Балақай зорланды ма, таяқталды ма?

 Қазір жаңалықтың таралуы өте жылдам заман. Сарыағаш ауданы Абай ауылындағы Ө.Жәнібеков атындағы мектептің бірінші сынып оқушысын көрші Ж.Баласағұн атындағы мектептің жоғары сыныптағы үш оқушысы зорлады деген мәлімет «С-ИНФОРМ» газеті арқылы бүкіл елге лезде тарады. Әлеуметтік желіде жарияланған мәліметтерге сүйенсек, 6-8 сыныптың бірнеше оқушысы бірінші сыныптың оқушысын алты ай бойы зорлап келген. Бұл жөнінде баланың өзі үлкен балалар ескі үйге, сарайға, әжетханаға кіргізіп ұрғанын, аузын байлап, шалбарын шешіп, зорлағанын айтады. Бұдан кейін баланың әжесі де немересінің киімі лас болып келгенін, тамаққа тәбетінің жоғалып, ұйқысы бұзылғанына шағымданған.

7 жасар бала өзіне не істелгенін толыққанды түсінбегендіктен жағдайды ешкімге айтпағанға ұқсайды. Әйтсе де, кейіннен тағы да мектептен қайтқан оны бұрынғы балалар жолда тоқтатады. Шағымданушылардың алғашқы сөзіне сенсек, бұл жолы бұрынғы екі баланың қасында өзге де достары болған. Олар тағы да өздерінің күштерінің басымдығын пайдаланып, 7 жасар баланы тасалау жерге апарып зорлаған. Баланың әжесі бұл оқиғаның бірнеше рет қайталанғанын айтқан. Тек арада бірнеше күн өткен соң немересінің денесінің көгеріп, өзінің ауырсынып жүргенін байқаған. Міне осы сәттен кейін ол ізденуге кіріскен.

Әжесі алғашында осылай деген. Кейін жағдай күрт өзгеріп, мәселе шым-шытырыққа айналды. Кешегі күні Облыстық білім басқармасында баспасөз мәслихатын өткізген Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов біраз жайтты мәлім етті. Өкінішке қарай, осы жиында үлкендер тарапынан қызды-қыздымен жәбірленуші бүлдіршіннің аты аталып, түсі түстеліп кетті. Ал, зорлады деген күдіктегі оқушылардың есімі құпия қалдырылды. Бұл қалай болғаны? Сонда күдіктілердің болашағы алаңдатады да, жәбірленушінің болашағы ойыншық болғаны ма? Жә, енді бұл өз алдына бөлек тақырып, ал біздің бүгінгі айтпағымыз басқа мәселе.

Шыны керек, «қазір бала зорланды ма, әлде таяқталды ма?» деген мәселе қызу талқыға түсуде. Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Құрбанәліұлы баланың зорланбағанына сенімді секілді. Өйткені, оның «Алғашқыда жәбірленушінің әжесі тиісті орындарға немересін «зорлады» деп емес «ұрды» деп шағымданған. Кейінгі шағымында «зорлаған» деп көрсетіпті. Алайда, арнайы сараптама мұны жоққа шығарып отыр. Сол себепті жалған мәлімет таратқандар да, жала жапқандар да жауапқа тартылады. Аталған мәлімет расталар болса мен де қызметтен кетуге дайынмын», – деген сөзінен осыны байқауға болады. Ал күдікке ілінген оқушыларға қатысты пікірі мүлдем бөлек. «Біреуі 7 сынып, екеуі 8 сынып оқушылары. Олардың екеуі волейболға, біреуі футболға қатысады. Сабақ үлгерімдері орташа. Бұған дейін бұзықтық жасамаған, тәртіпсіздік бойынша есепке ілінбеген. Ол балалармен өзіміз де сөйлестік, өте жуас», – деді ауданың бас педагогы.

Әрине, бұл жерде кімнің дұрыс, кімнің бұрыс айтып отырғанын анықтау қиын. Дегенмен көкейдегі көп сұраққа нақты жауап табу үшін бірнеше адамға хабарласуға тура келді. Алғашқы хабарласқынымыз, Ө.Жәнібеков атындағы мектептің директоры Үбайда ҚОЖАГЕЛДИЕВА болды.

– Ол бала дайындық топты көрші Ж.Баласағұн мектебінде оқыған. Қыркүйекте әжесі «немерем балалармен ұрысып қала береді» деген соң мектебімізге қабылдағанбыз. Дау қазір туындап жатқанымен, оқиға тамыз айында болған. Ол кезде бала бізде оқымайтын. 14 қаңтар күні жасөспірімдер ісімен айналысатын полиция қызметкерлері хабарласып, осындай оқушы бар ма деп сұрағанда тауып бергенбіз. Баланың шешесі басқа қалада жұмыс істейді. Ол өз анасы мен нағашы әпкесіне сенім хат беріп кеткен. Нағашы әпкесі «баланы ұрады» деген себеппен мектепке жиі келетін. Тіпті болмаған соң сынып жетекшісін шақырып, баланың сабағына ата-анасының қатысуына, сабақ біткен бойда өзімен бірге ертіп әкетуіне рұқсат бергенбіз.

