«Тастамашы, ана!» кітабы қазақ оқырмандарының ықыласын аударды

Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада башқұрт жазушысы, журналист, Башқұртстан және Ресей жазушылар одақтарының мүшесі, Шайхзада Бабич атындағы Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Айгиз Баймұхаметовтің «Тастамашы, ана!» атты прозалық кітабының тұсаукесері өтті. Кітапты қазақ тіліне аударған — ақын, Жастар одағының «Серпер» сыйлығының лауреаты
Саят Қамшыгер.
Кітаптың тұсаукесеріне Баш-құртстанның астанасы Уфада тұратын Айгиз Баймұхаметов-тің арнайы келіп қатысқанын айта кеткім келеді. Шараны ақын, Халықаралық «Ильхам» сыйлығының лауреаты Дәулетбек Байтұрсынұлы жүргізіп отырды. Тұсаукесерді Ұлттық кітапхана директорының орынбасары Бақытжамал ханым бастап ашып берді. Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан, «Qazaqstan Zamany» газетінің бас редакторы, жазушы Ертай Айғалиұлы, ақын, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Әділғазы Қайырбеков кітаптың тұсаукесерін кесіп, бір-бір ауыз сөздерін арнады. Халықтар достығын нығайта отырып әдебиеттегі ізденістері үшін Айгиз Баймұхаметов «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ творчестволық бірлестігінің М.Шолохов атындағы медалімен марапатталды.
Өз кезегінде сөз алған башқұрт жазушысы бұл кітапқа өзінің балалар үйінде басынан кешкен ауыр тағдыры арқау болғанын, осы шығарма оны башқұрт, орыс, татар, чуваш, әзірбайжан, моңғол, қазақ халықтарына танымал еткенін айтты. Ол кітаптың аудармашысы Саят Қамшыгерге Башқұртстан Республикасы Мәдениет министрі Әмина Шафикованың Құрмет грамотасын тапсырды. Тұсаукесер барысында белгілі өнертанушы Жұмабек Табын, жазушы, «Таң Шолпан» журналының бас редакторы Нұрлыбек Саматұлы, Алматыдағы татар мәдени орталығы төрағасының орынбасары, жазушы Равиль Гузаиров кітап жайлы өз пікірлерін ортаға салды.
Алматы қаласы, Жетісу ауданына қарасты №108 мектептің, Бостандық ауданындағы №40 мектептің, Алматы облысы, Талғар ауданы, Белбұлақ ауылындағы №10 мектептің оқушылары «Тастамашы, ана!» кітабының желісі бойынша түрлі көріністер көрсетіп, монологтарды жатқа мәнерлеп оқыды. Алматы облысы, Іле ауданынан келген 3-ші сынып оқушысы Төлегенқызы Ұлпанның жазушымен кездесу үшін кітапханаға арнайы келіп, сұрақтарын қойып, кітаптан алған әсерін айтып жылауы, тілектерін айтып, авторға гүл ұсынуынан оқырман қауымның башқұрт жазушысының қазақшаға аударылған кітабының көңілдерді жаулап, жүректерге жеткенін байқадық.
Айгиздің бұл кітабын 30 000 оқырман оқыса, 100 000 оқырман электронды нұсқасын оқыған екен. 3000 таралыммен жарық көрген бұл қазақша аудармасы кітап дүкендерінде екі айдың ішінде таусылып қалыпты. Автормен сөйлесу барысында осы кітаптың жалғасы болып саналатын «Детство без сказок» атты кітапты Саят Қамшыгер қазақшаға аударуға кіріскенін білдік.

Айзат Рақыш

(136)