те болады, отты шоу ұсынылып, иллюзионистер, фокусшылар өнер көрсетеді, ауа шары болады. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар сыйлықтар тапсырады.
22 наурызда «Алматы Арена» маңында «Наурыз — бүкіләлемдік мәдени мұра» бағдарламасы өтіп, оның құрамында «Әлем халықтарының ас мәзірі фестивалі ұсынылады, қолөнершілер жәрмеңкесі, балалар аймақтары, «Асық» жарысы, спорттық сайыстар келушілерді күтеді. Аспаздық шеберлік сыныптарында шетелдік қонақтар ас пісірудің қыр-сырын ұсынады, Әзірбайжан лавашта күріш пісіруді, пахлава мен боялған жұмыртқаны, Түркия шпинатты беректі, лукумды, Түркменстан чуректі, пишмені, чападты, күлшені, тәттілерді, Ауғанстан жеті жемістің компотын, Өзбекстан сумаляк пен «Наурыз көжені», Иран боялған жұмыртқалар мен құрғақ жемістерді, шашлыкты, Тәжікстан тәтті күрішті, Үндістан «тандай» сусынын, Азия ас мәзірі wok-кеспені, ұйғырдың асын, грузиннің хачапуриін, шашлыктарын, ал қазақтың ас мәзірінен «Наурыз көже», бауырсақ, қаттама ұсынылады. Бұлардан өзге «Almaty Art Center» алдына сауда алаңы ұйымдастырылып, онда қонақтарға “Qazaq Oner” орталығының ұлттық сувенирлері, киімдер, музыка аспаптары ұсынылады.
23 наурызда «Алматы Аренада» «DIDCO стиліндегі Наурыз» атты үлкен концерт өтеді, онда әлемге танымал BACCARA, KEVIN MCCOY EX BAD BOYS BLUE, LONDONBEAT, OTTAWAN, SOUNDS OF BONEY M SHEYLA BONNICK, SECRET SERVICE, JOY, ARABESQUE ORIGINAL MICHAELA ROSE және басқалары өзнер көрсетеді.
Шараның толық бағдарламасы кейінірек Алматы әкімінің сайтында жарияланады.

Алматы облысы

Төрлет, ынтымақ пен ырыс мерекесі!

Жер жаннаты Жетісу жұртшылығы Наурыз мейрамын, көтеріңкі көңіл, мерейлі шаттықпен қарсы алды. Ата-бабамыз ежелден жыл басы санаған күн мен түн теңелген сәтте келетін Наурыз — елімізге ынтымақ, ырыс, жақсылық пен молшылық әкелетін қасиетті мейрам.
Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының ұжымы Наурыз мейрамы қарсаңында Ұлттық салт-дәстүрге байланысты арнайы қойылымды көрермендерге ұсынды. Алматы облыстық мәдениет және тілдер басқармалары ұлттық өнерге, мәдениетке бағытталған апталық іс-шараларды жүзеге асырды. Мұқамеджан Тынышбаев атындағы өлкелік музейде ұлттық ою-өрнектер жайлы құнды дүниелердің көрмесі ұйымдастырылды. «Қамқор» қоғамдық ұйымы жас өнерпаздардың күшімен мерекелік концерт көрсетіп, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар барлық аудандардың елді мекендерінде Наурыз мейрамына арналған арнайы салтанатты іс-шаралар көптеп өткізілді.
Наурыздың бұл қасиетті күні қараңғылық сейіліп, айнала ақ нұрға бөленгенде қаланың тұрғындары қазақтың ән-күйі шалқыған «Жастар» саябағына асықты. Ұлттық нақыштармен безендірілген саябаққа жиналған қауымды Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қазақтың қасиетті мерекесі Наурыз мейрамымен құттықтады.
— Наурыз бен Наурыз аралығында Жетісу жұртшылығы алдыға қойылған барлық міндеттерді абыроймен орындады. Жылдан-жылға облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы артып келеді, — деді өңір басшысы өз сөзінде, — Өткен мерзім ішінде мыңнан астам отбасы жаңа пәтерге қоныстанды. Елбасының жаңа әлеуметтік бес бастамасына байланысты бұл игілікті шара жаңа қарқында өз жалғасын табады. Халықтың әл-ауқатын көтеру негізгі міндеттерміздің бірі. Бастамада келтірілген бес бағытты орындау барысындағы жұмыстар басталып кетті.
Саябақ алаңына тігілген ақ шаңқан киіз үйлерде пісірілген наурыз көже қалың жұртшылыққа ұсынылды. Наурыз мейрамы ұлттық спорттық ойындармен жалғасты. Сүйінбай атындағы облыстық филармония өнерпаздары күшімен көрсетілген мерекелік концерт көпшіліктің көңілінен шықты.

