«Математика білгірлері» сайысқа түсті

Жалпы білім беретін №2 Ж.Нәжімеденов атындағы орта мектеп базасында «Математика білгірлері» деп аталатын облыстық байқау болып өтті. Сайысқа облыстық мектептерден, қалалық, аудандық білім бөлімдерінен 9 топ 36 мұғалім қатысты.

Сайыстың мақсаты шығармашылықпен жұмыс жасайтын педагогтерді анықтау, қолдау және  марапаттау болды.  Сайыс шарты бойынша әрбір мұғалімге мамандығының қоғамдағы алатын орнын, кәсіби шеберлігін таныту, өзара бәсекелестікті қалыптастыру міндеттері қойылды.

Сайыстың аты айтып тұрғандай байқауға жалпы орта білім беретін мектептердің, мектеп-лицейлердің, мектеп-гимназиялардың математика пәні мұғалімдері қатысты.

Екі кезеңмен өткізілген байқауда мұғалімдер өздерін таныстырып, топтардың шеберлігі сыналып, жұмыс ерекшеліктері бағаланды.

Топ мүшелері әр айналымда жазбаша түрде үш есептен шығарды. Әрбір есеп мөр басылған арнайы бетте жазылып, қазылар алқасына тапсырылып отырылды. Бұл беттер топтарға әр айналым басталардың алдында үлестірілді. Сонымен қатар, топтарға есептердің мазмұндары жазылған парақтар ұсынылды. Бұл парақтардың әрқайсысында: айналымның нөмері, ұпайы, есептерді шығаруға берілген уақыты,тапсырманың екі саннан тұратын индексі және оның мазмұны көрсетілді.Топ мүшелері тапсырмалар жазылған парақтарды алған соң әр мөр басылған арнайы бетке өздерінің шартты белгілерін жазып, содан соң есептерді шығаруды бастап отырды.

Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды Қызылқоға ауданы  «Болашақ» тобы жеңіп алды.  II жүлделі орынға  Жылыой ауданының «Квадрат» және Махамбет ауданының «Ақ желкен» топтары көтерілді.  III жүлделі орынды Атырау қаласының «Шексіздік», Атырау облыстық мектептерінің «Виртуалы», Құрманғазы ауданының «Шамшырақ» топтары иеленді.  «Білімге құштар» номинациясымен Индер ауданының «Зерде» , Мақат ауданының «Пирамида», Исатай ауданының «Пирамида» топтары марапатталды.

                                                                                                           Светлана Муньянова

                                                                        

 

 

 

(8)