Мұхит асып келген қару-жарақ Украинаға не береді?

Вашингтон билігінің «мырзалығы» арқасында Украина қарулы күштері АҚШ-тың су жаңа ұшатын қарулар кешенін алатын болды. Луганск пен Донбассты жермен жексен етпей тынбауға бел буған украиндық содырлардың асыға күткен қаруы дәл осы-тын. Олар әлгі қарулар күшімен Донбасс пен Луганскіні қорғаушылардың өздерін қорғауға пайдаланып жүрген броньды соғыс техникаларының көзін құртамыз деген пікірде. Өз билігін сақтап қалу үшін қолданатын айла-тәсілдің бәрі жақсы дегенді басшылыққа алған ел президенті Петр Порошенко өзінің Facebook парақшасына: «Американдық қару-жарақ кешені шабуыл жасауға арналмаған, тек агрессорға табанды тойтарыс беріп, украиндық сарбаздар мен бейбіт халықты тиімді қорғауға арналған қару түрі. Бұл қару кешендері, сондай-ақ ресейлік агрессия вирусына қарсы жасалатын трансатлантикалық екпе де», — деп жазып, мәселені жаймашуақтатқысы келген сыңайлы.

Дереккөздердің мәлімдеуінше, АҚШ-тан Украинаға жалпы құны 47 миллион доллар тұратын 35 Javelin ұшатын қондырғылары мен 210 танкке қарсы қолданылатын зымырандар жіберілетін көрінеді. Қаржы көлемі аса қомақты, әрі бұл құр сыйға тартылған дүние емес, оның құнын қашан бір болмасын қайта төлеуге, өтеуге тура келеді. Украина жасақтарының қуанышының сырына келсек, оның өзіндік себебі бар. Мәселен, Донецк пен Луганскі қаласын қорғаған жасақтар мен Украинаның тұрақты қарулы күштері арасында қарулы қақтығыс басталған кезде, украиндық танкистер кәсіби шеберлік жағынан да, моральдық тұрғыдан да өздерінің дәрменсіздігін көрсеткен болатын. Соның салдарынан украиналық танк әскері адамдай да, техника жөнінен де зор шығынға ұшырап, масқара болған. Осыдан кейін «Ұялған тек тұрмас» дегендей, масқараға ұшыраған Порошенко билігі мұндай келеңсіздіктен «арбаны да сындырмай, өзін де өлтірмей» дін аман шығудың жолын іздеп, ақыры оны тапқан.
Сондағы тапқандары — АҚШ-тың осы броньды техникаларды қиратуға қауқарлы Javelin атты ұшатын қондырғылары болатын. Мұхит асып жететін әскери техниканың қандай ғажайыбы бар десек, Javelin ағылшынша «сүңгі» (дротик) деген мағынаны білдіреді екен. Бұл қолға ұстап алып жүретін танкке қарсы зымыран кешенінің үшінші ұрпағы болып табылады. Оның басқалардан ең басты ерекшелігі — нысананы үнемі қарауылда ұстап тұрудың қажетсіздігі. Әскерилерге тек нысананы тауып, оны қарауыл кешенінде бекітіп, деректерді әлгі сүңгінің өзі көздейтін оқтұмсығына жіберіп, зымыранды атса болғаны, қалғанын ол өзі тауып, діттеген нысананы жоқ қылады. Әскери мамандардың айтуынша, Javelin танкке жақындап ұшып келіп, траекторияны өздігінен өзгертіп, танктің ең осал жері — оның мұнарасына немесе дәл люгіне соққы беруге қабілетті екен. Былай қарағанда, одан құтылудың жолы жоқ сияқты. Шын мәнінде американдық құны қымбат «сүңгілердің» бәрі оның иелеріне қуаныш әкеле бермейді деседі. Сөйтсек, Javelin танкті түтіннен көре алмайды екен. Ал Донецк жасақтарының қолындағы егде тартып қалған Т-72 маркалы танктердің өзінде «Туча» атты түтінді қорғаныс жүйесі бар болып шықты. Javelin ұшатын зымыран кешенімен етене танысып үлгірген Ресей мамандарының айтуынша, оның артықшылықтарының бәрі аталған қарудың кереметтігін жаппай жарнамалау арқылы асыра көрсетудің нәтижесі сынды. Әскери сарапшылар атылған зымырандардың 30 пайызы нысанаға дөп тимесе, қайсыбірі ата салысымен жерге құлайтынын алға тартады. Әлгі «сүңгілерден» қорғану да соншалықты қиындық тудырмайтын көрінеді. Өйткені Донбасс жасақтарының қолындағы «Штора» атты қарсы әрекет етуші оптикалық-электрондық станция америкалық зымыранның өзі көздейтін жүйесін істен шығара алады екен. Javelin жүйесі үшін тіпті қою емес, селдір ғана түтіннің өзі үлкен тосқауыл болса керек. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі заманауи танктердің бәрі дерлік «Туча» атты түтінді қорғаныс кешенімен жабдықталған. Ондай кешендермен Донецк жасақтары пайдаланатын Т-72 иаркалы танктер де жабдықталған. Javelinді жасап шығарған американдық мамандар өздерінің кешені әлемде ең үздік, ондай қуатты қару Ресейде де жоқ деп жар салудан танар емес. Бұған орыс әскерилері: «Біздің танкке қарсы «Хризантема» атты кешеннен жау танкісін ешбір белсенді кедергілер де, салған түтіндер де сақтап қала алмайды», — деумен жауап береді. Американдық қару жүйесінің осалдығына мамандар оны басқарудың күрделілігі мен күтіп-баптаудың қиындығын жатқызады. Білікті мамандар мен саясаткерлер: «Әлгіндей компьютерлендірілген американдық «сүңгілерге» қазіргі күнгі білімі «тайыздау» украиндық сарбаздарды әсте жақындатуға болмайды. Себебі оқыс деген аяқ астында емес пе, олар шатысып, оқтұмсықты өзінің қаруластарына қарай атуы ғажап емес. Мұндай сценарийдің орын алуы әбден мүмкін, өйткені қазіргі күні ғаламторда жақын уақытта қандай да бір үшінші елде Америкадан алған Украинаның «Джавелина»-сы пайда болады деген қалжыңға сүйеген бәстер қабылдануда. Киев билігінің коррупцияға белшесінен батқанын ескерсек, мұндай нұсқаның орын алуын жоққа шығаруға әсте болмайды», — дейді. Бәлкім, сарапшылар сөзінің жаны бар шығар, кім білсін…

Дайындаған — Ермек Сахариев

(16)