Елін отырықшылыққа үйреткен Төсекбай би

Әкесі Бозай Тілеубердіұлы  XVIII ғасырдың орта шені мен XIX ғасырдың бас кезеңдерінде Алматы облысының бұрынғы Шелек, кейінгі Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Малыбай ауылдық округі, бұрынғы Көктерек, кейінгі МТФ елді мекенінде өмір сүрген. Ауылдағы көне көз қариялар мен көздері ашық азаматтар оның шыққан тегі Қыстық руы, оның ішінде Қарақыстық тармағынан тарайтын Қарақұс-Бектемір аталарының ұрпақтарынан құралатын ел-жұртына сыйлы, беделді, ақылгөй еңбекқор және сол еліне би болған деседі. 

Бабаларымыз өмір сүрген сол кезеңдердегі үлгі тұтарлық отбасынан шыққан Бозайұлы Төсекбай би жас кезінен бастап-ақ әр істі тыңғылықты атқаруымен, іскерлігімен және еңбекқорлығымен ел-жұртына таныла бастаған екен. Төсекбай бидің бойында ата-тегінен және жаратылысында табиғи дарыған көріпкелдік, талапшылдық, ізденімпаздық және еңбекқорлық т.б. жақсы қасиеттері болыпты. Арабша сауатты, Құран сүрелері мен аяттарын жатқа айтады екен. Міне, осындай бойындағы ізгі қасиеттерінің арқасында өзі мекен еткен Көктерек және Малыбай ауыл аймағында өмір сүріп, тіршілік етуші ағайын-туыстарының өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатында атқарған елеулі еңбектері артында мұра болып, тайға таңба басқандай тарихта қалып отыр.
Төсекбай би жаз мезгілінде жайлауға көшіп, шыға алмайтын кедей ағайындарын Көктерек қыстауына жинап орналастырады. Оларға Ақшешек шатқалындағы Ақшешек бұлағына тоспа жасатып, (қыстақ) оның маңайына арықтар қаздырады да, көктемде жер жыртқызып, тары, арпа, бидай ектіреді. Кейбір ағайындарын Сөгеті тауының батыс-шығыс бөктерлеріндегі қыстауларды жөндеуге, күзетуге, жаңадан қоралар салуға және тау қойнауларынан шөп шауып, жинауға бөледі. Қыстаудағы ағайындары күзде еңбегіне қарай малдан алып отырған. Егістен жиналған өнімдерін туыстарына малға айырбастаған. Алғашқы арық Көктерек арығы деп аталған.
Азын-аулақ егілген егіс өнімдері қысқы мерзімге ағайындарын қамтамасыз етуге жетіспегендіктен, Шелек ауылындағы орыс, ұйғыр, дүнгендерден қымбатқа сатып алып отырады. Өнімнің аз болуы жер тиянақты жыртылмаған, бір ғана бұлақ суы алқапты толық қамтамасыз етпеген, басқа да агротехникалық шаралар дұрыс атқарылмаған. Соған қарамай, Көктерек қыстағы бірте-бірте тұрғындар көбейгендіктен, жатақ ауыл болып қалыптасқан. Төсекбай би атамыздың өзі өмір сүрген кезеңдерде, сондай-ақ қилы заман тұстарында айналасындағы ел-жұртына жасаған пайдалы еңбектеріне дәлелдемелер шаш етектен жеткілікті дер едім. Соның бірі қазіргі кездің өзінде көзге көрініп тұрған, жоғарыда айтылған Көктерек және Малыбай елді мекенінде тұрып жатқан тұрғылықты халыққа орасан зор пайдасын келтіріп жатқан Төсекбай арығы туралы айтсам да жеткілікті. Халқымның илануын ол нақты дәлел деп есептеймін. Өйткені тарихи деректемелерге сүйенсек, 1881 жылы патшалық Ресей мен Қытай арасындағы келісім бойынша, Қытайдың Іле аймағынан ұйғырлар мен дүнгендер бұрынғы Верный, Жаркент уездерінің жеріне көшіп келіп орналаса бастайды. Алғашқы көшіп келгендерді Шелек өзенінің батыс жағынан Верный қаласына дейін бөліп-бөліп орналастырады.
Шелек ауылының төңірегіне орналасқан ұйғырлардан алғашқы ұйғыр болыстығы құрылады. Шелек өзенінің шығыс бөлігі құмдауыт, қуаң, шөлейтті аймақ, сонымен бірге оның шығыс жақ жиегі жарлауыт, арық шығаруға қолайсыз болғандықтан, су көздері тапшылық етеді. 1882 жылы Төсекбай би Қорым ұйғыр болысымен бірге уездің жерге орналастыру басқармасымен келісе отырып, төрт-бес ұйғыр отбасын Малыбай қыстауына көшіріп әкеліп орналастырған. Ондағы мақсаты: ұйғырлар егіншілік пен бау-бақша өсірумен, айналысумен атамзаманнан шұғылданатын кәсібі еді. Енді сол Көктерек, Малыбайдағы ағайын-туыстарын жерді игеруге, тиімді пайдалануға және егіншілікпен айналысуға баулып үйрету еді. Сөйтіп, ұйғырлармен келісе отырып, Шелек өзен суын жоғарғы шат аузында жартылай бөгеп, оған Ақшешек және Қарабұлақ бастау суларын қосып, жалдаған ұйғырларға 70 (жетпіс) ірі қара малын беруге және де ондай ауқымды да маңызды шаруаны тыңғылықты аяқтау үшін өз ағайын-туыстарын біріктіріп, Төсекбай арығын қаздырады. Арықтың суы Көктерек, Малыбай ауылы тұрғындарын егін шаруашылығымен айналысуға толық мүмкіндік береді. Малыбайға көшіп келген ұйғырлар егіннен алған өнімдерін жергілікті қазақтарға малға айырбастайды. Сонымен қатар ұйғырларға жергілікті қазақтар өздеріне тиісті жерінің бір бөлігін жалға пайдалануға береді. Өздері ұйғырлардан жер өңдеу, егін егу, бау-бақша өсіру мен үй салуды үйренеді. Кейіннен, яғни 1882-1886 жылдары ұйғырлар топ-тобымен Малыбай мен Шелек өзенінің шығыс бөлігінің көшіп келіп жаңадан арықтар қазып, бос жерлерді игереді.