Нұрила Бектемірова

Қостанай облысы 

«Наурыз шақырады!»

Биылғы Наурыз тойы Қостанайда ерекшеліктермен өтпек. Бірқатар ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлердің жаңартылған көріністері көрсетілгелі отыр.
Қостанай қалалық әкімдігі тұр-ғындар мен қала қонақтарын Наурыз мейрамына арналған іс-шараларға қатысуға шақырады. 21, 22 және 23 наурызға жоспарланған мерекелік бағдарламалар тізбегі төмендегідей:
21 наурыз.
— Қостанай ауданының Заречный ауылындағы «Арғымақ» атшабарында ат спортынан сайыстар өтеді. Бағдарламаға сәйкес, бәйге (3 шақырым), аламан бәйге (7 шақырым), сондай-ақ «аударыспақ», «арқан тарту», «қой көтеру» сияқты қазақтың ұлттық ойындары ұйымдастырылады. Аталған сайыстарға басқа да облыстардың өкілдері қатысады;
— Қаламыздың сауда орталықтары көрермендерге арнап ұтыс ойындарын өткізеді. 22 наурыз.
— Қостанай қаласының орта-лық алаңындағы мереке «Наурыз шақырады!» театрландырылған көрсетілімімен басталады;
— Концерттік шараларда облысқа белгілі өнерпаздар өнер көрсетеді;
— Алаңға жағалай қондырылатын киіз үй ауылы әр ұлттың салт-дәстүрлерімен танысамын деушілерге өз есігін ашады;
— Аспаздар палау пен бауырсақ дайындаудан сайысқа түседі және сайыс соңында кез келген адам дәм тата алады.
23 наурыз.
— «Мирас» мәдениет сарайында «Пай, пай, қазақтың келіндері-ай!» атты келіндер сайысы өтеді.
Былтыр Қостанай төрінде өткен «Бастаңғы» думаны биыл да жалғасын таппақ. Бұл туралы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов әлеуметтік желіде хабарлады.
— Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлының Наурыз мерекесін кеңінен тойлау туралы бастамасына облыс өнерпаздары сөзбен ғана емес, нақты іспен үн қоспақ. Бүгін аталмыш жобаның сценарийін талқылап, іске кірістік. Биыл да ұлттық сипаттағы танымдық, тағылымды мәні бар шоу жасаймыз деген ниеттеміз. Тіл-жәрдем, қол-жәрдем беремін, өнер көрсетемін, демеушілік жасаймын дейтін азаматтар болса құба-құп! Жобаның сұлбасы дайын, қызықты ұсыныстар болса, қарастыруға дайынбыз. Бұл той бұрынғылардан өзгерек болады! — деп жазған Ерлан Болатұлы.
Бастаңғы 21-22 наурыз, Қостанай қаласы, Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрында өтетін болады.
Ескерту: «Наурыз шақырады!» мерекелік шарасы 22 наурыздан 21 наурызға өзгертіледі деген де жоспар бар.

