mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

ҮКІМЕТ ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫН ОРЫНДАУҒА КІРІСТІ

Елбасының қатаң ескертуінен кейін Үкімет отырысы қыза түскендей. Қатаң бақылау да өз нәтижесін бере бастағандай. Мереке қарсаңдарында азық-түлік бағасының Үкіметке бағынбай кететіні де рас. Осыны білетін ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев үкімет мүшелеріне азық-түлік бағасын бақылауда ұстауды қатаң тапсырды. «Алда Наурыз мерекесі келе жатыр. Осыған байланысты бағалар күрт өсіп кетпесін. Қадағалауды күшейтіңдер», — деді Премьер-министр.
Елбасы тапсырмасына орай, өңір әкімдерінің жатақхана салу үшін жер телімдерін мамыр айында айқындайтыны белгілі болды.
Көптің қызығушылығын арттырған газ мәселесі де қолға алынғанға ұқсайды. Ағымдағы жылдың шілдесінде еліміздің солтүстік өңірлеріне газ тарту жобасы басталады. Бұл туралы Үкімет отырысында Президенттің 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру Жол картасының жобасын таныстырған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жеткізді. «Жақсы сөз жарым ырыс» деп қоялық мұны.
Ал инфлияция мәселесіне көңіл көншімейді. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы 0,7 процентке өскен көрінеді. «Жалпы, азық-түлік бағаларының 1,4 процентке өскенін атап өткен жөн. Бағалардың ең жоғары өсуі мына тауарлар бойынша байқалады: қырыққабат – 12,7 процентке, пияз – 7,4 процентке, картоп – 5,5 процентке, ал сәбіз 4,5 процентке өсіп отыр. Бұған сақтау шығындары, қыс кезінде қолайсыз жағдайда тасымалдау бағаларының өсуі себеп болды», – деді министр Тимур Сүлейменов.
Көпшілікті елең еткізген, үйсіз-күйсіз жүргендерге үміт сыйлаған «7-20-25» бағдарламасы туралы да сөз болды. Үкімет отырысына қатысқан Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев «7-20-25» бағдарламасының жобасы туралы нақты баяндама жасады. Бас банкирдің айтуынша, 7 проценттік ипотекамен айналысатын арнайы компанияның капиталы Ұлттық банктің есебінен қалыптасады. Компания ол ақшаға екінші деңгейлі банктер берген жаңа ипотекалық несиелерді сатып алады.
Алайда көптің көкейінде 7 млн теңгеге Қазақстанда үй алуға бола ма деген сауал қалатыны анық.
Отырыс кезінде Бақытжан Сағынтаев xалықты баспанамен қамту жағынан қалып келе жатқан өңірлерді сынға алды.
Олардың көш басында Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстары тұр. Жиын барысында Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрінің жұмысын тағы да сынады.

(10)