Деректеме бойынша: 1. Санкт-Петербург қаласы 1914 жылғы П.П. Румянцевтің басшылығымен жинақталып, талданып шығарылған «Жетісу облысы тұрғылықты бұратана және ертеден қоныстанушы орыс тұрғындары, сонымен бірге тараншылардың жер өңдеу және ауыл шаруашылықтарын зерттеу материалдары» атты кітабының IV том Верный Уезі және V том Тараншы бөлімдерінде Шелек өңіріндегі жер суаруға арналған бұрыннан бар арық (тоған, каналдары) атап көрсетілген.
Сонда Көктерек және Төсекбай арықтары айқын аталады. Аталған арық суын №17 Малыбай, №18 Көктерек ауылдарының қауымдары пайдаланып отырғандығын атап көрсетеді.
2011 жылы Б. Ғлаудиновтың басшылығымен «Идан» баспасынан шығарылған «Атадан — ұрпаққа» атты кітабында Төсекбай арығын қазып шығаруда қазақтармен бірге ұйғырлардың қатынасқандығын көрсетеді. Сонымен бірге 1901 жылы Малыбай баласы Шамшидин Аңсаров қазақтардың бос жатқан жерлерін жылына 120 рубль төлеп, 31 жылға жалға алып, егіншілікке пайдаланғандығын, суды Төсекбай арығынан алғандығы үшін қазақтарға берілген мөлшерлерде астықпен төлем төлеп тұрғандығын жазып көрсеткен.
2006 жылы «Жетісу» газетінде басылған С. Байдүйсеновтің «Ана арманы» мақаласында қазір 95-ке келген Қаскелең қаласының тұрғыны Төсекбаева Айжан Ахметқызы: «Атам Төсекбай Бозайұлы ақылды, дәулетті, ауыл-аймағы үшін адал еңбек еткен адам. Атам арабша сауатты, Құранды жатқа білетін, көріпкел, емшілік қасиеттері бар, еліне сыйлы, еңбекқор кісі болған. Балаларын әділдікке, еңбекке баулып, 99 жасында XIX ғасырдың соңында дүниеден өткен. Бұл кісі ағайын-туысқандарын ұйымдастырып, ұйғырларга 70 өгіз беріп, Төсекбай тоғанын қаздырған. Оның суын қазірге дейін Көктерек, Малыбай ауылдарының тұрғындары егінге пайдаланып келеді. Ол кісінің қыстауындағы тас қорасын Сөгеті малшылары пайдаланып отыр. Кеңес уақытында «байдың тұқымдары» деп Төсекбай тұқымдарын тәркілеп қуғындады. Әке-шешемді түрмеге жауып, бауырларым Көктерек мектебінде қамалып отырып аштан өлді», — дейді.
Қазір марқұм, бұрын Көктерек, Малыбай ауылының тұрғыны болған атақты ұстаз, ақын, жазушы Күлшария Дүйсебайқызының «Көктерек», «Жетісу» кітаптарында 1929 жылы Төсекбай тұқымдары Ожар, Ахметтер алғашқылардың бірі болып тұтқындалып, қуғындалғанын көрсетеді.
2003 жылы «Бәйдібек баба — Алып Бәйтерек» Албан энциклопедиялық шежіресі мен 2004 жылы «Алматы» баспасынан шығарылған Қыстық руының шежіресінде Төсекбай бидің жоғарыда көрсетілген мазмұндас еңбектері ерекше атап жазылған.
Қазіргі уақытта Төсекбай қаздырған Төсекбай арығы мен Көктерек арықтарын коммунистік идеологияға байланысты «Қазақ тоғаны» деп ататқан. Ауылдардың көнекөз тұрғындары бәрібір «Төсекбай арығы» деп атап келді.
Төсекбай бидің кезіндегі Көктерек, Малыбай ауылдарының тұрғындарына көрсеткен еңбектері ескеріліп, осы ауылдардан көшенің біріне Төсекбай би есімін берсек дейміз.
Енді «Рухани жаңғыру» бастамасы аясында рухты өсіру және ұлттық кодты сақтап қалу, қалың жұртшылық асыға күткен заңды құбылыс екендігін айтып та жүрміз және оған қуанып, көзайым болудамыз. «Рухани жаңғыруға» бұрынғы «МТФ»-ты Көктерек ауылы деп ауыстыруға және Көктерек, Малыбай ауылдарынан Төсекбай би атына көше беруге ауыл халқы келісімін беріп, қол қойып отыр. Ел есінде жақсы сақталған, халқы үшін туған осындай ер-азаматтарымыздың атын асқақтатқанымыз абзал болмақ! Идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекен және жер-су атауларынан ономастикалық заңды тұрғыда құтылғанға не жетсін?!

Мырзаханов Жеңіс Тұрдақынұлы 

Наурызбай ауданы, Ақжар ш/а

(28)