Ауыл халқы мал азығын қайдан және кімнен алуы керек?

«Qazaqstan Zamany» газетінің өткен 42 (1171) 2017 жылғы, 4 (1185) 2018 жылғы сандарында ауылдардағы қазіргі дағдарыс, жұмыссыз жастардың қалаға кетуі, ауылдардың үдере көшуі себептерін талдап, бұл тұйықтан қалай шығу керектігі туралы ұсыныс-пікірлерімді «Ауылды кешенді түрде жаңғыртуымыз керек» және «Ауылға мемлекеттің қамқорлығы ауадай қажет» деген мақалаларымды жазған едім. Газет өткен жылы арнайы экспедиция ұйымдастырып, екі министрлікпен бірнеше ақпарат құралдары өкілдерімен барлық облыстарды аралағанда туындаған сауалдар мен айтылған сол ұсыныс-пікірлерді газет ұжымы 9 ақпан 2018 жылы Астанада, үкіметте өткен дөңгелек үстелде ортаға салған еді. Бірақ Ауыл шаруашылығы министрлігі айтылған мәселелерді қорытып берген жауабына қанағаттана алмадық. Үкімет елдегі болып жатқан кері өзгерістерді толық түсініп, өз атымен атап, жағдайды толық, нақты бағалай алмай отырғанын көрсетті. Сондықтан жоғарыдағы мақалаларда айтылған мәселелерді одан әрі талдап, жұмыссыздық пен жаппай көшудің басты себебі — мал азығы тапшылығы екенін нақты фактілермен дәлелдей түсуді жөн көрдім. 

Жаппай көшудің
себебі зерттелді ме?

Бұрынғы Қазыбек би ауданының орталығы Егіндібұлақ ауылының тұрғындарына көрші Қаракөл ауылдық округінде құрылған 9 ұсақ шаруа қожалықтарының 6-ы, әрқайсысы өз шамасынша жазда шөп әкеліп сататын. Өткен жылы солардың 3-і тоқтады. Енді олар өздеріне ғана дайындайды. «Тракторларымыз тозған, қосалқы бөлшектер мен жанар-жағар май өте қымбат, шөп сату тиімсіз, өзін-өзі ақтамйды», — дейді.
Егіндібұлақтан Бекмағамбетов Қайыркең Иманғалиев Дәурен атты азаматтар қалаға көшіп кетті. Тракторларын сатып жіберді. Ағайынды Мейірхан, Сәкендер де жоғарыдағы себептермен өткен жылы шөп сатқан жоқ. «Осы тоқтағанымыз — тоқтаған», — деді. Ауылдағы Таңат есімді ақсақал жазда шөп шауып, біраз адамға жәрдемдесетін. Ол кісі тракторы мен құралдарын өзі жөндейтін де, қаладағы балаларының еңбек демалысын пайдаланатын. Ақсақал 77-де. Бұл кісі ұйымдастырудан қалса, онда не істейміз? Тағы да бір-екі тракторы бар адамдар бар. Бірақ олардың өздерінен басқаға шамасы жоқ.
Осылай өткен күзде Егіндібұлақта 50-ден астам үй шөпсіз қалатын болды. Шырылдап көмек сұраған соң Бастал, Қарабұлақ, Айнабұлақ, Қоянды елді мекендерінің азаматтары қазан айында шалғы тіркеп, сай-саладан шөп шауып, үй-үйге жеткізіп берді. Бірақ бір тоннасы 30 мың теңге. Бидайдың тоннасы 40 мың теңге. Мұндай қымбатшылықпен қалай күн көруге болады? Басқа да көшіп, жайылып жатқан 1000 ауылдың жағдайлары да осы тәріздес екеніне ешкім дау айта қоймас. Елдегі осындай ахуалды Үкіметтің, парламент депутаттарының неге түсінбейтініне, зерттемейтініне, үңілмейтініне қайранмын. Ауылдарда тұратын 7 миллион халықтың бәрі «шаруа қожалығы» болып байып кеткен жоқ қой. Ірі шаруа қожалықтары былайғы халыққа шөп сатпайды. Ал ұсақ шаруа қожалықтары осыған дейін ағайынды «сүйреп» келіп техникасы тозған соң жұмысы да, табыс табуы да тоқтады. Сонда ауыл халқы бұдан былай жем-шөпті қайдан және кімнен алуы керек? Бұл бір менің емес ауылдағы миллиондаған шаруаның парламент пен үкіметке қойып отырған сұрағы. Мен тек жеткізушімін.
Осы жағдайлар бұрынғы ауылшаруа-шылығы маманы (агроном әрі зоотехник), тәжірибелі ауыл тұрғыны ретінде «мемлекеттік» мал азығы шаруашылықтарын құру туралы ұсыныс жасауға мәжбүр етіп отыр. Ауылдардың бүгінгі ахуалін, апатты жағдайда екенін түсіну үшін үш мақаланы да тауып оқуға кеңес беремін. Осындай жағдайдағы кезіккен ауылдардың алтауы осы Егіндібұлақ өңірінде. «Көшу тоқтады» деген бекер сөз. Бұрынғы 130 үйден Айрық елді мекенінде бүгінде 40-ақ үй қалды. Былтырдың өзінде 10-нан астам үй көшіп кетті. Шөптікөл елді мекенінде бір кездегі 100-ден аса үйден 7-ақ үй қалды. Былтырғы күзде 15 отбасы қауырт көшіп кеткен. Қояндыдан да көшіп жатыр деген хабар жетіп жатыр.

