Жеті қазына жылы мейірімге, иманға, берекеге, ынтымаққа толы бейбіт жыл болсын!

Бүкіл түрік халықтарының төл жаңа жылы әз-Наурыздың орны бөлек. Қадым заманнан тойланып келген жаңа жылымызды Қызыл империя жойып жоқ қылғысы келді. Шүкір, Тәуелсіздігіміздің таңы жарқырай атып, ұлыстың ұлы күні әз-Наурызымызбен қайта қауыштық. Сағынтып келген жаңа жылымыздың алтын күрек самалы қытымыр қаһарлы қыстың қасаты қарын-майдай ерітіп, оны әп-сәтте жылғалардан сылқ-сылқ күліп аққан бұлақтарға айналдырады. Қалың күпсе қарды нәзік саусақтарымен итере-митере күлім қағып бәйшешек гүл шығады. Міне, осы күлім қаққан нәзік, бірақ батыр бәйшешекпен бірге Амал келді, жаңа жыл келді! Түрік жұрты, оның ішінде қазағымыз ұлттық киімдерін киіп, құшақтарын бір-біріне айқара ашып көріседі. Кеше бұл көрісуді ынтымақ-бірлікке балап, батысымыз бастады. Бізде, бәріміз де қолдайық, көрісейік, ағайын!

 

 

 

 

 

 

 

Мінеки, бірде баладай мәз етіп қуаныш сыйлаған, бірде қабағын түйген кезекті тауық жылы да Тарих баба қойнауына домалап кетті. Табысымыз егін ырғын болды, қуанышымыз тәуелсіздігімізге 26 жыл толды. Ең бастысы халқымыз ынтымақ бірлігін ту етті, тыныштығымыз елімізді әлдиледі. Осыған сансыз шүкіршілік етейік! Қыздарымыздың мерекесі қарсаңында «Президентіміздің 5 әлеуметтік бастамасы» көктемнің шуағындай бүкіл елімізді дүр сілкіндірді. Осындай бастамалар көбейіп, кедейшілік, баспанасыздық жойылып, еліміз бай болса деген аналық ақ жарма тілегім бар.
Көңілі қарақты оқырман білетін ресми жаңа жылдың екі айында газетіміздің аты өзгеріп, латын әрпімен («Qazaqstan Zamany») келді жарық дүниеге. Газетіміз ауыл-ауылды, қала-қаланы адақтады. Қоржын-қоржын жинағанын қалың ел назарына паш еттік. 26 жыл бұрын Елбасымыз ашып, батасын берген газетіміздің басты көздегені ел тыныштығы, ынтымағы, бірлігі болды, имандылық нұрын шашты. Ұлттық мүддеге, тіл майданына, жер мәселесіне, рухани жаңғыруға батыл үн қосты, әлсіздерге шырылдап ара түсті, қараң күштілерге айбат шекті. Оқырман көзайым тілектерін гүл етіп жаудырып жатыр. Біздің газетімізге жазылған сіздерге мың алғыс! Осы жылы да еліміз сергек, еңбекқор болсын! Егініміз бітік, мұнайымыз өзен, зауытымыз нөпір, шекарамыз берік, бір-бірімізге дос, серік, қыздарымыз көрікті, жігіттеріміз бөрікті, қоржынымыз тоқ, қайғымыз жоқ болғай. Жиырмаға келер Астанамыз асқақ, қазағымыз абыройлы, қазанымыз қайнаулы, өміріміз жайнаулы болсын! Наурыздан наурызға жете берелік! Ұлымыз отыз, қызымыз қырық үйден тыюлы, тәрбиелі, иманды, рухты, намысты, бақытты өмір кешсін! Әмин!

Зор құрметпен,
Сәуле Мешітбайқызы

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

(52)