mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Наурыз этнографиялық еске алу мерекесі ме?

Наурыз — әлем халықтары арасындағы ежелгі және жылдың жаңаруын алғаш әйгілеп, адамзатқа дәстүрлеген бірден бір бағзы замандағы мереке. Бұл дәстүрдің аталуы мен «наурыз» сөзінің таралу аумағына қарағанда, оның адамзаттық жыл мерекесі екенін мойындауға тура келеді. Отандық сарапшылар: «Саясаттың өзгеруі Қазақстандағы Наурыз мерекесіне де салқынын тигізіп келді. Мыңдаған жылдар бойы мерекеленіп келген Наурыз мейрамы, кеңес өкіметі тұсында 1926-1988 жылдар арасында жалпыхалықтық сипаттан өңірлік және ауылдық ауқымға ығыстырылды. Наурыз көптеген атрибуттық және мазмұндық тұрпатынан ажырап, қарабайырланды әрі сүреңсіз тартты. Ұлыстың ұлы күні саналатын Наурыз мерекесі кеңес өкіметінен тәуелсіздік алған түркі елдерінде ХХ ғасырдың 1988 жылдан бастап қана ресми түрде қолға алына бастады.

Алайда Наурыздың Қазақ-стандағы мерекеленуіне қарап, оның этностық мейрамнан ұлттық, мемлекеттік мерекеге айналғанына көңіл сенбейді. Мемлекеттік мерекеге айналған Наурыз мейрамын ресми мерекелеу жөнінде соңғы кездері біршама сыни пікір қалыптасты. Соның бірі — «Наурыздың мерекеленуі Жаңа жылдың аталып өту деңгейіндей емес, тар ауқымда және жұпыны» дегендей уәж. Бұған қоса, «Наурыз мерекесі бұқаралық сипаттан ажырап, сахналық кейіпке еніп, аздаған жұртшылықтың қызықтауына ғана айналған фольклорлық қойылым көрінісінен аспауда» деген де пікір бар. Қысқасы, Наурыз мерекесі уақыт талабы мен егемен елдің өміріне сәйкес бүкілхалықтық идеологиялық көз қуанышқа айналды деуге ертерек.
Шынында да, Наурыз жалпы-халықтық мерекеден гөрі, этногра-фиялық еске алу күніне айналып барады. Сондықтан да аталмыш мерекені мұндай қарабайырлықтан құтқаратын уақыт келді. Ол қазақстандық ұлы мерекеге айналсын! Оның өзіне тән белгілерін қалпына келтіріп, мерекелік ұғымдары мен мағынасын орнықтыратындай шаралар қажет. Ол үшін оған заман талабына сәйкес оның тарихи нышандары мен атрибуттарын лайықтап, қазіргі адам санасы қабылдайтындай, фольклорлық-этнографиялық ауқымнан жалпықазақстандық мереке дәрежесіне жеткізген жөн, уақыттас әшекеймен, мүмкіндіктермен байыту керек.

Ең бастысы — «Наурыздың қайнар көзін тауып, басқы кейпін қалпына келтіруге тырысқан абзал», — десе, кәнігі мамандардың тағы бір тобы: «Ресми атап өту дәстүріне 20 жыл толған Наурыз мейрамын мерекелеу үрдісін талдағанда, екі жайтқа тап боламыз:
1. Наурыз мерекесін сағына қолға алған қазақ халқы, өзінің бірнеше мыңдық тарихы бар мейрамының негізгі көріністері мен мәнінен ажырағандықтан, оның орнын бірыңғай ұлттық фольклормен сахналаумен (театрландыруды) толтырды;
2. Мерекені фольклорлық сахналау оның бүкілхалықтық мәніне кедергі болып, таптаурынға ұшырап, қазіргі кезде тоқырауға ұшыраған сыңайы бар. Аталған жайттар бізді Наурыз мерекемізді басқа, соны қырынан қарауға мәжбүр етуге тиіс. Егер біз Наурыздың этностық мағанадан бүкілелдік сипатқа тарауын қаласақ, оған нағыз ұлттық мазмұнмен бірге азаматтық мерекелік тұрпат беруге тиіспіз. Бүгінгі отырықшы өмір салтын меңгере бастаған қазаққа көшпелі өмір үрдісінен туындаған фольклорлық тұрпаттағы дәстүрдің барлығы бірдей сіңісе алмайтындығын ескеретін уақыт жетті. Оның үстіне, Наурызды тек қана қазақтар үшін мерекелеу де, елдік саяси ахуалға сыйымсыз. Қазіргі ұлттық идеологияның маңыздылығы — оған өзге жұрттардың да тартылып, оны өздеріне сіңіріп жатуына келіп саяды.
Мерекенің жалпыхалықтық сипаты барын ескеріп, оны жұрттың бәріне бірдей, тіпті, ұлты мен тегіне қарамастан жатырқамай қабылдайтындай, жарқын өмірдің үлгісіне айналатындай шаралар мен істер қажет. Мереке дегеніміз — адамдардың қызықтай жүріп, демалуына қажетті атқарылатын шаралар жыйынтығы; мерекеде бақылаушылар болмайды, бәрі де қатысушы. Ал фольклор белгілі бір этностық топқа ғана тән, сол топтың ғана қатысып, солардың игілігіне жарататын шаралары болып табылады.