Қыдырбек Қиысханұлы

Қарағанды облысы

Арқа төсіндегі думан

Тіршілік жаңарып, пейіл түзелетін Ұлыстың ұлы күнін қарағандылықтар асыға күтеді. Олай дейтініміз, Арқа жұрты ұлық мейрамды ұлттық деңгейде мерекелеуге әбден дағдыланған. Наурыз мейрамына арналған мерекелік шаралар кеншілер астанасының бірнеше ауданында ұйымдастырылады. Маңызы мен мәні ерекше мейрамды Қарағандыда тұратын ұлт пен ұлыс өкілдері де аса зор қуанышпен қарсы алуға әзір.
Кеншілер шаһарындағы Наурыз мейрамы жылда Тәуелсіздік алаңындағы театрландырылған «Қош келдің, Әз Наурыз!» шарасынан бастау алады. Қыдыр ата мен Ұмай ана шаһар тұрғындарын келіп жеткен мейраммен құттықтап, бата береді. Театрландырылған қойылым мюзиклға жалғасып, ұлттық киімдер мен ертегі кейіпкерлері ұсынған киім үлгілерінің көрсетілімі өтеді. Спортшылар мен халық ойындарының көрнекі қойылымдары, каскадтық алаңда киіз үйлер қалашығы бар. Жылдағы дәстүр бойынша бірнеше киіз үй тігіледі. Дәстүрлі дүниетанымымыздағы қасиетті жеті қазына аталған жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, берен мылтық секілді қазақы құнды дүниелер киіз үйден табылады.
Республикалық театр және жергілікті өнерпаздар мен этно-мəдени орталықтардың өкілдері бар өнерлерін ортаға салады. Қала тұрғындары мен қонақтары киіз үйде өзге ұлыстардың ұлттық тағамдарымен танысады. «Бірлік» өзбек ұлттық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері дәстүр бойынша хош иісті палау пісіріп, көпшілікке дәм татқызады. Этномәдени бірлестіктер Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлеріне, сондай-ақ, аз қамтылған отбасыларға арнайы қайырымдылық ас ұйымдастырады.
Наурыз мерекесін бір үйдің баласындай тату-тәтті, бірлікте тойлайтын Литуаника» литва этно-мәдени бірлестігінің өкілдері қарағандылықтарды көктемнің алғашқы мейрамымен құттықтайды. Сол сияқты көрермендер «Дагестан» ұлттық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі, «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығының хореографиялық ансамблі, «Дакия» румын мәдени қоғамының «Доруле» этнофольклорлы ансамблінің орындауындағы әндерге қосылып би билейді. «Казачья Вольница» қоғамдық бірлестігінің халықтық ән-күй ансамблінің әуезді әндері үлкен қошеметке ие болып, нағыз мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Тұрғындар негізгі жеті азық-түліктен дайындалған Наурыз-көжені ішіп, ыстық палау, қазақтың ұлттық тағамдары — дәмді бауырсақ, құрт, жент, шығыс тәттілері және өзге да тағамдардан ауыз тиеді. Оған қоса, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Бүлдіршіндер де мерекеден тыс қалмайды. Өздеріне арналған тегін батут, өздігінен сырғанайтын әткеншектерде ойнайтын болады.
Қарағандылық жастар биылғы Наурыз түнінде өткен жылғыдай түрлі-түсті отшашуды тамашалауы мүмкін. Оған қоса, азаматтар үшін ұлттық спорт түрлерінен түрлі сайыстар ұйымдастырылмақ.
Былтыр облысымыз үшін әз Наурыздағы сүйіншілі жаңалық — «Өңірлерді дамыту 2020» бағдарламасы аясында «Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» бағыты бойынша табысталған жаңа пәтерлердің кілті болатын. Сөйтіп, Ұлыстың ұлы күнінде 108 пәтердің жаңа иесі қоныс тойын тойлаған. Жалпы, қазақы наным бойынша әз Наурызда жер иесі – Қыдыр ата елді, үйді аралап бақыт сыйлайды, бата береді деген бар. Сондықтан, Арқа қазағы Ұлыстың ұлы күнінен төс қағыстырып, сүйінші сұрар жаңалық күтеді. Сөйтіп, мұсылман бауырына жақсылық тілеп, ертеңгі күнге зор үмітпен қарайтын сенімнің нышанына айналған аталмыш мерекені көтеріңкі көңіл күйде атап өтеді.

