Ақерке Кәріпжан: Менің әкем азаттықтың жалаугері

Иә, менің әкем Желтоқсан көтерілісіне қатысқан батыр. Әкесін ардақтамайтын, оның халқы үшін жасаған әрбір игі ісін, ерліктерін, еңбектерін мақтаныш тұтпайтын бала жоқ деп білем. Мен де Аманғазы әкемді осы ерекшеліктерін өзгелерге мақтанышпен айтып жүремін. Әкем әрі журналист, әрі ақын. Қазір мен де өлең шығарамын, мақала жазамын. Бүгін әкем жөнінде көптен бері толғанып жүрген очеркімді жазып бітірдім.

«Жолбарыс» бала

Таза қазақ ауылында туған әкем үйдегі бес баланың тұңғышы еді. Әкесі оның 7 жасында қыршын кетіп, ащы-тұщыны ерте сезінеді. Тұрмыс тауқыметі мен қаражат қатшылығын көрген ол анасына ерте қолғанат болып, демалыс сайын демалмай кеңшар жұмыстарына араласады. Мал қырқу, жем-шөп дайындау, трактордың түрлі тіркеме жұмыстарын игеру оның 11-12 жасынан бастап үйреншікті кәсібіне айналады. Бала кезінен-ақ оның бойына ақындық қасиет пайда болды. Тік мінез болып өсіпті. 1-ші сыныптың шырша тойына тақпақ бермей қойғанда, қатарынан қалмай ол да қатысқысы келіп, «Жолбарыспын» деген алғашқы өлеңін шығарған екен. Мектеп табалдырығында «Кірпі» атты сатиралық қабырға газетінің шығуына көмектескен.
Мектеп бітірерде сол кездегі бастама бойынша ауыл жастарын комсомол-жастар бригадасына қалдыруға жанталасқан науқан басталады. Мал бағуға қалғандарыңның аттестаттарыңа көтермелеп баға қойылатындығын ескертіп, мұғалім әкемнің сыныптастарының бәріне де өтініш жаздырып алады. Бұның өзі қазақ жастарын оқудан алшақ ұстап, уақытын тек мал бағумен шегеріп қою, күніне 12-13 сағатқа дейін бас көтертпей жұмысқа салу арқылы да ұлтты жаншып отарлау саясатының бір тактикасы жүріп жатты. Өкінішке орай сол қол қойғандардың бәрі куәліктері қолына түскеннен кейін жан-жаққа қашып, тек әкем ғана бригадада қалып қойыпты. Атқарған ауыр еңбегіне қарамастан «ақшаң тамағың мен қасқырға жегізген қойыңның өтеуіне кетті» деп, жалақысынан айрылған кездері де болған. Осындай көп былықтан соң он жеті жасында-ақ «даукес», «заңқой» атанған әкешімнің алдынан «әлі талай қызық» күтіп тұр еді.