Ұлыстың ұлы күнін толыққанды мейрамдауға
не кедергі?

О баста көшеге шерулетіп шығару көрінісі ретінде қалыптасқан Наурыз мерекесі көпті қызықтырғанмен, оған көпшіліктің қатысуы қарастырылмай, ол көп шығын мен ұйымдастыру күшін қажет еткендіктен, бұл шаралардың аяғы жүрдім-бардым жасалатын болды. Содан кейін, әрбір мекемені міндеттеп, қараүй тігуді шығардық та, наурыз көже пісіруді қолға алдық, сол маңда сахна жасақталып, жұрттың санаулы өнерпаздардың өнерін қызықтау жүзеге асырыла бастады. Алайда тігілген қараүйлеріміз санаулы адамдардың рахаты мен ішіп-жеу ордасына айналып тынды да, сырттан бақылайтын қарапайым жұрттың әлгі «наурызотауларға» деген алакөздігін тудыра бастады. Отауларды тігу мен күйелеш-күйелеш болып көшеде көже пісірудің де ешкімге рахат сыйламайтынына көзіміз жетті. Оған өзге этностар түгілі қазақтардың өздері жатсына қарай бастады. Алайда мерекені ұйымдастырудың басқа ешбір нұсқасы ұсынылмағандықтан, қалыптасқан жағдай сарапталмағандықтан, ұшыраған тоқыраудан шығу жолы барған сайын тұйыққа тірелуде. Ақырында, басты ұлттық мерекеміз болып табылатын Наурыз мейрамы қарабайырланып, тартымсыз күйге ұшырады. Бөлінген қаржы ішіп-жеуге кетіп, не рухани баюымызға болмаса құмарта тынығуымызға сеп болмауда. Бұл жағдайға бірнеше себеп бар.
Біреуі — ұйымдастырудағы мереке мен фольклорды шатастыруымыздан, ұлттық келбетімізді тек қана ескі дәстүрге байлауымызда, оны жаңғыртуға шорқақтығымызда, өткенімізді театрландырумен шектелуімізде.
Екіншісі — мәдениет пен руханият саласындағы ізденістің жоқтығы мен сол саладағы ұйымдастыруда қолдағы мол әлеуетті шебер пайдалана алмай, үйлестіре білмеуден туындауда. Бұған этнографиялық зерттеменің белгілі бір деңгейде тоқырап, оны жаңа заманға лайықтау ниетінің жоқтығы да қосылады. Наурызды мерекелеудің бірнеше нұсқалық жолдары бар екені, оны жөнге салу мен қоғамға енгізудің жолдары қарастырылған емес. Бар болғаны аудандық, қалалық деңгейлердегі мәдениет басқармаларының бөлін-ген азын-аулақ қаржыға ірілі-ұсақты өнерпаздарды дірдектетіп көшеге шығарумен шектелуі жүзеге асып жатыр. Ал жаппай жұртты, ұжымдарды, жанұяларды өз алдына мерекелеуге тартатындай дәстүр мен атрибуттар қалыптаспаған. Басында жаңажылдық сипаты бар Наурыз бүгінде күн мен түннің теңелу сәтін, көктемнің келуін атап өтумен ғана шектелуде. Өйткені жаңа жылдық сипатты күнтізбелік жылдың басы болып табылатын 1 қаңтар өзінің мықты да бүкілхалықтық сипатымен, идеологиясымен, жасанды жолмен толыққан атрибуттарымен, қалыптасқан индустриясымен Наурыздан «тартып алды». Сөйтіп, Наурыздың әуелгі жылды айырбастау мәні быт-шыт болды да, ескі жылдың қысы жаңа жылға телініп шыға келді. Әрбір жылға айуандық астрологиялық сипат берген Наурыздың о бастағы мазмұны тәрк етілді. Қысқасы, Наурыз мерекесі шаралар тұрғысынан ғана емес, мазмұндық жағынан да жұрдай етілуде. Бай мазмұн мен мәннен жұрдай бола бастаған ұлы да айтулы Наурыз секілді мерекені арашалау, ұлттық намыс пен рухани болмысымызды жаңғыртудың, оларға жаңа тыныс берудің ізденісі нәтижесінде ғана жүзеге асатынын ұққанымыз жөн. Сондықтан да Наурызға араша боларлық іргелі ізденістер мен әрі тарихи, әрі уақыттас шаралар керек. Ең бастысы, шектеулі топтың сахналаған көрінісін қызықтаумен емес, жұртшылық болып жанұямызда мейрамдайтын мерекелік дәстүр мен атрибуттарды қалыптастыратын мезгіл жетті. Наурыз тарихын саралай отырып, отырықшы өркениеттер оның шаруашылыққа қолайлы күнтізбелік қана мәніне назар аударып, ал көшпелі түркілер Наурыздың теологиялық-мифологиялық мазмұнын барынша маңызды деп санаған. Оған дәлел, ежелгі парсылық жазбалардағы Наурыздың күнтізбелік шежіресінің ғана хатталуы болса, ал көшпелілердің Наурызды мерекелеуі сол отырықшы өркениет өкілдерінің таңданысын жасыруға мұрша бермей, олардың барлық ғұрыптық, жоралғылық рәсімдерінің қағазға түсуі еді.

