ҚОС КЕЛІН

Кегеннен келген Күләйхан Есіктегі ескі танысының үйіне түскен. Түскені бар болсын, түнімен үй иесінің мазасын алып, баласының да берекесін кетіріп, ауырып шықты. Асқазаны бүріп әкетіп бара жатқан соң, бір уыс болып бүк түсіп жатты да қойды. Көрер таңды көзбен атырған ол ертеңгілік әл-қуаты кетіп, құр сүлдері қалды. Сүйретіле жүріп, «Жедел жәрдемге» отырды да, ауруханадан бірақ шықты.
Баласының шаруасы жайына қалды. Бала демекші, Бағланы оныншыны бітірген соң шамасына қарай оны шағын қаладағы техникумға түсірмек оймен осында әкелген еді. Өзі болса күйеуінен үш қызымен жас қалған-ды. Қазір сол үш қызы да бой жетіп, тұрмыс құрып, өз алдарына кеткен. Ендігі бар қызығы — Бағланында. Шынын айтса, Бағланы жалғыз інісі Серғазының ұлы. Серғазы ол кезде Мәнсияға үйленген болатын. Пендешілік-ай десеңші, енді ойлап қараса, солардың ортасына түсіп, араларын суытып жібергеніне бүгінде әжептәуір қиналады.
Мәнсия дәрігерлік училищеде оқып жүргенде-ақ Серғазы онымен көңіл қосып, бір-біріне деген сүйіспеншілігі ояна бастаған-ды. Сол жылы Серғазы да Алматыдағы ауылшаруашылығы институтына түсті. Оқудан қалт еткен сәтте ол Мәнсияға тартып отыратын. Сөйтіп жүргенде көңіл жарастығы баянды болып, әне-міне дегенше үш-төрт жыл да өте шығып, соңғы курсқа аяқ басқанда Серғазы Мәнсияға үйленіп тынды. Көп кешікпей дүниеге Бағлан келді. Оқуларын бітірген соң олар ауылда әкесінің отын сөндірмей, түтінін түтетіп, әпкесімен бірге тұрып жатты. Күләйхан болса, ағарту саласында істейтін. Жоғары білімді інісінің Мәнсияға үйленуіне әу баста-ақ қарсы болған. Ақыры келін боп түскен соң оның жүріс-тұрысынан кінә тауып, түртпектей берді. Серғазы әпкесінің айтқанынан асып қайда барсын, ығынан шыға алмады. Қашанғы шыдасын, бір жылдан соң Мәнсия кетіп қалды. Күләйхан болса, Бағланды алып қалды да, көп кешікпей өз атына жаздырып алды. Содан бері де он бес жылдың жүзі болып қалыпты-ау, қарап отырса.
Тағдыр дегенді қойсаңшы, сөйткен Мәнсия Күләйханның алдынан тағы шықты. Әл-дәрмені құрып, ауруханаға түскенде алғаш оның аузына су тамызып, дәрі-дәрмек беріп, ине салған Мәнсия болды. Жаны қиналып жатқанда кіріп келген ақ халатты қараторы келіншекті көріп, ә дегенде аңтарылып қарады да қалды. Артынша бірден таныды. Бір сәт дәрігер алдында төменшіктеп, тіпті ауырғанын да ұмытқандай болды.
Ол алғашқы дәрігерлік көмегін көрсетіп жатыр. Күләйханды таныды. Әрине, басын изеп, жәймен ғана амандасты. Кегеннен келе жатып, жол-жөнекей жағымсыз тамақ жеп, бұл уланып қалса керек. Мәнсия ғой, арада ештеңе болмағандай бар күтімін, жағдайын жасап, бәйек болды да қалды. Тіпті өзгелерге қарағанда бұған ерекше ықыласты көрінді. Үйінен шәйнек, шай әкеліп бергенде Күләйхан қарадан қарап қысылды. «Апыр-ай, кезінде жаратпай, Серғазыдан айырып жібергенімді қарашы, өзінің тағдырына араласқанымды ұмытқандай, Мәнсия маған неге мұнша бәйек болады?» деген ой мазалаумен жатты. Ауруханада дәрігердің шипалы қолынан ем алып, оншақты күнде тәуір болып шықты.
Ол осында, палатада жатқанда Бағлан жиі келіп тұрды. Бірақ Күләйхан оны алғашқыда Мәнсиямен кездестірмеудің амалын қарастырды. Дәрігер жоқта терезеден жолықтырып, сабағыңа әзірлен дегенді сылтау етіп, тез қайтарып жіберіп жүрді. Кей күндері тіпті жолатпады.
Жазылып шығар күні ғана ол Мәнсиямен ашыла сөйлесті.
