mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЖҰМЫС КЕСТЕСІ ҚҰПИЯ ЕМЕС

Ел басқару ісі оңай ма? Біреу «иә» деп шаттана жауап берсе, бәз біреулер күмілжіп қалары анық. Ежелгі даналар халықты басқару дегенің – лыпып тұрған алмастың жүзінде отыру деп бағалаған. Әр сағатың ғана емес, әр минутың есепте. Жүрген жүрісің мен тұрған тұрысың, сөйлеген сөзің де көптің бақылауында. Тіпті ел басқарып отырған патшаның қалай демалатыны, қандай асты сүйсініп жейтіні, қай кезде ұйықтайтыны да қарапайым жұртқа қызық.

Алдағы жоспарлары да, қай елге сапарға шығатыны да, қай елден құрметті қонақты күтіп алатыны да көптің білгісі келіп тұратын нәрселер. Демократиялы елге айналып бара жатқынымыздың бір кепілі болса керек, халық әлеуметтік желі арқылы Ел Президентінің жұмыс кестесімен танысуды қалайтынын білдіріпті. «Халық қаласа – хан түйесін сояды» емес пе? Соның жарқын көрінісі – мына хабар. Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін сыртқы саяси оқиғаларға қатысты көптеген сауалдардың келіп түсуіне байланысты Президенттің Баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы жұмыс кестесі туралы ақпарат таратты. Бұл туралы Ақорданың Фейсбуктегі ресми парақшасында хабарланды. Мәліметке сай, Мемлекет басшысы биылғы 13 наурызда Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Спикері Чон Се Гюнмен кездеседі. Ал, 14 наурызда Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон Қазақстанға ресми сапармен келеді. Сапар аясында мемлекет басшылары күн тәртібіндегі екіжақты, өңірлік және халықаралық өзекті мәселелерді талқылайды. 15 наурызда Қазақстан Президенті Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы басшыларының жұмыс (консультативтік) кездесуіне қатысады. Бұл бес жақты келіссөздердің Орталық Азияның барлық елі үшін ортақ мереке – Наурыз мейрамы қарсаңында өтуінің маңызы зор. Түрікменстанда жоғары деңгейдегі іс-шаралардың алдын ала жоспарлануына байланысты бұл елден Меджлис төрайымы А.Т.Нурбердыева ханым қатысады. Сол күні Н.Назарбаев пен Ш.Мирзиёевтің қатысуымен Қазақстандағы Өзбекстан жылының салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Сондай-ақ, екі ел көшбасшылары өнер қайраткерлерінің гала-концертіне қатысады. Сондай-ақ, 16 наурызда Мемлекет басшысы Сирия жөніндегі Астана процесіне кепіл болатын министрлік деңгейіндегі бірінші кездесуге қатысушылар – Ресей, Түркия және Иран сыртқы істер министрлерімен жүздеседі.
Бұл тараған мәліметтер Елбасының тек бір аптаға жоспарлаған жұмыстары секілді. Қарап отырсаңыз қандай маңызды шаруалар күтіп тұр. От басы – ошақ қасы емес, әлемдік саясатқа қатысты талқылаулар қаншама? Алдағы уақытта Нұрсұлтан Назарбаевтың елге беймәлім қырлары мен сырлары да айтылары анық. Қарапайым металургтен әлем таныған саясаткерге айналған тұлғаның қалың қазаққа сіңірген еңбегі орасан! Оны кім қалай бағалап жүр, мәселе сонда?!

(10)