Және де отырықшы жұрттар күнтізбені шаруаға қолайлы болу-болмауына барынша мұқият болса, көшпелілерде наурызға деген көзқарас ғұрыптық, жоралғылық рәсімдермен айшықталған. Бұл — олардың Наурыз мерекесіне деген теологиялық мәнді жоғары қоюының дәйегі. Осындай жазбаны А.Сейдімбекұлы: «… Грек тарихшысы Квинт Руф (б.з.д. І ғ.) өзінің «Ескендір жорығы» деп аталатын еңбегінде Орта Азия көшпелілерінің ұлыс тойын қалай тойлайтынын тамсана жазады. Ұлыстың ұлы күні таң шапақ шашып, күн шығар сәтте қаған ордасының үстіне күн бейнелі жалау көтеріліп, ілініп қойылған. Сондықтан да, Ұлыстың Ұлы күні аталған Наурыз иісі мұсылман халқы үшін аса ұлық мереке»,— деп келтіреді. Аузымызды аққа толтырған, бір төлімізді екеу, екеуін бесеу қылып, қорамызды малға, төрімізді жанға толтырған құт Наурыз да, міне, 20-ы рет босағамызды аттап келіп тұр. Наурыз мейрамы аясында міндетті түрде атқарылатын рәсімдер баршылық. Мәселен, наурыз көже дайындалады, көңілінде кірбіңі барлар татуласады, адамдар бір-бірінің үйіне кіріп, құтты болсын айтады, бұлақ көзін ашады, алдын ала үйін, ауласын кір-қоқыстан тазартады, Жер иесі — Қыдыр ата елді, үйді аралап, бақыт сыйлайды, бата береді деген сенім-наным және бар. Осының бәрі адамдардың өзара сыйластығын, түсіністіктерін бекіте түсу үшін қажет.
Демек, Наурыз мейрамы мемлекеттілікті сақтаудың басты шартын ғана көрсетіп қоймайды, мемлекеттілігін қалыптастырған халықтардың болашаққа ұмтылысын да бейнелейді.

(34)