«777» қаламгер алып күш иелері екенін білмей жүр-ау, сірә!

«Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деп босқа айтпаса керек, күні кеше ғана өткен Қазақстан Жазушылар одағының XV құрылтайынан дарыны мен таланты Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрына сыймаған «өзім» деген ақын-жазушылардың бар екенін көріп, төбеміздің көкке жеткенін желідегі жұрттың бірінші болып хабардар болғаны рас. Бұны байқаған өзге әріптестерім де «Парламент үлгі алса болады екен» деп ұрандатып жатты. Біз де осылай ойладық. Парламент мінберінде тұрып, халықтың мұңын айтқан депутаттарды, әлгі алды-артына қарамай, үй сыртындағы кісіні ұмытып, қатты айтып кеткенде, микрофонды өшіріп тастау секілді дүниелерді де көрмегеннен кейін бе, құрылтайдан өзімізше «жаңалық» ашып қайтқанымыз рас. Әдетте, біз қазақтың төл өнері айтысты «Дала демократиясы» деп атаушы едік. Жазушылар одағы былайғы өмірде емес, бес жылда бір рет болатын құрылтайды «Дала демократиясына» айналдырып жібереді екен. Кешегі жиынға Халықаралық «Freedom House» ұйымының өкілдері қатысатын болса, Қазақстан «Сөз бостандығы» индексі бойынша біршама жоғарылап, демократиясы дамыған елдердің алдын орап кетер ме еді, кім білсін? Құрылтайға арнайы келген министрдің, арнайы келген депутаттардың бар-жоғы да білінген жоқ. Құрылтайда Жазушылар одағын 22 жыл басқарған Нұрлан Оразалиннің кетуі мен “Құрметті төраға” болып қайта сайлануының “майшаммен” қаралғаны соншалық — су басып жатқан Шығыс Қазақстан облысы жайлы бір ауыз сөз болмады.

Соңғы кездері 777 ақын-жазушының бір жерге жиналғанын көрсек, көзіміз шықсын. Бір жерге деп отырғанымыз, халықты алаңдатқан жердің сатылуы, үштілділік мәселесінде 777 ақын-жазушының кейбіреуі ғана болмаса, түгелімен тасада қалғанын жұрт көріп-ақ отыр. Бір қызығы, құрылтайдың бірінші бөлімінде бір-бірімен қырық-пышақ болып қырылысқан жазушылардың төрағалыққа бір үміткер ұсынып, бір ауыздан сайлануына таңырқай қарадық. Негізі тартыстың барлығы құрылтайдың екінші бөлімінде болуы керек еді. Себебі Алатауға сонау Алтай мен Атыраудан, Сарыарқадан ат басын бұрған жоқ па ақын-жазушыларымыз? Демек, жаңа сайланған төраға төраға болуға лайық деген сөз. Дегенмен, жазушылардың осындай алып күшке ие екенін билік сезеді, тек жазушылардың өздері оны сезбей жүр-ау. Аймақтағы жазушылардың қасына Ішкі саясат басқармасының мамандарын жетектетіп жібергендеріне қарағанда, кімнің төраға сайланатыны әкімдердің де күн тәртібінде тұрса керек. Жаңадан сайланған төраға ─ ақын, Мемлекеттік сыйлықтың, «Құрмет» орденінің иегері Ұлықбек Есдәулетке және су жаңа орынбасарлары Ақберең Елгезек, Бақыт Беделхан, Мереке Құлкеновке табыс тілейміз! Әдебиетіміздің айдыны тасысын!

Серік Асаутай

(65)