Ырымшыл қазақпыз ғой, бәріңізге батамды берейін!

Жол апатының құрбандары өкінішке орай, күннен күнге еселеп өсуде. Осындай індеттің азаюына аянбай атсалысып жатқандар да жетерлік. Десек те шығын азаяр емес. Осыны ескере отырып, ізгі ниетімді, әкелік, аталық жүрекжарды шын ықыласымды, АҚ БАТАМДЫ барша жүргізушілерге арнамақпын!
Көлік тізгінін ұстап, жолға шыққандарды АЛЛА жол апатынан сақтасын! Дендерің сау, аман-есен болып, шаңырақтарыңа шаттық орнасын! Асыл арман-тілектерің орындалып, мұрат-мақсаттарыңа жете беріңдер!

Ақ батамен қоса, бой тұмар ретінде киелі көк қошқардың суретін ұсынамын. Сурет бұйырған адамның істері алға басып, арманы орындалып жатыр. Кездескен кедергілерді, күрделі мәселелерді оңынан шешуге септігі тиюде. Белінде «Алла» деген ерекше белгісі бар, Еламанды сіздерге жақсылық тілеуші ретінде ұсынамын! Талай сыннан, талқыдан өткен киелі көк қошқар бейнеленген суретті сыйға тартып жүремін. (Сыйдың, құрметтің үлкен-кішісі болмайтыны белгілі емес пе!). Бала кезімнен адамдарға жақсылық жасауға ұмтылдым. Біраз бұрын өзімді және іс-әрекетімді сынап көрейін деп бірқанша ниеті түзу, көңілі ақ, азаматтарға шын ықыласпен осы суреттерді тарту еткен едім. Әрине батамды берейін. Жаратқан Ием жар болып, көпшілігінің істері алға басып, мақсаттары орындалып жатқандарын көргенде ізгі ниетімнің, ақ батамның қабыл болғанына қуанып, Аллаға шексіз шүкіршілік айтамын. Үй-күйі болмай, жұмыссыз жүргендердің істері алға басып жатқандарын көріп қуанамын. Бойтұмар бұйырған кейбір жүргізушілер келесі кездескенде, маркасы жоғарылау көлікпен қарсы алып, дастархан жайып, құрметтеп, ақ батамды сұрайды. Үйленбей жүрген жастарға, оқуға түсем деушілерге, олимпиадаға қатысушыларға, басқа да алдында асыл арманы бар, рухы биік, мақсаты жоғары адамдарға берген батам, ізгі ниетім орындалып жатқанына марқайып қаламын. Ал енді мұндай ниеттің, жүрек жарды ықыластың қайдан, қай кезде пайда болғаны туралы әңгімелеп берейін.
Әңгіменің бастау алған кезі: Бала кездегі арман-тілек. Сол кезде 15 жаста болатынмын. Көрші тұрған қарапайым қойшының киіз үйі өртенді. Ішінде бесіктегі жас нәрестенің өртке оранғанын көріп, «тілсіз жаумен» күресіп, өкінішке орай, нәрестені ажалдан құтқара алмадым. Өзегімді өкініш өртеп, жас өрен, осы кезде Жаратушыдан жалбарына сұрадым. Болашақ ғұмырымда адамдарға тек жақсылық істейін, әлсіздерге шарапатым тисе екен, әділдік жолында жеңіске жету, елімнің амандығы үшін қандай да, болсын қиындықтарды еңсеруге бар күш-жігерімді аямай әрекет жасауды алдыма мақсат етіп қойдым.
Өмір өте келе, ел ағасы болып ата атандым. Балалы болып, немере сүйдім. Бұл ойым, тілегім бір Алланың құдіретіменен іске асып келеді. Кеңестік кезеңнен Қазақстанның Тәуелсіз ел болған тарихына куә болдым, бұл ұстанымымды әрдайым биікте ұстаудамын.
Алланың аманаты деп есептейтін қасиетті төрт нәрсем бар.
Оларды құрмет тұту — парызым деп білемін!
Бірінші, араб азаматынан қалған қасиетті жайнамаз.
1998 жылы қыркүйек айында автобуста бір қара нәсілді адам жайнамазын ұмытып кетіпті. Оны қадірлеп үйге әкеліп қойдым. Сол кезден бері намаз оқуға бетбұрыс жасадым.
Екінші, көк қошқар «Еламан». Сонау жылдары (01.05.1999 ж.) Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи кесенелеріне, Түркістан шаһарына Ақ жол киелі сапарға шықтық. Айдалада, жапан түзде көк қозы кездесті. Иесіз жүрген қозы Алланың әмірімен бізге бұйырды. Жаратушының елімізге жіберген аманаты деп қабыл алдық. Бүгінде көк қошқарға айналған «Еламан» елінің амандығы үшін, бізбен бірге еліміздің түкпір-түкпірін аралап, Жаратушыдан тілек тілеген адамдардың бойтұмарына айналды.
Үшінші, Майдангерден қалған мұра, өрмелі қамшы.
Аяулы ағамыз 1938 жылы әскерге бара жатқан кезде ауыл ақсақалдары ырымдап ерекше жасалған өрмелі қамшы ұстатыпты. Сол ағамыз Үш соғысқа (Фин, Ұлы Отан, Жапон) қатысып елге аман-есен оралған. Үш қызы бар. Олар қамшының қадірін, тарихын елемес деп маған сыйлаған еді. Келесі жылы қамшыға 80 жыл болады.
Төртінші, 1300-ші жылы жарық көрген араб тілінде жазылған қасиетті кітап.
Жайық өңірінде бір отбасы тарту етті. Араб тілінде жазылған. Қапталып тігілген. Өте құнды. Аманат деп қабылдадым.
Әрқайсысының кездесу тарихы өз алдына бөлек әңгіме. Бұл 4 нәрсенің бұйыруы жай ғана кездойсоқтық емес, өзіндік ерекшелігі болуы тиіс. Жоғарыда айтылғандай Аманат деп қадір тұтам. Бір ерекшелігі, барған үйіме ырыс-несібе қонып, істері алға басып, кездескен кедергілерді жеңіп жатады. Жүрекжарды тілегім, ақ батамды шын ықыласпен қабыл алғандардың асыл арман-тілектері орындалып, мұрат-мақсаттарына жетуде. Оның өзі көңіліме медеу болып, қуаныш ұялатады. Өзімді бақытты сезінемін.
Алладан сұрап, ел тыныштығы, еліміздің өркендеуі, әлемдегі бейбітшілік үшін тілек тілеп, адамдарға ізгі ниетімді, ақ батамды беру — азаматтық парызым деп есептеймін.
Алдағы мақсат, Қазақстанды аралап, Ұлы Дала Еліне тамшыдай болса да, пайдамды тигізіп, жастарды Отанды сүюге, игі істерге тәрбиелеу.
Жол бойы ұшырасқан Ақ пейілді Адамдарға шын жүректен бақыт тілей отырып, бүгінгі күні еш жерде, ешкімге кездеспеген киелі көк қошқар Еламанның ерекше бейнеленген суретін ұсынбақпын. Құдай қаласа, сүрет бұйырған адамның ісі алға басып, табысы мол болып, қатарының алды болсын деп тілеймін. Алла баршаңызды жол апатынан сақтасын!
Ұлттың өткеніне деген сүйіспеншілігін оятпай, оның рухын көтеру немесе оны ояту мүмкін емес!

Рысбай Оқуұлы

(20)