— Мәнсия қарағым, кешір мені, сенің жан-дүниеңді ұғынбаппын. Үлкен қателік өтіпті менен. Сенің Бағланыңды мен өсіріп, тәрбиеледім ғой, оны өзің білесің. Биыл оныншыны бітірді. Ол осында. Қазір келеді. Зіңгіттей жігіт болды. Өзің соншама жылдан бері тұрмыс құрмапсың, обалыңа қалдым-ау, — деп шынымен-ақ өкініш білдірді. Оның алдында кешірілместей күнә жасағанына қатты налыды. Егер қабыл алсаң алдағы жұмада ауылға, үйге кел. Бағлан екеуміз күтеміз.
Мәнсия үнсіз келісім берді де жүзін төмен салып бұрылып кетті. Көңілі босап, ауруханаға қарай жүгіре жөнелді. Дәл осы сәтте оның Бағланымен, дүниедегі ең қымбатты жалғыз ұлымен табан астында кездесе қоярлық дәрмені жоқ еді. Ол үшін алып-ұшқан көңілін басып, іштей дайын болуы керек, әрине. Бағланы үшін бәріне де әзір. Барады ол ауылға!
Емтиханға әлі оншақты күн бар болған соң Бағланды ертіп, Күләйхан ауылға қайтты. Келе Серғазыны үйге шақырып алып, болған оқиғаны тегіс айтты. Осылай да осылай, сен де үйге кел, Мәнсиямен амандас, ол біздің қонағымыз болады деді.
Әпкесінің сөзін екі етпей өскен Серғазы Мәнсия келеді дегенді естігенде жүрегі бір сәт тулап кетті. Оны шынымен-ақ жақсы көреді ғой. Біраз жылдар ортаға түсіп кетті, қазір қандай екен, деген ой да қылаң берді. Араларында пәлендей ұрыс-керіс те болған жоқ. Тек әпкесі жақтырмаған соң Мәнсия шыдамай кетіп қалған. Оны Серғазы көпке дейін ұмыта алмай жүрді. Бірақ жасы келген жігіт қашанғы екі тізесін құшақтап отырсын, үш-төрт жыл өткен соң алыс бір ауданның Жәмилә деген қызына үйленді. Қазір одан төрт баласы бар.
Жәмилә Мәнсияға қарағанда өткір болды. Күләйханның анау-мынау мінезін қағып тастайтын. Бір-екі баладан соң үлкен үйде өздері қалып, Күләйханның өзін бөлініп шығуға мәжбүр етті. Сөйтіп, олар Бағлан екеуі ауылдың арғы шетінде тұрды.
Күләйхандар Мәнсияны үлкен құрметпен күтті. Мәнсия Бағланын көргенде тіпті шыдай алмады. Бойы серейген ұлын құшақтап, көпке дейін жібермей қойды. Қыр мұрыны, қасы мен көзінің қарасы өзінен аумайды. Серғазы да Мәнсияға аса бір ілтифатпен, жылылықпен қарай ма, қалай?
Ауыл үйдің өсегі жатсын ба, Мәнсияның келгенін, өзіне айтпай Серғазының да әпкесінің үйінде болғанын Жәмилә ертеңінде-ақ естіп білді. Алғашқыда бұлқан-талқан болып тулап алды. Тулағанда не істесін, Мәнсияны Бағланына келтірмеуге күші жете ме оның?
Күләйхан болса Мәнсияны жіберер емес. «Осы ауылға да дәрігер керек, әрі Бағланың бар, басың бос, бізбен бірге тұр», — деп қолқа салды. Бұл ұсынысқа Мәнсия да қарсы болмады. Өйткені қимас ұлы Бағлан бар ғой мұнда.
Серғазы да кейінгі кездері әпкесінің үйіне жиірек келетін болған. Кейде тіпті қонып қалатынды шығарды. Алғашқыдай емес, Жәмилә да сабасына түсіп, мойынсұнған. Мәнсиямен сәлемі түзу. Жиі болмаса да ара-тұра араласып қалып жүреді.
Енді Күләйхан кәдімгідей ойлана бастады. Екі келіні де тәуір сияқты. Әрі Серғазының алтын асықтай балаларын қимайды. Ал Бағланның орны тіпті бөлек. Оны Мәнсияға ілестіріп жіберуді көз алдына елестетудің өзі қиын. «Соңғы кезде жұрт екі әйел алу жөнінде заң шығарады екен деп жүр ғой, осы. Шіркін, сол шын ба екен? Халқымыз үшін бір тәуір заң болар еді, әрі талай жесірдің бағын ашар еді бәлкім» деп оңашада ойға кетеді. Бұл әрине, Күләйханның жеке ішкі ойы ғой. Ал Мәнсияның ауылға, ұлына қайтып барғаны, оны Күләйханның да, басқалардың да түсіністікпен қарсы алғаны шындық енді.

Саясат Бейісбай

(15)