Әр үйде қазақы бір бұйым болсын!

«Елмұра» компания директоры Салтанат Өмірәлі:

Көшпелі қазақтың тұрмыс тіршілігіне, болмысына, әдеп-ғұрпына сай осы күнге жеткен ұлттық бұйымдарымыздың жасалу тарихына қызықпайтын адамдар кемде-кем. Қолдан жасалатын таза табиғи өнімдердің сұранысы өз елімізбен қоса, алыс-жақын шетелдерде де артып келеді. Адамдардың барлығы болмаса да көбісі сыйлықтан бөлек күнделікті тұрмыс тіршілігіне қажетті зат ретінде қолдана бастағаны көңіл қуантады. Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрді толықтай сақтап қала алмасақ та, олардан қалған бұйымдарды қайта жаңғыртып, өз заманымызға сай етіп жасап жатқаны аздап болсын көңілімізге демеу. Бүгінгі кейіпкеріміз әр үйдің дастарханында ең болмаса қазақылықтың иісі шығып тұратындай бір зат болсын деген сөзді ұран еткен Салтанат ханыммен ұлттық бұйымдар туралы, кәсібі жайлы аз-көпті сұхбаттастық.

— Салтанат ханым, осы кәсіпке келуіңізге не түрткі болды?
— Негізінде біз сыйлық ретінде ұлттық бұйымдарды алуға үлкен сауда орталықтарына барамыз. Алайда ол жердегі заттардың бағасы удай. Ақшалы адам ғана алмаса, былайша қарапайым адамның қалтасына салмақ түсіретін бағада сатылады. Ал базардағы өнімдер арзан болғанымен, сапасы нашар болып жататыны бар. Сол себепті мен нарық бағасымен қоса, халық арасында қандай зат сұранысқа ие және оларға қолжетімді етіп шығару үшін іздендім, оқыдым. Ақыр соңында өз мақсатыма бірнеше қадам болсын жақындадым деп ойлаймын.
— Қазір кәсіп ашу тек қомақты ақшаң немесе демеуші адамың болу керек деп жиі айтылады. Сіз осы сөзге қосыласыз ба?
— Жоқ, келіспеймін. Мен «Елмұраны» ашу үшін қаншама еңбек еттім. Алайда қомақты ақшамен бар жағдайымды жасап отырып аша салғаным жоқ. Мен осы кәсіпті ашамын деп армандадым. Дұрыс мақсат қоя білсең ол ақшасыз да міндетті түрде орындалады. Адам өзі жасаған ісінен ләззат ала отырып, бар ынтасымен істесе ғана жетістікке жете алады деп білемін.
— «Елмұра» атты журнал шығарады деп естідім. Оқырмандары көп пе?
— Ия, ондай журнал және сайтымыз бар. Компанияның негізін қалаудағы мақсаттарымның бірі адамдарға өнімді ұсынып қана қоймай, халқымыздың салт-дәстүрін дәріптейтін ақпарат құралын ашу еді. Ұлттық бұйымдарымызды сатып алғанымен оның шығу тарихын, ата-бабаларымыз қалай қолданғанын кей сатып алушыларымыз білмей жатады. Сондықтан оларға мағлұмат беретін журнал ашуды жөн көрдім. Қазір журналымызды алушылар көп. Біз оны халыққа тегін таратып отырамыз.


