mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУДА ПРОКУРОРЛАР НЕГЕ ЕНЖАР?

Табиғатты қорғау прокурорларын Қайрат Қожамжаров осылай сынады. Бас прокурордың төрағалығымен өткен Бас прокуратура кеңесінде табиғатты қорғау прокурорларының жұмысын ұйымдастыру мәселелері қаралды. Бас прокурор табиғатты қорғау прокурорларының қызметін сынға алып, олардың енжарлығын, жұмыс тиімділігінің төмендігін, экологиялық заңнама бұзушылықтарына дер уақытында қарсы әрекет етпеулерін сынады.

«Күнсайын дерлік БАҚ-та, әлеуметтік желілерде қоғам қоршаған ортаға зиянды әсерлердің салдарынан денсаулықты қорғау мәселелерін жария талқылап жатады. Өкілетті мемлекеттік органдарға атмосфера ауасының ластануына қарсы әрекетсіздік, ауызсудың жоқтығы, тұрмыстық халдықтардың бей-берекет сақталуы, су тасқыны мәселелеріне қатысты сын бар. Мұның барлығы да экология саласындағы жағдайды жақсарту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді талап етеді», – деді Қайрат Қожамжаров. Бас прокурор Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорларының назарын су қорғау аймақтарында жер телімдерін бөлу, тұрмыстық қатты қалдықтарды жою мәселелеріне аударды. Ал Шығыс Қазақстан облысы прокурорларына атмосфера ауасының ластануы, жекелеген елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін жіті назарда ұстау тапсырылды. Ақмолалық прокурорларға Щучье-Бурабай курортты аймағын дамытуға бөлінген бюджет қаражатының тиімді пайдалануын бақылауға алу жүктелді. Маңғыстау облысының прокурорлары бортында мұнай өнімдері бар теңіз кемелерін утилизациялау проблемалары мен өндірістік қалдықтармен жердің ластануы мәселесін қаперде ұстайтын болады.

Сонымен қатар Қайрат Қожамжаров ағымдағы жылға арналған қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңдылыққа прокурорлық қадағалау тиімділігін арттыру шараларының кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды.

(15)