mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

МҮГЕДЕК БАЛАЛАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫН КІМ ОЙЛАЙДЫ?

Мәжілістің жалпы отырысында Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин Президенттің бес әлеуметтік бастамаларына айрықша назар аударды. Аса маңызды тарихи Үндеудің мәні мен маңызына жан-жақты тоқталған Мәжіліс Төрағасы Парламент Елбасының әлеуметтік бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге дайын екенін жеткізді.
— Елбасының әлеуметтік бастамалары бүгінде халқымыздың кең қолдауына ие болды. Себебі, ол бастамалар әрбір азаматқа, әрбір отбасына бұрын болмаған ерекше мүмкіндік жасап отыр. Сонымен бірге, еліміздің дамуына да жаңа серпін берді. Сондықтан, біздің, барша депутаттардың ендігі негізгі міндеті — Президентіміздің осы ірі бастамаларын өз уақытында, сапалы заңдармен қамтамасыз ету, — деді Н.Нығматулин. Отырыс барысында бірқатар ратификацияланатын заң жобалары депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Жалпы отырыста Парламент Мәжілісі депутаты М. Магеррамов қазақ қоғамындағы мүгедектер проблемасын көтерді. Қатыгез нарық заманында дені сау адамдардың өзі күйбең тіршіліктің арбасына жегіліп қалт-құлт етіп жүргенде, тағдырдың жазуымен мүгедек болып қол арбаға таңылғандардың жағдайы керемет деп айту қиын. Осыны жақсы білетін депутат өзінің өзекті сауалын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымоваға жолдады.
Бірден айтайық, аталмыш сауал мүгедек балаларды қажетті кресло-арбамен қамтамасыз ету мәселесін қамтиды. Онда бүгінгі қолданыстағы арнайы арбаларды беру жүйесі ерекше мұқтаждықтары бар балаларға қажет талаптарға жауап бермейтіні айтылған.
«Берілетін ауыр, қолайсыз мүгедектер арбасы мүгедек балалардың ахуалын нашарлатады, омыртқаларының қисаюына, дене терілерінің ойылуына және депресиялық жағдайға әкеліп соқтырады. Мұндай арбалар балаларды алып жүруші адамдарға да қиындықтар туғызады, өйткені ол арбалармен қалада қыдыру, қоғамдық көлікпен жүру, пандустарға көтерілу және ғимарат ішінде қозғалу қиын» дейді депутат сауалында.
Рас, көп жағ-дайда мүгедек адамдар, қиналған балалар бұл арбаларды алуға мәжбүр. Себебі жоқтан жақсы. Алайда сүйегі ауыр. Зілдей! Өздері ақша шығарып ыңғайлы жеңіл арбаларды алуға қаржылық қиындықтар кедергі. Ал Үкімет көмегі саналатын арбаларды көпшілігі пайдаланбайды десе де болады. Оның мәнісін жоғарыда айттық.

(12)