Аяулым Совет

Маңғыстау облысы 

Мереке көрісуден басталады

Маңғыстауда Наурыз тойы жылдағы дәстүр бойынша 14 наурыз басталады. Яғни, 14 наурыз күні ел-жұрт көрісіп амал мерекесін тойлайды. Аталған мереке биыл республикалық деңгейде аталып өтпекші.
Амал мерекесін тойлау Ақтаудан 100 шақырым жердегі «Отпан тау» мәдени кешенінде өтеді. Бағдарлама аясында ат бәйгесі, жыршы-термешілердің концерті, балуандар күресі мен түрлі шаралар ұйымдастырылып, ақшаңқаң киіз үйлер тігіледі.
25 шақырымдық аламан бәйге мен 9 шақырымдық құнан жарыс және аударыспақ ойыны Шетпедегі атшабарда 13 наурыз күні өткізіледі. Ал, күндіз қарашаңырақта Жетісу, Арқа, Сыр, Батыс, Алтай-Тарбағатай жыр мектептері өкілдері мен «Мен қазақпын» мега жобасы жүлдегерлерінің қатысуымен концерттік шара ұйымдастырылады. Кешке қарай дәстүрлі әнші-жыршылар А. Көмековтың, А. Елшібаева, Ә. Сарин, Ш. Сүлейменов, Н. Жанаманов, Ө. Айниязовтың қатысуымен жыр кеші болады. Сонымен бірге, «Алтыбақан» этнографиялық ұжымының қойылымы сахналанып, кешкі сағат 20:00-де «Бірлік» оты жағылады.
14 наурыз күні аудан өнерпаздары мен «Отпан» фольклорлық ансамблі және облыстық филармония әртістерінің қатысуымен концерт болады. Осы күні республика қолөнершілерінің және Ақтау қаласындағы Н.Назарбаев зияткерлік мектебінің көрме-жәрмеңкесі мен көкпар, қазақ күресі, гір көтеру сынды ұлттық спорт жарыстары болады. Отпан таудың басында ұйымдастырылатын Амал тойына барамын деушілерге аудан ор-талықтарынан және Жаңаөзен, Ақтау қала-ларынан арнайы көліктер ұйымдастыры-лады.

Әйгерім Ашықбаева

Ақтөбе облысы 

Қызылды-жасылды безендіріледі

1. Киіз үйлер тігіледі. Олардың әрқайсысының босаға маңдайшасына «Әйтеке би», «Мөңке би», «Тама Есет батыр» т.с.с. белгілі тұлғалардың есімдерін жазып, іліп қояды. Қызылды-жасылды безендіріледі.
2. Қала не мекеме басшылары қатысып, құттықтау айтады.
3. Әр мекеме қызметкері мен жұмысшыларының күшімен дайындалған концерттер өткізіледі, театрландырылған көріністер көрсетіледі.
4. Басшылар әр мекемеге кіріп, дастарқан мәзірінен ауыз тиеді.
5. Ұйымдастырушы мекемелер халыққа тегін наурыз көже, бауырсақ, таратады.
6. Халықтың қатысуымен түрлі спорттық ойындар, жарыстар ұйымдастырылады.
7. Өнер мектептерінде, балалар шығармашылығы үйінде сурет, дизайн, музыка, би кластарында оқитын лауреат балалардың көрмесін, концертін өткізеді.
Наурыз мерекесін әр мекеме өздерінде өткізіп, оған бұрынғы ардагерлерін құрметті қонақ ретінде шақырады, сый-сияпатын жасайды. Кейбір мекемелер қала басшыларының тапсырмасымен халық демалатын орындарда, саябақтарда, стадиондарда өткізеді.