«Мемелекеттік
мал шаруашылықтарын» құру керек

Әңгіме көшіп, жойылып жатқан 1000 ауыл және соларды қайыра қалпына келтіру туралы болып отыр. Бұл «мемелекеттік мал азығы шаруашылықтарын» құрмайынша мүмкін емес. Елде бірде-бір металл жонатын станоктар қалмаған. Үш-төрт болт-гайкі жондыру үшін жұрт 300-400 шақырымнан қалаларға шұбырады. Осындай шаруа бола ма?
Қазақстанның табиғаты қатал. Жауын-шашыны аз, болжаусыз. Оңтүстігі аптап ыстық, ал қалған үш аймағында 6 ай қыс, ақырған аяз бен ақ түтек боран. Қиын жағдайға ұшырағандар көмек сұрап, «обылыстық төтенше жағдайлар» департаментіне шырылдап, қоңырау соғып жатады. Ал департамент бүкіл облысты қамти алмайды. Міне, жеткілікті техникасы бар «мемлекеттік мал азығы шаруашылығы» осындайда көмек беретін «тірек пункті» міндетін де қоса атқаруы тиіс.
Ендігі мәселе ауылға аталған шаруа-шылықта жұмыс істеуге, қалаға кетіп қалған механизатор жастарды қайта шақыру. Құрғақ уәдеге олар келмейді. Ұсыныс: ондай жастарға бір миллион теңгеден қаржы бөліп, алдына мал салып беру. Алыстағы туыстарын елге шақырғанда ағайындары осылай істеуші еді ғой. Елге оралған жас отбасыға әрқайсысы 160 мың теңгеден 800 мың теңгеге 5 бұзаулы сиыр немесе бұзаулайтын 5 құнажын сатып әперіп, қалған 200 мың теңгесін сол жылғы мал азығына қалдыру керек. Шаруашылықта жұмыс істеп, малының келесі жылғы азығын өзі табады. Осылай істесе, жас отбасылардың балаларының бастары қосылып, мектептер қайта ашылып, ауылға жан кіреді. Дүниеге сәбилер келіп, өмір жалғасып кетеді.
Ондай жастармен басқа жаққа көшіріп кетпеу туралы 5 жылға келісім-шарт жасалуы керек.

