mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Өзбектер той шығынын заңмен реттемек

«Хабар 24» телеарнасы: «Өзбекстан билігі тойдағы ысырапшылдыққа жол бермеу мақсатында тойдың өтетін уақытын, шақырылатын адам мен кортеждегі көліктің санын заңмен қысқартпақшы. Жастардың серуенге шыққанда жүретін қымбат көліктерінің саны да қысқартылуы мүмкін.

Сағатқа да шектеу қойылады. Қазір көрші елде той мен жиын өткізу рәсіміне қатысты арнайы құжат әзірленіп жатыр»,— жеп хабарлайды. Жоба көпшіліктің талқылануынан кейін барып Парламентте бекітілмекші. Ташкент қаласының тұрғыны Бурибой Кудратов: «Қазір елде үйлену тойы мен ас беру кезіндегі ысырапшылықты қысқарту мәселесін халық қызу талқылап жатыр.

Бірі — бұл атадан келе жатқан салт десе, енді бірі — құр дабырашылық деп отыр. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары тіпті ас берудің өзі бәсекеге айналып барады. Кейбір азаматтар қарызға белшеден батса да дүркіретіп той жасауды әдетке айналдырған. Қазіргі таңда біреудің үлкен дәмханаларда той өткізуге қауқары жетеді, кейбіреуінің оған шамасы жоқ. Тұрмысы төмен адам оны көрген соң қалғысы келмейді. Бұл қазіргі заманда той құр ысырапқа айналып барады дегенді білдіреді. Дастарханда тіпті ыдыс қоятын жер қалмайды. Соны көрген біз сияқтылар тыраштанып, соңында қарызға батамыз.

Негізі бұл дұрыс көтерілген бастама деп ойлаймын»,— дейді. Осыдан біраз уақыт бұрын Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев жұртты үйлену тойын қарапайым етіп өткізуге шақырған еді. Тіпті аста-төк той жасау мен ақша шашуды сынап тастаған. Мемлекет басшысының осы ескертуінен кейін жасалынып жатқан құжатта тойға шақырылатын қонақтар саны 150 адамнан аспауы керек деп көрсетілген. Дастархан мәзірі де соған қарай ықшамдалады. Республикалық Махаллалар комитетінің өкілі Лазиз Рахматов: «Кейбір тойларға тіпті мыңнан 1,5 мыңға дейін қонақ келіп жатады. Оны игерудің өзі мүмкін емес.

Қаншама қазан көтеріледі. Ысырап көп. Атын шығарғысы келсе, жетім-жесірге қол ұшын созсын. Халық артық ақшасын игі істерге жұмсаса, қоғамдағы кемшіліктер түзеледі. Осы тұрғыдан алғанда, бұл шара — дұрыс. Той өткізбесін деген шектеу жоқ. Тек артық шығынға жол бермеу»,— десе, Яшнабад ауданының депутаты Азиза Пидаева: «Жас жұбайлар серуенге шыққан кезде олармен бірге еріп жүретін қымбат шетелдік көліктер саны қысқартылады. Бұл жол қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндік береді. Ықшамды болса, той өткізген адамға да тиімді. Уақыты бойынша кешкі онға кейін той тоқтатылады.

Демек, жұрт ертеңіне жұмысқа кешікпей барады. Оған қоса жастар түн мезгілінде бейуақыт жүрмейді. Шағын болса екі тарапқа да тиімді. Бұл жоба әлі көпшілікке түсіндіріліп жатыр»,— дейді . Осылайша көрші елде той-думанды жарияға жар салып емес, қарапайым етіп өткізу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Бұл той-бизнесінде жүрген кейбір жандарға кері әсерін тигізуі мүмкін. Мамандар болса: «Дегенмен бұл — ұлт үшін жасалып жатқан игі бастама»,— деген пікірде. Бұл бастама біздің елге де үлгі болса қанеки?

(11)