Желтоқсандағы қуғын

Әкем 1982 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне сырттай түсіп, қаладағы №11-ші құрылыс-монтаж басқармасында бетоншы, тас қалаушы, ағаш ұстасы болып жұмыс істегенде, түгелге жуық қазақ жұмысшылары еңбек ететін мекемеде жиын-шараның бәрі де орысша өтетін. Әкемнің көкейіне қонбайды. Бұған наразылық білдіргенде, орыс бригадир:
— Кәріпжанов! Басқа тілде өткен жиналысты қайдан көріп едің? — деп келекетіпті. Оған орыс тілділер де қосылған. Сол кездері намыстың отына талай мәрте күйінді.
1986 жылы ҚазМУ-дың журфагының сырттай, онан күндізгі бөлімге ауысты. Сол жылы ғой Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны.
Алаңда «Қазақ басшы!», «Қазақ басшы!» деп ұрандатқан жастардың қатарында әкем де жүрді. Қызу ереуіл жүріп жатқан сұр алаң. Мінбенің ар жағында көтеріліске шыққан жастар. Бер жағына елді мінбеге өткізбеу үшін сап түзеп тұрған милиция және әскер жасақтары. Әкем мен қасындағы Гүлнар Әшімова деген студент екеуі зиялылардан құралған жасақшы топпен көп дауласып қалды. Бірде олар Орталық Комитеттің үйіне қарай өрбіген үлкен топта барып қосылыпты. «Нағыз шайқастың көкесі сол кезде басталды», — дейді әкем.
Бірақ бұл кідіріс ұзаққа созылмай, көп ұзамай Тимирязев көшесі жақ бетіне «Урал деп аталатын әскери» көліктер іркес-тіркес келіп, ішінен қолдарында резина сойылдары мен қалқандары бар сақшылар қарсыласқандарды тепкіге алып, бірінен соң бірін көлікке тиеуге кіріседі. Алаңның батыс жақ бетінде сақшылардың көбейіп кетуіне байланысты ереуілшілер аздап шегіншектей бастағанымен, олардың қарсыласуын қайта жандандырған. Сол тұстан бір топ адам көтергішке салып алып өте шыққан ақ бас киімді қыздың аянышты кейпі еді. Саны жағынан көбейіп, оқтай қаруланған сақшыларға қарсыласу үшін сол сәтте жастар қолдарына түскен тас, мұз кесектерімен қарулануға мәжбүр болған екен. Түс ауа адам саны бірнеше есе өсіп, лықа толған алаң аузы-мұрнынан асып кеткен. Әйтсе де, ұрып-соғулар жалғасып, көтеріліс те басып жаншылды.
Желтоқсан оқиғасынан кейін әкемнің көтеріліске қатысқандығы мәлім болып, оқудан, комсомолдан шығарылып, Қауіпсіздік комитетінің тергеуіне алынады. Тергеуден амалын тауып құтылғасын қайта жоламай қашып жүріп, Әліби Жангелдин інісінің әйелі Әдия деген татар апаның үйін паналап жүреді. Ол кісінің орыстілді бала-шағасының жиі келе беруінен күдіктеніп, басқа пана іздеуге мәжбүр болды. Барар жері қалмаған әкем күндізгі уақытын жұмыс іздеумен өткізеді. Медеу, Көктебенің сайларын паналап, аязды күндері далада қалып қойған кездері де болған. Көбіне түн ауғанда автовокзал, аэровокзал, теміржол вокзалдарын да қойып, соның әсерінен суықтан оң құлағын үстіріп алыпты. Бүгінгі күнде сол құлақтың зардабын әлі де тартып келе жатыр.
Кейіннен СМУ-37 құрылыс-монтаж басқармасына жұмысқа кіріп, өзіне жұмақтай көрінген мекеме жатақханасына орналасты. Мұнда келгесін ойдағы көп нәрсені жүзеге асыруға мүмкіндік туып, жұмысшы жастардың ойын-сауық отауын құрып, апта сайын мерекелік жиындар, ақындық айтыстар, сахналық көріністер ұйымдастырып отырады. «Өнер жерде қалдырмайды» дегендей, суырып-салма ақындық өнерінің арқасында бірқатар айтыстарға қатысып, мекеменің тұрмыс-тіршілігі жайында әзіл-шыны аралас толғаулар айтады екен. Асқар Тоқпанов, Мекемтас Мырзахметов, Тұрсынхан Әбдірахманова, Әбдірахман Асылбеков, Серік Қорабаев секілді зиялы қауыммен кездесулер өткізді. Белсенділігін байқаған жатақхана кеңесі Аманғазыны өздеріне төрағаның орынбасары етіп қойып, кейіннен Комсомол прожекторы штабының төрағасы етіп сайлайды. Бір қызығы оның комсомол билетінің жоқтығынан басшылар хабарсыз. Белсенділіктің арқасында, комсомол бюросына «жоғалтып алдым» деп өтірік айтып, басқа билет алады. Өйткені кейін онсыз оқуға қабылданбас еді. Желтоқсанда аты шулы 65-ші бап бойынша қараланған әкемнің түбі ақтығы дәлелденіп, Саяси қуғын-сүргін құрбандарына берілетін ақтау құжаты ҚР Прокуратурасы арқылы ширек ғасырдан соң қолына тиеді. Иә, әкем мен үшін азаттық жалаугері ретінде зор мақтаныш!

Ақерке Кәріпжан.
Қалалық оқушылар айтысының 2 мәрте бас жүлдегері, Оқушылардың Қалалық Жыр мүшәйрасының бас жүлдегері

(27)