Бөрібай Кәртен

Оңтүстік қазақстан облысы 

Қазығұрттан басталған Наурыз

Жыл сайын жаңашылдығымен ерекшеленетін Оңтүстік Қазақстан облысында биылғы Әз-Наурыз қалай аталып өтілмек? Әрине, Наурыз мерекесі Оңтүстікте жыл сайын ерте басталады. Биыл да жаңа күнге ертеден әзірленген жергілікті тұрғындар айналаны тазалауға жаппай жұмылып, көшет отырғызып дегендей, көктемгі жұмыстарға қызу кірісіп кетті. Ал Наурыз мерекесіне қатысты бізге белгілі болған мәліметтерге сүйенсек, 19-21 наурыз аралығында барлық білім ұяларында жас ақындар айтысы мен суретшілер көрмесі ұйымдастырылса, Шымқалаға көрік беріп тұрған Қошқар Ата өзенінің бастауында көктем фестивалі жалауын көтермек. Ал облыстық деңгейдегі Наурыз мерекесі 21-күні Қазығұрт ауданы, Атбұлақ ауылындағы Қазығұрт тауының бөктерінде аталып өтілмек. Мұның себебі түсінікті: Нұх пайғамбардың (а.с.) кемесі Қазығұрт тауына тоқтағанда мезгіл осы Наурыз айына дөп келіп, тіршілік осы жерден қайта түлеген деген аңыз әр қазаққа белгілі. Сол себепті де қасиетті Қазығұрт тауы — қазақтың ғана емес, адамзаттың асыл бесігі саналады.
«Наурыз Қазығұрттан басталады» атты мерекелік іс-шара барысында қолөнер шеберлерінің, ұлттық тағамдардың көрмесі ұйымдастырылып, ұлттық спорттық ойындар, ұлттық салт-дәстүрлерге арналған театрландырылған қойылымдар көрініс береді деп күтілуде. Дәл осы күні Шымкентте де Наурыз мерекесіне байланысты Орталық саябақта, Наурыз алаңында, Орталық ипподромда «Наурыз-думан» мерекелік іс-шаралары ұйымдастырылса, Зообақ өзінің маусымдық ашылуын дәл осы күнге жоспарлап отыр. Ал аудан-қалаларда жыл басын тойлау 22-25 наурыз аралығында дүркіреп өтпек. Айтыссүйер қауым наурыздың 23-жұлдызы күні «Наурыз» ақындар айтысын тамашалауды асыға күтіп отырған жайы бар. Ұлттық киімді дәріптеу мақсатында 24-наурызда өткізілетін «Ұлттық киім — ұлт келбеті» атты көрме де көпшіліктің көңілінен шығады деген ойдамыз. Сондай-ақ бес күндік демалыс барысында оңтүстікқазақстандықтар мен облыс қонақтарын салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылатын велошеру, ретро көліктер көрмесі, облыстық мұражайлардың ашық есік күндері, Оңтүстікте түсірілген көркем және анимациялық фильмдердің көрсетілімі, тағы да басқа көптеген игі шаралар күтіп тұр.

Шадияр Молдабек

Жамбыл облысы 

Тоғыз күн тойланады

Қасиетті Жамбыл жерінде Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз мерекесі тоғыз күн тойланады. Бұл жайында облыс әкімінің баспасөз қызметі хабардар етіп, жауапты мекемелер мерекелік шараларға тас-түйін дайын отыр.
Атап айтсақ, 14 наурыз Әулиеата жерінде «Көрісу күні» ретінде белгіленді. Ал 15 наурыз — «Мейірім күні». Бұл күні облыс аумағында қайырымдылық шаралар ұйымдастырылып, тұрмысы төмен отбасылар мен мұқтаж жандарға айрықша көмек көрсетіледі. Ал 16 наурыз — «Тағзым күні» батыр бабалардың рухына тағзым етіліп, ескерткіштерге гүл шоқтары қойылып, мешіттерде әруақтарға құран бағышталады. 17 наурыз — «Алас күні» болса, «Бұлақ көрсең көзін аш» ұранымен жалпыхалықтық сенбіліктер ұйымдастыру көзделуде.
18 наурызды — «Наурыз шашу» күні ретінде белгілеп, перзентханаларда жарық дүние есігін ашқан сәбилерге әрбір деңгейдегі әкімдердің мерекелік құттықтаулары әзірленеді. 19 наурыз — «Ынтымақ күні» аймақтағы этномәдени орталықтар мен этнос өкілдерінің қатысуымен әр түрлі көрсетілімдер ұсынылып, «достық фестивальдері» өтеді. 20 наурыз — «Шаттық күні» жер-жерлерде киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар орнатылады. Көпшілік жәрмеңкелер өткізу де жоспарлануда. 21 наурыз — «Үйлесім күні» орталық алаңда «Селтеткізер» және «Ұйқыашар» дәстүрлері жаңғыртылады.
Ал 22 наурыз Ұлыс күні негізгі мерекелік шаралар өтеді. Көпшілікке наурыз көже таратылып, театрландырылған көріністер ұсынылып, ұлттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылады. Осындай іс-шаралар облыс орталығынан бөлек, барлық аудандардың мерекелік жоспарына еніп отыр. Осылайша Жамбыл жері Ұлыс күнін тұңғыш рет тоғыз күн тойлағалы отыр.