— Ұлттық бұйымдарыңыздың сан-алуан түрін көріп таң қалып отырмын. Осыншама еңбекті жасау қанша шебердің мойнында? Өздеріңіздің арнайы цехтарыңыз бар ма?
— Бізде шағын ғана цех бар. Ал ол жерде осыншама дүниені жасап шығару мүмкін емес. Сондықтан мен әр өңірдің шеберлерімен жұмыс істеймін. Тапсырыс беріледі, олар жасап жібереді дегендей. Қазақ шеберлердің қолы алтын десем де артық болмас. Өйткені олар бір өнімді жасау үшін маңдай терін ағыза отырып қаншама уақытын жоғалтады. Бұл дегеніміз олардың еңбегі орасан зор деген сөз. Шебер адам өзі жасап шығарғанымен, сатумен айналысу қиынға соғады, сондықтан біздің компания олармен тікелей байланыс орнатып жұмыс жасап жатыр. Елімізде отандық өнімді жасайтын ірі компаниялар көп болғанымен мен үшін әр шебердің қолынан шыққан зат ерекше қымбат. Таза қолмен жасалған бұйым әрқашан өз құнын жоймайды.
— Қазақтың ұлттық бұйымдарына деген сұраныс шетелде қандай? Сіздер алыс-жақын елдерге көрме өткізіп тұрасыздар ма?
— Біз Елбасымыздың қолдауымен басқа елдерде көп болдық. Сонда байқағаным, біздің ұлттық бұйымдарға деген қызығушылық өте жоғары. Мысалы, біз көрме өткізіп қайтқан Германия, Дубай, Түркия және тағы басқа қалаларда сұраныс өте жоғары. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш деп ойлаймын. Сондықтан біз кәсібімізді дамытып, өркендетуге білек сыбана кірісіп кеттік.
— Ұлттық бұйымдардың сан түрі бар. Компания көбінесе қандай тауарларды нарыққа шығарады?
— Біз ағаш, киіз және терімен жасалатын ұлттық бұйымдарды жасап шығарамыз. Тек бір өнімді жасап оны халыққа ұсына бергеннен гөрі, ұмытыла бастаған көне жәдігерлерімізді қайта жасап шығару қай жаққа болсын қызықты болады. Себебі кей адамдар тіпті қамшының не екенін білмей жатады. Оларды біз сол үшін күнәлай алмаймыз. Совет үкіметі біздің салт-дәстүріміз ескіліктің белгісі деп жоюға тырысқанымен, аман-есен бүгінге жетіп отыр. Сондықтан біз ескіні жаңғыртып, жас ұрпаққа айтып жеткізу парызымыз деп санаймын. Сол себепті, біздің компания ұлттық бұйымдардың барлығын жасай береді және әр сатып алушыға алып жатқан затының мағынасын, шығу тарихын қысқаша баяндап бергеніміз қызықты болуымен қатар, ұлттық бұйымдарға деген құрметін одан сайын жоғарлата түседі.
— Әр бұйымға қолданылатын ою-өрнекпен қоса дизайны өте маңызды. Сіз қандай дизайнерлермен жұмыс істейсіз?
— Біз ең алдымен ұлттық бұйымдарымызды шетелге көп шығаратын болған соң сапасына қатты көңіл бөлеміз. Сосын сіз айтқандай ою-өрнегіне, сыртқы дизайнына мән береміз. Өйткені сырты жылтырап тұрғанымен ол сапасыз болса оның қажеті не? Әзірге біз ешқандай дизайнерлермен жұмыс жасап жатқанымыз жоқ. Алланың берген дарыны шығар, осы іспен өзім айналысамын. Кішкентай кезімнен шығармашылыққа, суретшілікке жақын болып өскендіктен өзім жасауды жөн көрдім.
— Сонда сіз арнайы кәсіп үшін дизайнерлік оқуын оқыдыңыз ба? Бірнеше жұмысты қатар алып жүру әйелзаты үшін ауыр жүк деп ойламайсыз ба?
— Жоқ, мен дизайнерлікті арнайы барып оқымадым және өзіңізге айтып кеткенімдей суретшілік қабілетімді одан әрі шыңдап, жалғастырып алып кеттім. Өзім бұл салаға қатты қызығатын болған соң өз-өзімді дамыту аса қиынға соқпады, қайта маған шабыт берді. Әйел адам қанша нәзік болса да, сонша күш-қуаты бар. Тек сол күшін өз сүйікті ісіне, кәсібіне жұмсай білсе ғана ешқандай ауыртпалық болмайды деп ойлаймын.
— Әйелдер мерекесіне және көктемнің алғашқы күніне орай біздің газет оқырмандарына айтарыңыз?
— Алланың ерекше, нәзік жаратылысы әйелдер мейрамы мінеки келіп қалды. Ол күн көктемнің алғашқы аптасына сай келіп, былай қарасаң бір-бірімен ерекше үйлесім тауып тұр. Барша әйелдер қауымын біздің компания атынан құттықтаймын! Отағасының тірегі, балаларының қамқоршысы, бір әулеттің ибалы келіні атанып отырған қазақ әйелдері әрқашан құрметке лайық! Және БАҚ өкілдеріне арнайы алғысымды айтамын. Біздің жұмысымызды көпшілікке танытып, кеңінен насихаттап жатқан сіздерсіздер. Сондықтан газет ұжымына тек шығармашылық табыс тілеймін!
— Аз уақытта бізді көп мәліметке қанық қылған сізге де рақмет!

Сұхбаттасқан — Айман Рамзия

(18)