Кейін жайсыз оқиға жайындағы сөз шыққанда «5-6 сыныптың оқушысы ондай әрекетке бара ала ма?» деген ой келді. Бұл жөнінде психологтардан да, ер мұғалімдерден де сұрадым. Баланың жағдайын сараптамадан да өткіздік, ешқандай белгі жоқ. Тіпті, күдікті деген оқушыларды да тексерді. Егер зорлағаны рас болса сараптама арқылы олардан да анықтауға болады екен.

Ішкі істер бөлімі арызды қабылдамай жатыр деген әңгіме шыққан күні бірінші сабақта арнайы сыныпқа кіріп, баланың мінез құлқын, жүріс-тұрысын бақылап көрдім. Ешқандай күдік, өзгеріс байқалмады. Шынымен сондай жағдай болса бала отыра алмау керек қой. Басқа да белгілер болатын шығар. Содан психологты шақыртып, баладан өзге қылық байқала ма деп сұрадым. Ол кісі арнайы тест алғанын, бәрі ойдағыдай екенін айтты. Тек оның ойы анасын көру екен.

Үйіне де барып, үлкендерге баланың болашағын ойлау керектігін ескерттік. Көршілерімен сөйлестік, әжесінің бәрімен жиі ұрысып, жанжалдасып жүретінін айтады. Қазір қорғаушының айтуымен бала сабаққа келіп жүрген жоқ.

 Құрманғазы МҮСІР, жәбірленушінің сенімді өкілі:

«Зорлықтың болғанына 101 пайыз сенімдіміз»

– Кез келген қылмыстық іс тергеліп жатқанда тергеушінің мәліметті үшінші, төртінші тарапқа бере алмайды. Тергеудің әлі бестен бірі де аяқталған жоқ. Ал, құпия сақталуы тиіс мәлімет әркімнің қолында жүр. Тіпті, кеше Білім және ғылым вице-министрі «зорлау болмаған» деп мәлімде жасады. Астанада отырып, ол шалғай ауылдағы жағдайды қайдан біледі? Ал бүгін еңбек демалысына кетіп қалыпты.

Тергеу бітпей тұрып, ондағы мәліметтер жария болмауға тиіс. Бұл заң талабы. Тергеушінің тәжірибесіздігі дейміз бе, өз жұмысына жауапкершілікпен қарамауы дейміз бе, қалай десек те құпия жүргізілуі тиіс қылмыстық істің деталдары көпшілікке жария болды. Мүмкін біреулер тарапынан қандай да бір қысым болған шығар. Бұл үшін тергеуші жауап беруі керек. Тіпті, жәбірленушінің атын атап, сараптама қорытындысын жариялап, тергеу аяқталмастан баспасөз мәслихатын өткізудің өзі заңға қайшы.

Айтылып отырған сараптама да заңсыз. Мұндай жағдайда сараптаманы хирург-проктолог маман жасау керек. Көріп отырмыз, сараптама қорытындысында ондай маманның қолы жоқ. Елімізде ондай маман бар. Қажет болса Ресейден маман алдыртып, қосымша сараптама жасатамыз. Қысқасы, бірінші сыныптың оқушысына қарсы зорлықтың болғанына біз 101 пайыз сенімдіміз. Оны дәлелдейміз де. Сол кезде өтірік сараптама бергендер де, өз жұмысына немқұрайлы қарағандар да заң алдында жауап беретін болады.

Қазірдің өзінде бұл мәселеге республикалық деңгейдегі қолдаушылар табылып жатыр. Сондықтан шындықтың үстемдік құруы үшін осы мәселені еліміздің Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров мырза өз бақылауына алса деген ниетіміз бар.

Бұдан кейін біз оқушылары көрші мектептің оқушысын зорлады деген айып тағылып отырған осы Абай ауылындағы Ж.Баласағұн мектебінің директоры Бибіткүл Селтановаға да хабарласып, пікірін білмек болғанбыз. Бірақ, ол кісінің телефонына қанша соққанымызбен, «вне зоне» бола берді. Бәлкім айқау-шудан мезі болған директор телефонын өшіріп, бір сәт тыныққысы келген де болар. Бірақ, кейін пікір білдіргісі келсе тыңдауға әзірміз.

Осы күні жәбірленуші бала әжесімен бірге Алматыға, экспертизадан өту үшін жолға шығуы керек болатын. Алайда, оны полицейлер жолдан ұстап қалып, кеңсеге алып келген. Мұның себебін сан-саққа жүгірткендер көп болғанымен, жасөспірімнің құқын қорғау үшін арнайы Шымкентке келген Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева түнгі сағат 1-ден асқан уақытта баспасөз мәслихатын берді. Оның айтуынша, полицейлердің баланы әжесімен бірге кеңсеге алып кеткені дұрыс шешім болған екен. Себебі, онда бала үнемі психологтар мен жақындарының қамқорлығында болады. Сондай-ақ, ол өз сөзінде оқушының қазір өзін жақсы сезінетінін де атап өткен. «Қазір оны тергеушілер де, қорғаушылар да, тіпті өзім де сұрақтың астына алуға құқымыз жоқ. Бала дұрыс демалып, дамып, сабағын оқып, уақтылы теледидар көруі керек», – деді З.Балиева ханым. Ал, комплексті сараптама баланың медициналық тексеруге дайын болған кезінде бір-ақ жасалады екен.

          Шадияр Молдабек,

          Оңтүстік Қазақстан облысы.

(22)