Саятхан Сатылғанов

Атырау облысы

«ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРЛЕРІ» ФОРУМЫ ӨТЕДІ

Биылғы көктем атыраулықтар үшін ерекше салтанатты оқиғаларымен есте қаларлықтай болғалы тұр. Облыс орталығында Наурыз айының 14-15 жұлдыздарында мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай ұлттық салт-дәстүрлерімізді паш ететін «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» деп аталатын халықаралық Форум өтеді. Форумның ұйымдастырушысы Атырау облысы әкімдігі.

«Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» форумы аймақта ауқымды да мазмұнды шараларымен тұңғыш рет ұйымдастырылуда. Мұндағы мақсат — ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, мәдениетімізді, өмір салтымызды заманға сай одан әрі байыта түсу және оны бүгінгі жас ұрпақтың санасына сіңіру арқылы жаңа озық заман адамын қалыптастыру.
Форум аясында 14 наурыз күні Мархаба Сәби, Әли Оқапов, Арсланбек Сұлтанбек, Роза Аманова (Қырғызстан), Ирфан Гюрдал (Түркия) және тағы басқа жұлдызды орындаушылардың қатысуымен «Көрісу» ғұрпын салт-дәстүр ретінде дәріптейтін театрландырылған «Жаңа жасыңмен, Ұлы далам!» фестивалі, Этно-қолөнерші Ырза Тұрсынзаданың шеберлік сағаттары, «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып…» атты республикалық ақындар айтысы, Қазақстанның халық әртісі Бақыт Қарабалина атындағы домбырашы қыз-келіншектердің республикалық сайысы, абсолюттік салмақ дәрежесіндегі балуандар қатысатын «Қазақша күрестен» халықаралық чемпионат, Астана, Алматы, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарынан және Грузия, Түркия, Қырғыз елдерінен дәстүрлі әншілер мен күйшілер өнер көрсететін «Мәңгілік сарын» халықаралық дәстүрлі өнер фестивалі, «Спикер #7» жастар зияткерлік конференциясы және «Ringo», Нұрболат Абдуллин, Әли Оқапов, Тәуекел Мүсілім және тағы басқа Қазақстан эстрада жұлдыздары мен жергілікті әртістердің қатысуымен кешкі концерт өтеді.
Ал 15 наурыз күні «Наурыз — адамзаттың материалды емес құндылығы ретінде халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы» зерттеушілердің басын қосады. Конференция жұмысына Еуропа, Таяу Шығыс, ТМД елдерінен және Қазақстаннан өзге облыстарынан келген ғалымдары қатысады.
Сонымен қатар 15 наурыз күні Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған республикалық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, Назарбаев зияткерлік мектебіндегі «Рухани Жаңғыру» кіші жобалық кеңсесімен танысу, «Ұлы дала ұлағаты» кітабының тұсаукесері, «Рухани жаңғыру» республикалық жобалық кеңсе өкілдерімен мәжіліс, «Домбыра Party» жастар акциясы ұйымдастырылады.
Шара Гала концерт, Байқаулар жеңімпаздарын марапаттау және «Аманат» ұлттық қоғамдық сыйлығын табыстау рәсімімен қорытындыланады.
Алдағы газетіміздің санында Атырау қаласында өткен Форум материалдары толық жарияланатын болады.

Светлана Муньянова

Солтүстік қазақстан облысы 

Қызылжар өңірі де
Ұлыс мейрамын кеңінен атап өтеді

 

 

 

 

 

 

 

 

Аудандардағы елді мекендермен бірге облыс орталығында да Наурыз мейрамы кең ауқымда аталып өтілмекші. Ішкі саясат басқармасының басшысы Әсем Рахметованың айтуына қарағанда, басты алаң — қалалық саябақта этноауыл құрылып, қолөнер шеберлерінің көрмесі, мерекелік сауда, спорттық жарыс, ұлттық ойындар, байқаулар ұйымдастырылмақшы. Петропавл қаласында былтыр бастау алған әр аулада Наурызды тойлау биыл да жалғасын таппақ. Өз кезегінде облыс әкімі Құмар Іргебайұлы көпшіліктің көңілін табу үшін, Орталық алаңда құрылатын киіз үйлердің есігі кез келген адамға ашық болуы тиіс екенін атап айтты.