Мал басы көбейсе
экспортқа ет шығарамыз

«Мемелекеттік мал азығы шаруашылығы» өндірген мал азығын жұрт бірден өзіндік құнымен сатып ала алмайды. Қашан өндіріс қалыптасқанша, олар өндірген мал азығы қымбат болады. Міне, Үкімет мал басына, жан басына деп бытыратпай, субсидияны осы шаруашылықтарға беруі керек. Сонда шөптің бағасын реттеп отыру тетігі үкіметтің өз қолында болады. Арзандатылған мал жем-шөп болса, мемлекеттің қолдауын екі сиыр, екі ешкісі бар адамдар да сезініп, мал басын көбейтуге тырысады. Мал басы көбейгенде ғана экспортқа ет шығару мәселесі шешіледі.
Ауылдардың көшуіне жол беріп, ұлан-байтақ жерді иесіз қалдырып жатырмыз. Мұның қауіпті екенін өткен үкіметтік жиында, дөңгелек үстелде ғалым, қоғам қайраткері Өмірзақ Омаров: «бос жатқан жер жау шақырады», — деген бір-ақ сөйлеммен жеткізді. Қытайдың «Қазақстан жерінің жартысы қытайдікі, қазақтардың жері Шу бойы ғана» деп мектепте балаларға дәріс беретінін бұрыннан еститінбіз. Ал Ресей «Қазақстанның қаратопырақты бұрынғы 4 облысы тарихтан орыстың жері», — деп «Жириновскийлерін» теледидардан кезекпен сөйлетеді. Осылардың қай-қайсысының болса да ештеңеден тайынбайтынына Украинада болған жағдай толық мысал бола алады.
Сол жиында айтқан «Жер тағдыры қоғамдық бірлестігінің» төрағасы Қайырлы Омаровтың «бүгінде солтүстікте қытай азаматтары элеваторлар мен ХПП-ларымызды біртіндеп өздеріне алып жатыр» — деген сөзін газеттен оқығанда, жүрегіміз орнынан қозғалып кетті. Олардың «үлкен жермен» байланысып отырғанына дау болмаса керек. Жерасты қазынасының тұтқасын мұнайымен қоса шетке басым бөлігін қытайға басқа елдерге беріп қойдық. Енді наны мен суы қазақтікі болар деп едік, оның өзі неғайбыл болып тұр. Тәуелсіздіктің аясы тарылып келеді. Осыны түсінсе, Үкімет айтылған «1000 ауылды» қалпына келтіріп, қайыра қоныстандырудан қаржы аямауы керек. Статистикада шартты түрде 17 миллион халықты жер көлеміне бөлгенде, бір шаршы шақырымға 9 адамнан келеді екен. Әрбір шаршы шақырымда 1 адам отырса да, оның ас-суын жеткізіп беріп отыруымыз қажет. Өйткені ол жалғыз адам жердің иесі бар дегенді білдіреді.
Қазіргі қалаларға амалсыз көшіп жатқандар баяғының жайлауға көшкеніндей шат-шадымен жұрт емес. Туған жерін, басындағы баспанасын дүние мүлкімен (ауылдың үлкен жиһаздары қаланың шағын бөлмесіне сыймайды), қора-қопсысы, айыр-күрегімен тастап кетіп жатыр. Ауыл жаппай көшіп жатқанда, кімнің үйін кім сатып алады? Жан-жүрегіңді ауыртатын, көзге жас алдыратын мұндай зор шығынды — науат дейді. Бұл қалаларға Үкіметтің ауыл шаруашылығын жүргізудегі орашолақ саясатына наразы ұлылы-кішілі лек барып жатыр деген сөз. Мұны Үкіметтегілер де, Парламенттегілер де түсініп, сезініп отырған жоқ.
Жағдай үкіметтегі санаулы азаматтардың ресми қызметтерін адал атқаруымен шешілмейді. «Біз қай жерге келдік, қайда кетіп барамыз, ауылдарды дағдарыстан қалай шығару керек?» — деген ортақ мәселені парламентте ұлт зиялыларын, баспасөзді қатыстыра отырып ашық талдайтын, шешетін кез келді.
Елбасымыз: «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында осыны меңзеп отыр. Ахуал осылай «бітеу жара» күйінде бұдан әрі де тұра береді, — деп ойлау үлкен ағаттық болар еді.

Қайыр Рахметуллин,
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы, Егіндібұлақ ауылы

(33)