Алдағы мерекеге орай өткізілген облыстық әкімдіктің кезекті отырысында сөз алған Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшы Ермек Рахимов наурыз айында жалпы саны 1500-ден аса мәдени-бұқаралық шара ұйымдастырылып, оның 700-і қайырымдылыққа негізделетінін жеткізді. Түрлі бағыттағы жиын, отырыс, белгілі ғалымдар, тарихшылар мен жазушылардың қатысуымен ғылыми конференция өткізу көзделуде.
Қызылжар өңірінде ақын, сазгер, әншi, қолданбалы мәдениет өнерінің қас шебері, Жамбыл ауданының тумасы, атақты Толыбай сыншы ұрпағы Сегiз Серi Баһрамұлы Шақшақовтың туғанына 200 жыл толуына орай наурыздың 16-17 күндері республикалық деңгейде өтетін шараларға қызу дайындық жүріп жатыр.
Алғашқы күнi М. Қозыбаев атындағы Солтүстiк Қазақстан Мемлекеттiк университетiнде республикалық ғылыми конференция болады. Оның жұмысына қатысуға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ақын-жазушылар шақырылған. Ал келесі 17 наурыз күні Жастар сарайында «Сал-серiлердiң серкесi» атты республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылады. Жүрсiн Ерманның өзі жүргiзетін жыр додасына еліміздің ең мықты от ауызды, орақ тілді 16 ақыны түспекші. Осымен облыста екінші рет өткізілгелі отырған ақындар сайысына есімдері шартарапқа танылған Айбек Қалиев, Ринат Зайытов, Рүстем Қайыртайұлы, Мақсат Ақанов, Асланбек Шұғатаев бастаған ақындар қатысады деп күтілуде. Облыс намысын Жарқын Жұпархан, Әлібек Серғалиев, Мұхаммед Қоңқаев қорғамақ. Бас жүлдеге темір тұлпар тігіліп отыр.

Нұрсайын Шәріп

Батыс қазақстан 

Бір жасыңмен!

Батысқазақстандықтар үшін Наурыз мерекесі алысты жақындататын, өкпені кешіретін, татулықты арттыратын мереке — Көрісу күнімен басталады.
Жарқын жүзбен көрісіп, бауырмалдықпен құшаққа алатын, әр шаңыраққа ырыс-береке төгіліп, көңілді көл-көсір қуанышқа толтыратын бұл күні жұртшылық бір-біріне қол беріп, «Бір жасыңмен!» деп амандасып, ізгі тілегін арнап жатады.

Бұл күні облыс орталығы Орал қаласында осынау нұрлы мерекеге арналған «Бір жасыңмен» атты театрландырылған мерекелік концерт ұйымдастырылады.
Көрісу күніне арналған кең көлемдегі мазмұнды концерт Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында өтеді.
Сондай-ақ кейінгі жылдары қалыптасқан дәстүр бойынша «Телегей» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Сырым ауданы, Тоғанас ауылдық округінде орналасқан «Жұмағазы хазырет — Дәдем ата» мекенінде де мерекелік шаралар басталады.
Шара барысында елімізге танымал күйші, домбыра жасау шебері, республикалық «Үкілі домбыра» байқау-бәйгесінің екі мәрте жүлдегері Едіге Нәбиев күй шертсе, айтыскер ақын, Қазақстан Республикасына Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Шолпан Қыдырниязова тәрбие-тағылымға толы әңгімелерін айтады. Сонымен қатар Құрманғазы атындағы саз колледжінің студенттері өнер көрсетеді.
Көрісу күнінен бастау алған Амал мерекесіне арналған шаралар 22 наурызда тойланатын жалпыхалықтық Наурыз мейрамына дейін жалғасатын болады.
Атап айтсақ, бабадан қалған ұлттық күй өнерін насихаттау мақсатында республикаға танымал күйшілердің қатысуымен өтетін дәстүрлі «Алтын жүрек домбыра», әнші-термешілердің «Бабалар мұрасы» өнер кештері өтеді.
Бұдан басқа оралдық өнерсүйер ағайын маңғыстаулық жырау, жыр зерттеуші, республикалық конкурстардың лауреаты Ақылбек Өтешевтің, ҚР «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің бас концертмейстері, күйші Батыржан Мықтыбаевтың күй кештерін тамашалауға мүмкіндік алады.

Айгүл Ахметова

 

(146)